Барына бата қылып, сөмке көтеріп, тәшке итеріп нан тапқандардың өз тағдырын тануға талпынысы мен мұршасы жоқ. Дәрменсіздігіне мінезсіздігі қосылып, ішінара тістеніп қоятын қалыбынан да айрылатын түрі бар.Көздері көргенін құлағы естімейтін дімкес күйде. Бауын байласа ауы жыртылып, ауын жамаса бауы үзілген ығыр тірлікке еті үйренген. Олардың ауыз берген құдай азығын да берер деп, кең тұсау жайбарақаттылығы көмекейлі пенделерге қолайлы болуда.
- Қазір еліміз төрт аяғын тең басты деп жатырмыз. Жуан аяқтылар салмағы мен тепкісінен сескенгендер бұқпа тіршілікке көшті. Осы қалай Серкелеріміз ешкімнің бетін тырнап, көзін шұқығысы келмейді. Былқылдаған майлы қарындарды майпаздап сипау тиімдірек. Оларға оғаш сөз айтудан қыстығып, айтарын жұтып қояды. Ұлыққа ұлтандыққа жарап, жүандарға жұғысты болғанына мәз болып жүргендер де бар. Естиярларымыздың біразы ұрлық малдың етін қазанына салғандай дымдары ішінде. Басқаларымыз да желкемен дем алғандай сыңай танытып, әділдік айтып, теңдік сұрайтындай кемелдікке жету былай тұрсын, "бақырауық байбаламнан да" қалып барамыз. Адамдардың қайраткерлік деңгейін қабілетіне қарай өлшеп, баға беру халық еншісінде емес. Сондықтан болар, билікке періште болып кіргендер оп-оңай күнәһар пенделерге айналып жатқаны. Қауырсынның әдемісі құйрыққа бітеді демекші, "келбеттілеріміздің" келбеті келіскенмен, бет жағы басқаша болып барады. Сайлаумен емес, таңдаумен атқа қонғандар иелерінің іріні турап, ұсақты жамайтын салтына лайықты жемқорлықтың қозғаушы күштері қатарынан табылып жатыр.
- Адамдардың әділдікті қалауы - табиғи тілек. Барлық жағдайда да барлық адамды теңестіру үлгісі мен ереже жоқ. Әділеттілік дегеніміздің өзі - теңсіздікті тану амалы. Теңсіздік тану дегеніміз - әр адамның өз деңгейін өзі тануы, өз мүмкіндігін түсінуі. Өз мүмкіндігін білмей,білігі мен қабілетіне сай емес қызмет атқаруы теңсіздікке апаратын тура жол.Жазушы Марк Твеннің "Жұмақтағы өмір туралы аңыз" деген әңгімесінде: "жұмақта періштелер де, әулиелер де, пір тұтарлық ғұлама көсемдер де жоқ.Жұмақтың жер бетіндегі тіршіліктен бір айырмашылығы - ондаәркім өз қабілетіне сай імпен айналысады.Жер бетінде ешбір жан білмейтін етікші жұмақта әйгілі қолбасшы, ал тірісінде қабілетсіз генерал дұпыны ғана писарь, дарынсыз жазушы металл жонатын токарь, ұстаздыққа кездейсоқ келіп, өмір бойы шәкірттерін азапқа салған адам тамаша есепші болып шыққан екен". Бұдан жер бетіндегі әділетсіздіктің түп тамыры - әркімнің өз мүмкіндігіне сай қолынан келетін іспен айналыспауынан шығады деген қорытынды шығады. Қабілеттілер мен талантты адамдардың өз орнын таппай аяқ асты болуы дамудың тежеушісіне айналып отыр. Білікті азаматтарды сүйеп, қабілеттілерді қолдап, таланттардың жолын ашу, адал іскерлерге артықшылық жасау аса қажеттілікке айналып отыр. Жұртына деген жанашырлық сезімді босағада қалдырып, бәрі де сатылатын төрде ақша шашумен әділет орнықпайды. Шүберекке бола шүршітке сатылуға бейімделгендер үшін аталы сөзден - бөз қымбат, ар-ұяттан құлқын қымбат болып барады. Ондайлардың бұл қылығына қарсы өжеттік көрсету - өштесу, белсенді күреске шығу - безбүйректілік деп түсінуден арылғанымыз дұрыс. Жамбасымызға алтын басып жатқандай қамсыз жүрсек жағдай қаз тұрмайды. Ұлы даланың қасиет-қадірін жалбағай санамен сапасын жасытпай, бір сәт ұйқылы-ояу қалпымыздан арылып, аларынан айрылса да, айтарын жібермеген қазақилығымызға тартқанымыз жөн болар еді.


