БЕТІ ТҮЗЕЛМЕГЕН КӨШ | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Абұйыр, атақ сол жанда –
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
1996-2004 жылдар аралығында Ресейде білім алған қазақстандық 2 мың әскери қызметкердің оқуына 135,73 миллион доллар қаржы жұмсалған.

(Қаржы министрі Болат Жәмішовтың дерегі)

Айтқыш екен
- Мұрагеріңіз, ізбасарыңыз бар ма?
- Мұрагері-і-і-і-м-м-м... Ізбасарым жоқ. Ізіме түсетіндер көп-ау, бірақ...


Мемлекеттік маңызы ерекше мекеме басшысының мұңы

Загрузка

БЕТІ ТҮЗЕЛМЕГЕН КӨШ

Жәрдемші


Астанамыздағы кезінде елдігіміз бен ерлігіміздің символына айналған  айыр қалпақты атақты үш биге арналған ескерткішті тамашалап тұрғанымда қасыма қолтықтасқан қазақтың қыз бен жігіті келіп тоқтамасы бар ма? Обалы нешік, келісті билерге көп қарады. Танымады ма, әлде, жорта айтты ма жігітіне төтесінен «бұлар кімдер» дегені. Қыз сұрағына абдырап қалған азаматымыз «білмей тұрмын, ел қорғаған батырлар болар» деп құтылды...  Данагөй үш ақсақалдың кербез бейнесін суретке түсіріп, таңданысын «Круто!» сөзімен түйіндеген екі жас кете барды. Арттарында үлкен сауал арқалап мен қала бердім. Санасын құрт мүжіп, тарихтан мақұрым қалған жастарға таң қалдым. Арманнан бұлдыр, тәрбие атаулыдан тұлдыр қалған жастардың обалы кімде?! «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дейді екен дана қазақ. Алайда, тәрбиесіз өскен жас пен сәулесіз байдың ертеңгі қоғамға қажеті қанша...

«Адам ұрпағымен мың жасайды. Иә, деймін ішімнен. Расымен халқымыз мың жасады. Тарихи мақсат-мұратымыздың асылы – тәуелсіздік осының дәлелі емес пе? Қайда жүрсе де санасын соққылаған осы бір арман жолында дана халқымыз не істемеді, не көрмеді десеңізші!

Халықтың бәрі бірдей болмақ емес. Қазақтың асыл мұраты – «отың өшпесін!!!» Бір сәт тарихқа үңіліп көрейік: Жол жиегінде әлдеқандай қаскүнемнің сілтеген қанжарынан іші жарылып, жүкті әйел жатыр қанға боялып. Алайда, сол әйелдің ішіндегі баласы тірі қалыпты... Немесе, «Көке!!!» деп құлындаған үні естіліп жас бала құлдыққа сатылып барады, беймәлім елге. Иә, осының алдыңғысы атақты Әмір Темір болып келіпті тарихқа, соңғысы Аюбидтер елінде жүріп басын жоғалтпаған Мысыр сұлтаны Бейбарыс болып тарих бетіне еніпті. Қат-қат  тарихтан майыспаған ұлы дала белінде қайыспаған қазақтың ұлдары қалды тәрбиені бойына сіңіріп. «Желегім желбіреп қыз болып отырған жайым жоқ. Өмірім елімнің–  садағасы! »,- деп Тұмардай қыздары қалыпты.

 Рас, тәрбиенің тереңінен нәр алған ұл-қыздары қазақтың отын өшірмепті.

«Темір қазық жастанып, қу толағай бастанып» ( Махамбет) жеткен тәуелсізідігіміздің жалауын биік ете аламыз ба? Қазақтың көшін ертең кім бастамақ, бүгінгі жеткен жетістігіміз ертең кімге аманат? Ел ертеңін арқалайтын жастардың қылығы болса осындай халде. Тарихымызды танымайтын болыппыз. Ұяттымыз, бабалар кешірсін! Тарихты танымау –  рухани саңырау.

Қалай десекте, бүгінгі таңда тәрбиеден ақсап тұрмыз. Түксиген қоғамның қалың қабағы  бұл мәселеге келгенде әзір ашылар түрі жоқ. Көк сандыққа байланған көксау ұрпақтың мүшкіл халін түсіне алмай тұрғаны.

Мемлекет тірегінің бірегейі тәрбие, тәлім мәселесі екенін естен шығарып алыппыз, есеп қуып жүріп. Қазақ топырағында тусақ та орыстық саясат емшегін еміп келіппіз ғасырға жуық. Соның кесірі болар «ұқсатып тұратынымыз». Ұрпақ тәрбиесінің кемдігі басты ауруымызға айналып үлгерді. Бұл мәселенің дер кезінде емін таппасақ ертең кеш болатынын күнде естіп жүрміз. Алайда мемлекет тарапынан нақты шара жоқтың қасы. Зиялы қауымның жан-айқайы еш резонанс тудыра алмай отыр. Елімізде оншақты телеарналар жұмыс істейді. Бір өкініштісі, таралатын ақпараттардың 80 пайызға жуығы шетел өнімдері. Осының өзі ұлттық тәрбиеге кесірін тигізуші бірден-бір фактор.  Бала ұядан көргенін қылатынын бәріміз білеміз. Тәрбиенің басым бөлігі теледидар хабарлары арқылы қалыптасады.  «Адам адам болып та, ұлт болып та бала кезінен, сәби шағынан қалыптасады. Ал сәби шақтағы ең керегі – ана тілі, ана тіліндегі әдебиет, ана тіліндегі мультфилмдер. Осы үшеуі болмаса, ол баланы толыққанды ұлттық тәрбие алады деп айтуға бола ма?» дейді Қадыр Мырза Әлі ағамыз. «Болашағымызды ойласақ, елдігімізден ажырамайық десек, ана тілімізді ұрпақ бойына  сәби шағынан сіңіру жағын ойластырғанымыз абзал», – дейді ақын. Құлағы бар пендеге бұл да үлкен тәлім. Өзгеден тәлім алған ұрпақ санасы, дүниетанымы басқаша қалыптасып барады. Бұндай ұрпақтан енді Қазыбектің қазылығын сұрап, Абылайдың айбаты мен Абайдың ақылын іздеу ақымақтық болар бәлкім. Бұл жердегі басты қасірет тәрбиенің кемдігінде жатыр. Бұндай кемдікпен болашақты қуып жеткенше қазақы биологиялық бет әлпетіміз мутацияланып кетпей ме? Сол кезде өн бойымызды өкініш өртемейтініне кім кепіл.

Қыз Құртқаның Тайбурылдың бойындағы кемдігі барын айтып аяғына жығылғанын елемеген аңғал батырымыз Қараманды қуғанда қайырылып, бармағын   шайнамаушы ма еді.

Көш жүре түзелер деп күткен едік. Көштің беті түзелмей келеді... 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

АСТАНА


 


 

Мұрағат

Мамыр 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
0123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031123

Айлық статистика

<<  >>