АЗАМАТТЫҚ — ЕЛГЕ ЖАНАШЫР БОЛУДАН БАСТАЛАДЫ | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Абұйыр, атақ сол жанда –
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
1996-2004 жылдар аралығында Ресейде білім алған қазақстандық 2 мың әскери қызметкердің оқуына 135,73 миллион доллар қаржы жұмсалған.

(Қаржы министрі Болат Жәмішовтың дерегі)

Айтқыш екен
- Мұрагеріңіз, ізбасарыңыз бар ма?
- Мұрагері-і-і-і-м-м-м... Ізбасарым жоқ. Ізіме түсетіндер көп-ау, бірақ...


Мемлекеттік маңызы ерекше мекеме басшысының мұңы

Загрузка

АЗАМАТТЫҚ — ЕЛГЕ ЖАНАШЫР БОЛУДАН БАСТАЛАДЫ

Жәрдемші



ТІЛ: Бүгінгі таңда ұлтшылдық сөзі ұлтжандылық сөзімен алмас­тырылып қолданылады. Себебі орыс тілді ақпарат құралдарында «национализм» және «нацизм» ұғымдарын шатастыру бар. Бүгінде ұлтшыл сөзі жағымсыз ұғымдардың біріне айналды. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

Әрине, таза ғылыми семантикалық тұрғыдан алып қарағанда ұлтшылдық пен ұлтжандылық сөздерінің әрқайсысының өзіне тән мағыналық ерекшеліктерінің бар екені рас. Ұлтшыл деп әдетте өз ұлтын өзгелерден жоғары санаушыны, ал ұлтжанды деп өз ұлтына жанашыр жанды түсінеміз ғой. Бірақ қайсыбір азаматтар бұқаралық ақпарат құралдарында ана тіліміздің қазіргі ахуалы, халқымыздың ой-санасында болып жатқан рухани өзгерістер төңірегінде сөз алғанда өз пікірін өткірлей түсу үшін осы екі ұғымды әдейі бір-бірімен байланыстыра қолданып жататыны бар.

Жалпы, бұл пікірдің төркіні аға буын қаламгерлердің өкілі болған тамаша талант иесі Ғабиден Мұстафиннің сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында айтқан «бұған дейін біз ұлтшылдықпен күресіп келіп едік, енді ұлтсыздықпен күресуіміз керек» деген сөзінде жатыр деп ойлаймын. Әрине, ол жарықтық мұны күйінгеннен, кейінгі жастарымыздың ана тілімізден, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінен қол үзіп бара жатқанына жаны ауырғандықтан айтқаны анық.

Ал жалпы, әрбір жанның өз ұлтын сүюі — парыз. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, ұлтшыл болғанда тұрған ештеңе жоқ. Шамаң келсе, қабілет-дарының жетіп жатса, ақылыңмен, біліміңмен, өнеріңмен ұлтыңның абыройын асыр, мерейін тасыт, оны өзге жұрттарға таныт.

Мәселен, бүгінде дүние жүзі біздің елімізді көбіне-көп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі арқылы білетіні белгілі. Мұны шет елдерге жолы түсіп жүрген отандастарымыз жиі айтып келеді. Елбасымызды білуі арқылы сол жат жұрттықтар біздің елімізді, Қазақстан халқын бұрынғыдан көбірек тануға ұмтылады. Өз ұлтыңды, өз елің мен жеріңді сүюдің, оны әлемге танытудың бір үлгісі, міне, осы деп білемін.

Шүкір, сонау әл-Фараби бабамыздан бастап, кешегі Абай, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев пен бүгінгі Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова сияқты (бұл тізімді соза беруге болады, әрине) халқымызды дүние жүзіне танытқан, осыған үлкен еңбек сіңірген мақтан тұтар тұлғаларымыз баршылық.

Алайда өз ұлтыңды сүю оны өзгелерден артық қоюға ұласпауы тиіс. Өзге ұлттарды өз ұлтыңнан кем санауға мүлде жол беруге болмайды. Шыны керек, кейде қайсыбіреулердің: «Ой, біздің қазақ ондай халық, біздің қазақ мұндай халық! Біздің қазақ өте дарынды! Біздің қазақ өте батыр! Біздің халық өте шешен!», — деп күмпілдеңкірей сөйлейтінін көргенде іштей қынжылыңқырап тұрамын.

Адам бұлай мақтанбауы керек деп ойлаймын. Ұлттың рухы жалаң мақтанмен көтерілмейді. Адам да, ұлт та айнала төңірегіне тындырған ісімен, өркениетке қосқан үлесімен ғана танылады. Жақсы атың жақсы ісіңмен ғана шығады. Сөз емес, қашанда іс алда жүруі тиіс. Әрбір азаматтың азаматтығы еліне жанашырлығынан танылуы керек. Ондай адам өз елін өзі тонамайды, өз елінің азаматтарына қиянат жасамайды. Керісінше, өз елінің, өзінің туған халқының арқасында ғана азамат атанып жүргенін сезінеді.

Құдайға шүкір, қазақ халқы ешкімнен кем емес. Өзіндік бай тарихы, төлтума мәдениеті, тамаша өнері, ұлы тұлғалары бар халқымызды ешкімнен кем деп айтуға хұқымыз жоқ. Сонымен бірге ол өзгелерден артық та емес. Ақылды да, ақылсыз да, дарынды да, дарынсыз да, ұры да, қары да барлық ұлттарда бар. Өйткені, Алла адамдарды әртүрлі етіп жаратқан.

Демек, мақтансақ әлемдік бе­дел­­ді сыйлықтар мен жүлде­лер­ді алып жатқан ұлы тұлға­лары­мыз­­бен, шығармашылық ұлы же­­ті­стік­терімізбен мақтанайық. Онда да өзімізді өзіміз мақтап қоймай, бізді сол өзгелердің мақ­таға­ны­на не жетсін! Қысқасы, өз ұлтымызды сүйетіндігімізді, яғ­ни ұлтжандылығымызды жалаң ұранмен емес, өзіміздің нақты ісімізбен көрсетейік.

Әсіресе ұлттық намысымызды шыңдап отыруымыз өте қажет. Ұлттық намысы жоғары ұлт мынау жаһандасу жағдайында жоқ болып «жұтылып» кетпейді. Өзінің тілін, дінін, ділін, салт-санасын сақтап қалады. Ал бұл орайда біздің олқы тартып тұрған тұстарымыз аз емес. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылғанына қарамастан, мемлекеттік тіліміз әзірге өзінің лайықты тұғырына қонды дей алмаймыз. Заңдарымыз күні бүгінге дейін алдымен орыс тілінде әзірленетіні жасырын емес. Орталық басқару органдарының қызметінде әлі де болса орыс тілінің үлесі басым. Іс қағаздары негізінен орыс тілінде жүргізіледі, жиындарымыздың көбі — орыс тілінде өтеді. Себебі түрлі деңгейдегі шенеуніктеріміздің көпшілігі орыс тілділер. Ал халықтың жиі күні түсетін банк саласында іс қағаздарын жүргізуде мемлекеттік тіл мүлде қолданылмайды десек те болады. Санамалай берсек, осындай-осындай жанымыз ауыратын жайттар баршылық.

Тап бүгінгі таңда біздің елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қасақана көлденең тұрған ешкім жоқ. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сай болмай отырғанына билік те, өзге ұлт өкілдері де түсіністікпен қарайды. Елбасымыздың ұдайы қамқорлық танытып, тікелей қадағалап отыруының нәтижесінде соңғы жылдары Үкімет мемлекеттік тілдің дамуына қаражатты көп бөлуде. Сондықтан қазір мұндағы ең басты қиындық кешегі кеңестік кезеңде ондаған жылдар бойы қазақ тілінің тынысы тарылып қалғанында, енді одан арылудың оңайға соқпай, ұзаққа созылып кетуінде, одан да нақтылап айтар болсақ, ұлттық намысымыздың кемшіндігінде болып отыр.

Осы жуырда ғана үлкен ақын ағамыз Қадыр Мырза Әлі «Айқын» газетіне сұхбат берді. Сол әңгімесінде ол өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғына қарай Алматыда алғашқы қазақ мектебін ашқызбақ болған әрекеттерін еске алады. Сонда оларға қалалық оқу-ағарту бөлімінің Бимендин деген басшысы: «қайдағы қазақ класын айтып жүрсіңдер? Орысша оқу балаға нанын тауып жегенге жақсы. Ал қазақ класын аштық дейік, оған баратын бала қайда? Сенбесеңдер, бірінші қыркүйекте барып көріңдер», — деп ұрысқан екен. Сөйтсе, расында да сол күні сегіз-ақ бала жиналған!..

Бүгінде сол Алматыда 45 қазақ мектебі бар. Астанадағы қазақ мектептерінің саны 24-ке жетті. Осындай азды-көпті өзгерістер өзге де ірі қалаларға тән. Осының бәрі — үлкен ілгерілеушілік, әрине.

Бірақ, өкінішке қарай, еліміздің тәуелсіз атанғанына 20 жылға жақындаса да күні бүгінге дейін түрлі себептерді сылтау етіп, көбіміз балаларымыз бен немерелерімізді орыс мектептеріне беруге бейім тұрамыз. Бұған енді не деуге болады? Бәлкім, ұлтжандылықтың жетіспеуінің, ұлттық намысымыздың кемшіндігінің бір белгісі осы шығар. Бұл — ойланатын мәселе.

Әрине, неғұрлым көп тіл білгеніміз жақсы. Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл» дегенді өсиет еткен. Бірақ әркім ең алдымен өзінің ана тілін білуі тиіс. Біз — өз тіліміздің арқасында ғана қазақ деген ұлтпыз, Қазақстан деп аталатын мемлекеттің азаматымыз.

Қазір жаппай жаһандасу заманы. Дамыған ел болуды ойласақ, одан сырт қалудың мүмкін еместігін түсінуге тиіспіз. 2010 жылдың басынан Беларусьпен және Ресеймен бірге Кедендік одақтың шарттары жұмыс істей бастайды. Енді Еуроодақ елдеріндегі сияқты, бізде де бірте-бірте шекара шептері ашылып, жұмыс күштері мен тауарлар еркін айналымға түседі. Бірлескен кәсіпорындар салынады. Онда емін-еркін жұмыс істеу үшін тағы да орыс тілін білу қажеттігі алға шығатыны сөзсіз. Демек, мұндайда ана тіліңді сақтап қалуың үшін ұлтжандылығың мен ұлттық намысың жоғары деңгейде болуы шарт. Ал бұл ең алдымен ата-аналарға, өз баласына ана тілін міндетті түрде үйретуіне байланысты. Ол үшін біздің елімізде тап қазір барлық жағдай бар деуге болады.

Оның үстіне, бізде: «Айтқан жұрт сандалып айта берсін, бірақ ана тілін білмегенімен, орыс және ағылшын тілдерін жақсы білсе, баламның жағдайы жақсы болады. Бастысы осы емес пе!», — дейтін бір тоғышарлық көңіл ауаны бар екенін білемін. Ал шын мәнінде ана тілімізді жоғалту мәселенің тек бергі жағы ғана дер едім. Өйткені ана тілінен ауызданбай, тек орыс тілі мен басқа тілдерде білім алған баланың ділі де (менталитеті) өзгереді. Мойындайық, мойындамайық, бірақ ащы ақиқаты осы: тек бөтен тілде тілі шығып, тек бөтен тілде білім алған бала — ол көп жағдайда бөтен бала. Ондай бала өз ұлтының мұң-мұқтажын, салт-дәстүрін, арман-мұңын толық түсініп, сезіне алмайды. Өмірде ол жақсы маман, ірі қайраткер болатын да шығар, тіпті, «ақшаны мол табатын машинаға» да айналар, бірақ толық мәнінде өз ұлтының ұлы бола қоюы некен-саяқ. Орыс дәстүрінің ырқымен әке-шешесіне «сен» деп сөйлесуден басталатын діл өзгешелігі кейіннен біртіндеп ұлғая түспесе, кеми қоюуы екіталай. Бұған мысалдарды алыс­тан іздеудің қажеті жоқ. Қалтасын қаржыға толтырып алған соң, шетел асып кетіп жатқандардың кімдер екенін есімізге түсірсек те, көп жайтқа қанығамыз. Әрине, өмірде ана тілімізді жетік білу де әрдайым азаматтың өз ұлтының шын жанашыры болуына кепілдік бермейтінін де көріп жүрміз.

Бірақ қалай дегенмен де біздің ұлтжандылығымыз тіл мәселесін саяси саудаға салып, қажетті-қажетсіз ашық хаттар немесе аштық жариялап, митингілер өткізуден емес, халыққа мемлекеттік тілдің қажеттілігін ерінбей-жалықпай түсіндіруден, өз балаларымыз бен немерелерімізді қазақ тіліне баулу арқылы соларға нақты үлгі көрсетуден танылғаны жөн.

Елбасымыз ұдайы айтып жүр­гендей, тіл мәселесін саясат­тан­дыруға болмайды. Өйт­кені тілді күштеп таңамыз деп жүріп елдігіміздің шырқын бұзып алсақ, айналамызда түзеушіден бұзушы көп мынау заманда жағдайды қа­лыпқа түсіру қиынға соғуы әбден мүмкін. Қазіргі басты мақсат — тәуелсіздігімізді сақтап қалу. Заманымыздың үлкен ойшылы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтар болсақ, «Тәуелсіздік — біздің ұлтымызға да, ұлттық зиялы қауымға да әрі сын, әрі сый. Әуелі үлкен сыннан абыроймен өте алсақ қана үлкен сыйға ие бола аламыз. Өйткені тәуелсіздігіміз баянды болмай, бағымыз ашылмайды».

Ұлтшылдық пен ұлтжандылық туралы менің қысқаша пайымдауым осы. Әрине, бұл тақырып төңірегінде көп әңгіме айтуға болады.

ТІЛ: Қазақстанда рушылдық сана ұлттық санадан жоғары. Мысалы, «мен дулатпын», «мен найманмын», «мен адаймын» деген кезде көпшілігіміздің бойымызда тебіреніс пайда болып, кеудеміз көтеріліп қалады. Бір қазақ жетістікке жетсе, оның ұлтынан бұрын руы алда жүреді. Осы туралы не айтар едіңіз?

Маған сіздің бұл пікіріңіз тым біржақтылау айтылған ой сияқты әсер қалдырып отыр. Ал сіз айтып отырған жай рас болса, бұл, әрине, мақтанарлық жағдай емес.

Басты мәселе мынада ғой деп ойлаймын. Дүние жүзінің барлық өркениетті мемлекеттерінің халықтары да бір кезде рулар мен тайпалардан құралған. Бірақ олар бүгінде өзінің қай ру, қай тайпадан шыққанын кез келген жерде көлденеңдетіп алға тарта бермейді. Қай ұлттың өкілі екендігіне қарамастан, өздерін негізінен бір мемлекеттің халқымыз, сол елдің азаматымыз деп санайды әрі өздерін солай сезінеді.

Демек, мұның өзі олардың сіз сөз етіп отырған рулық сана кезеңінен өтіп кеткенін айғақтайды. Ал біз әлі күнге өзіміздің қай рудан екенімізді алға тарта берсек, өкінішке қарай, бұл біздің ұлттық ой-санамыздың қазіргі деңгейін де көрсетеді...

Әрине, өз руыңды білгенде тұрған ештеңе жоқ. Оны білуге тиістіміз де. Әсіресе жақын туыс­тар арасында қан араласуына жол бермейтін біздің қазақ үшін мұның гендік тазалық тұрғысынан пайдасы бары да рас. Бірақ, руыңның төркінін танудағы сол сауаттылық қолында билігі бар қайсыбір азаматтар үшін тек өз руластарының өкілдеріне артықшылық беруге немесе қоғам игілігін пайдалануда өз қандастарына бүйрегі бұрушылыққа ұласып жатса, бұл түптің түбінде тұтас халықты қасіретке ұрындырмай қоймайды. Алыс-жақын елдердің тарихында мұның да нақты мысалдары толып жатыр.

Кешегі кеңестік өкімет тарап, шаруашылық байланыстар үзіліп, жұмыссыздық барынша асқынған тұста біздің елімізде рушылдықтың белең алуы орын алса, алған да шығар. Өйткені жұмыс орындары аз кезде бір рудың өкілі жоғары лауазымды қызметке қол іліктірсе, өзгелері соны арқа тұтып, жақын-жұрағатын соған тықпалауға ұмтылуы әбден мүмкін ғой. Ал елімізде экономика жоғары қарқынмен жұмыс істеп, жұмыс қолдары жетіспей жатса, ұжым жетекшісі қол астында қай ұлттың немесе қай рудың өкілдері еңбек етіп жатқанына соншалықты мән бере қояды дегенге өз басым күмәнмен қараймын.

Оның үстіне, нарықтың қатаң талабы туыстарыңның қас-қабағына қарап отыруға мұрша да бермейді. Руласыңның немесе туысыңның қолынан іс келмесе, өзің-ақ амалсыздан өзге ұлт пен өзге рудың өкілдерінен білікті маманды жұмысқа қабылдауға мәжбүр боласың. Онсыз кәсіпорның қатаң өндірістік бәсекеге шыдас бермей, түптің түбінде банкротқа ұшырайды. Соның салдарынан өзің де жұмыссыз қаласың. Демек, сіз сөз етіп отырған «рушылдықты» да уақытша құбылыс деп есептеймін. Бұған дейін «қаржы пирамидаларының» кезеңінен де, «жекешелендірудің талан-таражынан» да, шектен шыққан инфляция дәуірінен де, «үлескерліктің дау-дамайынан» да өттік немесе өтіп жатырмыз ғой. Демек, «рушылдықтың ауруынан» да өтерміз деп ойлаймын.

Жақында ғана дүниеден өткен тамаша этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек көп жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде артына «Қазақтың ауызша тарихы» атты қомақты әрі тамаша еңбек қалдырып кетті. Сонда ол қазақтың тарихын рулардың шежіресін ескермей жазу қаншалықты мүмкін емес болса, оны тек соған сүйеніп қана жазу да дұрыс болмас еді деген тұжырым жасайды. Өйткені ең көне рулардың шежірелеріміздің өзі небәрі 22-24 ұрпаққа созылып барып, әрі қарай аңыздарға ұласып кетеді екен.

Бір ғасырда төрт ұрпақ өмірге келеді деп есептесек, аталған мерзім небәрі алты ғасырдың ғана шеңберін құрайды. Сонда не, қазақтың арғы тарихын осы алты ғасырмен ғана шектеуіміз керек пе?..

Сондай-ақ ғалымның қазақтың үш жүзінің тарихы туралы логикалық тұжырымы да иландырады. Бұл аумақтық құрылымды біздің дана бабаларымыз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекеттігіміздің іргесі берік болуы үшін әріден ойластырған деуге болады. Өйткені, біздің байтақ даламызды осылай басқару оңтайлы еді. Әрі үштік құрылым ошақтың үш бұты сияқты, ең алдымен берік тұрақтылықтың тірегі болатынын ескерген.

Сондықтан жер арасы қашық болса да қазақтар апталап алыс жол жүріп, бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, бір-бірлеріне қонаққа барысып, ел басына күн туған шақтарда бір-біріне көмек қолдарын созып отырған. Сол арқылы байтақ қазақ даласы бір тілде сөйлеген.

Жер жағдайына байланысты әр жүздің азаматтарының шаруашылық кәсібінде, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтында ептеген өзгешеліктер бар болса, бар да шығар, бірақ бір жүздің екінші бір жүздің өкілдерінен артықтығы немесе кемдігі жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес. Осы орайда айтылатын кейбір артық ауыз әңгімелер кейінгі «көзі ашық оқымыстыларымыздың» ойлап тапқаны болса керек. Демек, мұнда «көкірегіміз көтеріліп қалатындай» дәнеңе де жоқ. Ең абзалы бұл іске ұлы Абайымыз айтқандай, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп қарауымыз керек.

ТІЛ: Орыс тілінде әдемі естілетін қысқартылған сөздердің қазақ тіліне аударылған кезде құлаққа жағымды естілмейтінін байқаймыз. Ал қысқартылған сөздердің ішінде келістісі КСК-ның (Коопереатив собственников квартир) ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) екенін ешкім білмегендіктен қолданбайды. Әрине, ЕҚЫҰ-ға қарағанда ОБСЕ деген әлдеқайда жағымдырақ. Осындай сөздерді қазақ тіліне ыңғайластыра қысқартуға бола ма?

Өзім тіл саласының маманы болмағандықтан, менің бұл жөнінде кесімді пікір айтуым қиын шығар. Бірақ өмірде сіз айтып отырған проблеманың бар екені рас. Шынында да ООН, ОБСЕ, ШОС сияқты халықаралық ұйымдардың аббревиатуралары орыс тілінде әуезді естіледі де, біздің қазақ тілінде солардың бәрі бірдей сәтті шыға бермейді. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ дегенде қайсыбір дыбыстары «жұтылып» қалып жатады. Сондықтан ауызекі айтылған кезде оларды тыңдаушылар бірден түсіне қоймауы мүмкін. Осындай себеппен бе қайдам, кешегі кеңестік кезеңде мұндай аббревиатуралар КПСС, ООН, НАТО, СЕНТО, СЕАТО деп, негізінен орыс тілінде алынып жүрді. Еліміз тәуелсіз аталған кезеңнен бастап көп атауларды ана тілімізде бере бастадық. Жаңылыспасам, НАТО-ны қазірге дейін сол орыс тілінде алып жүрміз-ау деймін. Демек, бұл тұста ойланатын мәселелер бар.

Бұл орайда айтарым: қалай дегенмен де өзіміздің мемлекеттік тіліміз болған соң, аббревиатуралардың өз тілімізде алынғаны жөн деп есептеймін. Уақыт өте келе, жиі қайталана келе, бәлкім, сол аббревиатураларға тіліміз төселіп кететін шығар. Бірақ, сонымен бірге, біз осы орайда көбіне-көп өзіміз жақсырақ білетін орыс тілінің ырқымен кетіп қалатын сияқтымыз. Ал орыс тілімен қатар ағылшын тілін де жетік білетін мамандарды қатыстырып, синонимдерді салыстыра отырып ақылдасса, сол халықаралық аббревиатуралардың ана тілімізге қазіргіден икемдірек нұсқасын табуға болар ма еді деген де ой келеді. Бұл мәселені төңіректегі көршілеріміз қалай шешті екен, соған да зер салған жөн. Қысқасы, терминологиялық комиссия білікті мамандарды шақырып, осы төңіректе ақылдасып көрсе, артықтық етпейтін шығар. Қалай дегенмен де бұл төңіректегі кесімді пікірді солардың айтқаны жөн болар.

ТІЛ: Бізде «ұлы» деген сөзді орынды-орынсыз қолданып жатады. Түріктер Қытай қорғанын ұлы деп айтпайды. Оның астарын да түсінуге болады. Сол сияқты тарихта жиі қолданылатын Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысының мағынасы бір болғанымен, ұғымы әртүрлі. Бұл туралы Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.

Бұл пікіріңізге қосыламын. Әрине, қашан да, қай сөздің де орынды қолданылуына жауап­тылықпен қарап дағдылан­ғанымыз жөн. Әсіресе «ұлы» деген сөзге. Бұл өзі біреудің бұй­рығымен немесе жарлығымен берілетін атақ немесе теңеу емес. Халық бұл теңеуді шын мәнінде негізінен өзінің лайықты перзенттеріне қатысты айтып жатады.

Өмірде осы ұлы деген сөз жарасатын да, жараспайтын да адамдар болады. Кешегі кеңестік қоғам тұсында «ұлы» деген билеуші жалғыз партияның жетекшілеріне қатысты жиі айтылып жататын. Бірақ кеңес өкіметі тараған соң, соларға қатысты «ұлы» деген теңеу де тез ұмытылды. Демек, сол теңеудің баяны болмағаны ғой. Бұл орынсыз таңылған теңеу мен атақтың қалай оңай келсе, солай оңай кететінін көрсететеді.

Осыған кері мысалдарды да айтайын. Кешегі кеңестік кезең тұсында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды талай-талай арыстарымыз «халық жаулары» деп танылып, есімдері аталмай, шығармашылық мұраларының насихатталуына тыйым салынып келді. Бірақ халық солардың есімдерін бәрібір ұмытпай, жүрек түкпірінде сақтап жүрді. Кеңестік идеологияның заманы өтісімен сол тұлғалар бәрібір халқымызбен қайта қауышты.

Бағзы замандардағы көптеген хандарымыз, батырларымыз бен билеріміз жөнінде де осыны айтуға болады. Демек, халық өзінің шын ұлы перзенттерінің есімдерін ешқашан ұмытпайды екен. Арада қаншама уақыт өтсе де бәрібір тарихтың қойнауынан аршып алып жатады. Тек сол халқыңа сіңірген еңбегім болсын деңіз! Жалпы, ұлы деген атаудың әділ бағасын уақыт қана бере алса керек. Қолдан жасалған қолпаш алысқа апармайды.

Ал Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысы жөнінде айтар болсақ, мұның да ара жігін білгеніміз жөн. 1939 жылы 1 қыркүйекте фашистік Германияның Польшаға шабуылынан басталып, кейіннен әлемнің ондаған мемлекеттерін шарпып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапонияның капитуляциясымен аяқталған сұрапылдың Екінші дүниежүзілік соғыс аталуы орынды. Ал 1945 жылдың 22 маусымында сол фашистік Германияның Кеңес Одағына басып кіруі, ортақ еліміз болып одан қорғануымыз — Ұлы Отан соғысы екені анық.

Себебі сол соғыста құрамында қазақстандықтар да бар Кеңес Одағының халқы фашизмнен өзінің ортақ Отанын шын мәнінде жандарын қия отырып, асқан ерлікпен қорғады. Сол кездегі кеңестік идеологияның ықпалдылығы болар, халықтың жүрегінде патриоттық сезімнің күштілігі де шығар, мыңдаған қазақстандық боздақтар жастарын ұлғайтып көрсетіп, өздері сұранып майданға аттанып, ұрыс даласында ерлікпен шайқасып, көздерін жұмғанын білеміз. Олар өз Отанымызды қорғап жүрміз деп шайқасты, сол сезіммен өмірден өтті. Енді сол әруақтардың кіршіксіз сезімдерін аяқасты етіп, «1941 -1945 жылдардағы зобалаң қазақтар үшін ұлы Отан соғысы емес еді, біздің қазақтар үшін Ұлы Отан соғысы деп бірнеше ғасырға созылған жоңғар-қазақ соғысын айтуымыз керек» деген сынды сыпсыңды өз басым құптай қоймаймын.

Биыл бүкіл Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде атап өтілгелі отырған Ұлы Жеңістің 65 жылдығы әкелеріміздің қанымен келген ұлы мереке екені сөзсіз. Әрбірден кейін әкелеріміз бен ағаларымыз сол ұлы Жеңіске қол жеткізгеннен кейін ғана біз бүгінде тәуелсіз ел атанып отырған шығармыз, мұны да ұмытпайық.

Әрине, жоңғарлармен бірнеше ғасыр айқасып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүріп ұрыс салған, соның нәтижесінде бізге осыншама жерді, осыншама байлықты мұра етіп қалдырған бабаларымыздың еңбегі де жойқын ерлік екендігіне күмән жоқ. Оны да жан-жақты зерттеп, зерделеп, халыққа жеткізіп, ескерткіштер орнатып, жан-жақты құрметімізді көрсетіп жатсақ, бүгінде қолымызды ешкім қақпайды. Солай етуге тиістіміз де. Бірақ, әрине, ақын Олжас Сүлейменовтің сөзімен айтар болсақ, «Даламызды биіктетеміз деп тауларды аласартудың» тіпті де жөні жоқ. Мен бұл мәселеге осылай қараймын.

Тіл: Рахмет!

"ТІЛ ЖУРНАЛЫ " #1 (18) қаңтар | 2010


 


 

Мұрағат

Мамыр 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
0123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031123

Айлық статистика

<<  >>