Алатау ауданы – үміттер ақталды ма? | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Алатау ауданы – үміттер ақталды ма?

Жәрдемші


ФОТО:  Болашақтағы Алатау ауданы

Алатау ауданының құрылғанына биыл екі жыл толады. Ауданды құрудағы басты мақсат - қала төңірегіндегі көптеп бой көтерген шағын аудандардың инфрақұрылымын көтеру, күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу, заңсыз жер басып алуды тоқтату болатын. Ең бастысы ауданды құра отырып билік «Шаңырақ оқиғасының» қайталануының алдын алды. Екі жылда қыруар шаруа тындырылды. Алайда, шешімін әлі таппаған мәселелер одан да көп. Ауданның болашағы қандай? Не өзгерді? Не өзгереді? Билік қазаққа жаны ашыса алдымен Алатау ауданына қамқорлық көрсетіп, осы ауданды көтеруге тиіс. Өйткені, Алматының ең үлкен аудандарының бірі саналатын Алатау тұрғындары (тіркелген азаматтар саны 180 мыңнан асады) негізінен қазақтар. Кешегі ауылдың қазағы. Сіз бен біз. Демек, ауданның жай-күйі бәрімізді де толғандырары сөзсіз. Ал осы сан сауалға жауапты интернет-конференцияның бүгінгі қонағы Алатау ауданының әкімі Бағдат Сайланбайұлы Мәнізоров мырза береді.

Сұрақтарыңызды төменге жазып қалдырыңыздар немесе порталдың электронды поштасына жолдаңыздар - abai-akparat@mail.ru.

 

___________________________________________________________

 

1. Саламатсыз ба, Бәке! Ауданның екі жылдық мерейтойы құтты болсын! Бізге сіздің апта сайын халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдайтын әдетіңіз ұнайды. Бұл сіздің жұмыс стиліңіз бе, әлде жоғары жақтың тапсырмасы бойынша солай істейсіз бе? Екінші сұрағым - ауданды көркейтуге байланысты өзіңіздің нақты жоспарыңыз бар ма? Сол мақсатыңызға жеткенше басқа қызметке ауысып кетпейсіз бе?

Жауап: Ең алдымен, «Абай.кз» порталының оқырмандарына рахметімді айтамын. Шынында да, Алатау ауданында Сіз бен біздер бірлесіп шешетін мәселелер жеткілікті. Сол өзекті мәселелерді қозғап, сіздердің пікірлеріңізді білу мен үшін өте маңызды. Алатау ауданының 2 жылдық мерей тойы 3 шілде күні аталып өтіледі. «Сақ қорғандары» мұражай-қорығының аумағында өтетін бұл мереке барысында киіз үйлер тігіліп, аламан бәйге болып, халқымыздың салт-дәтүріне сай іс-шаралар атқарылады. Және бұл шара Астана қаласының туған күніне орайластырылып отыр. Барлықтарыңызды тойға шақырамын.
Ал, мен халықпен әр аптаның сейсенбі күндері сағат 10-нна бастап жауапты қызметкерлермен бірге кездесіп тұруды әдетке айналдырғам. Себебі, аудандағы қордаланған мәселелерді тұрғындардың пікірін елеп-екшемей жүзеге асыру қиын іс. Әрине, әр адамның жұмыс стилі әртүрлі. Бұл менің өз жұмыс стилім деп айтуға әбден болады. Ал ауданды көріктендіру жұмыстары қаламыздың Бас жоспарына сай жүргізіледі. Менің міндетім жұмысты ұйымдастыру. Алатау ауданының өзге аудандарға қарағанда көп ерекшеліктері бар екені ескеріле отырылып, тұрақты түрде жоспарлар жасалады. Мен мүмкіндігімше әр атқарылған шаруаның нәтижесін тікелей бақылап отыруға тырысамын. Ал қызмет ауыстыру мәселесіне келер болсақ, мен мемлекеттік қызметкермін. Мемлекет қандай міндет жүктесе соны атқарамын. Ең бастысы қызметіме адал болу.

2. Бағдат мырза, Абай.кз сайтының интерент-конферециясына шығып жалпы көппен тілдесуге тәуекел еткеніңізге риза болып отырмын. Негізі, мемлекеттік қызметкер өз ісін жетік білетін болса, қандай сұрақтан болса да бас тарпайды. Бой тасаламайды. Шамасы Сіз де өз ісіңізге нық сенімді болсаңыз керек. Жақсы сұхбат болсын. Соған тілектеспін.
Рахымберді.

Жауап: Рахмет!

 

3. Сіз басқарып отырған Алтау ауданын Алматының байырғы тұрғындары "қазақ геттосы" деп атайды. Алатау ауданынына баруға қорқады. Расында, аталған ауданда мәдени орталықтар жоқ. Ірі сауда үйін салуға да кәсіпкерлер тәуекел ете алмайтын сияқты. Бұның себебін қалай түсіндіресіз?

Жауап: 90-жылдары тек Алатау ауданы ғана емес, қаланың көптеген аудандарында қылмыс өршіп тұрды. Бұл экономикалық қиындықтарға тікелей қатысты еді. Құқық қорғау қызметкерлері жетіспейтін. Қазір жағдай мүлдем өзгерді. Аудан халқының барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Тіпті қаланың ең ауыр, ең қиын жұмыстарын біздің ауданның тұрғындары атқаратыны жасырын емес. Күнкөрісі бар адам қылмысқа бармайды. Оның үстіне қазір ауданда барлық құқық қорғандары құрылып, өз қызметтерін жүйелі жүргізіп жатыр. Сондықтан Сіздің пікіріңізбен мүлдем келіспеймін! Ал мәдени орталықтарды салу бір күннің шаруасы емес. Нақты жоспарларамыз бар. Әзірше жоғарыда айтқан «Сақ қорғандары» мұражай-қорығын көріктендіріп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жер көптеген туристердің қызығушылығын тудырары сөзсіз. Шынында да қазір ауданымызда ірі сауда орталықтары көп емес. Дегенмен, «Арзан» және «Домиллион» секілді сауда үйлері мен барахолка базарының жартысынан астамы біздің ауданымызға қарайтынын білгеніңіз дұрыс. Болашақта қала «Саялы» ықшам ауданына қарай өсетінін ескерсек, инветорлар да көп күттірмей келе бастайтынына сенемін.

4. Шынын айтқанда "шаңырақтықтар" яғни Алатау ауданының тұрғындары билікке әлі сенбейді. Шаңырақ оқиғасының орын алуына билік өзі себеп болғаны үшін. Ал биліктің де шаңырақтықтарға сенім артып отырғаны көрінбейді. Сіз осы екеуінің, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір бола алдыңыз ба? Сіздің негізгі миссияңыз сол ғой. Осы қалай жүзеге асуда?

Жауап: Жауап: Мен өз ісіне адал адамдарды жоғары бағалаймын. Біз мемлекет жүктеген міндет пен халықтың талап-тілегін үйлестіре отырып жұмыс істейміз. Сіздің алтын көпір деп меңзеп отырғаныңыз осы болса керек. Ал Шаңырақ оқиғасын билік тудырды дегенге келіспеймін. Ол күрделі әлеуметтік мәселе болатын. Бүгінгі таңда ол мәселе түбегейлі шешілді.

 

5. Ассалаумағалейкум, Биылғы қыста Алатау ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында орын алған оқиғалар туралы "Общественная позиция" (Дат жобасы) газетінде егжей-тегжейлі жазылған еді. Ол кезде жергілікті билік окілдері соттың шешімінсіз біпнеше үйді әй-шәйға қарамастан бұзып тастаған еді. Істің анық-қанығын тексеруге келген журналистерді Сіздің әкімшілік қызметкерлері маңына жуытпай қойғаны да айтылған. Егер істері ақ болса, неге кіргізіп, мән-жайды түсіндірмейді. Осыған байланысты не айтасыз? Ал газеттегі соған байланысты мақаланың қолдарыңызға тигеніне еш күмәніміз жоқ.

Жауап: Бұл арада тұрғындардың наразылығы орынсыз болғанын айтқым келеді. Аудан құрылғаннан бастап заңсыз жер басып алумен күрестің нақты жоспарлары жасалды. Яғни, барлық ықшам аудандар жіті бақыланып, заңсыз құрылыс салуға жол берілген жоқ. Соған қарамастан Ақбұлақ ықшам ауданында алаяқтардың шырмауына түскен біраз азамат заңсыз құрылыс салып жатқанын аудан аумағында заңсыз жер басып алушылықтың алдын алу мақсататында құрылған жедел топ дер кезінде анықтап, алдын алған болатын.
Бүгінгі таңда өз бетімен жер иемдену әрекеттеріне толық тосқауыл қойылды.

 

6. Егер болашақта қазақ халқының батыры Тоқтар аға Әубәкіров сіздің ауданның тұрғындарымен кездесуге баратын болса, оған сіз қалай қарайсыз?

Жауап: Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының мақтанышына айналған тұлға. Ол кісінің ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі. Тоқтар ағаларындай ғарышқа ұшуды армандайтын қара домалақтар аз емес. Ендеше ол кісі біздің ауданға келемін десе неге қарсы болуымыз керек. Керісінше, ғарышкер ағамыздың аудан мектептеріне келіп, болашақ ұрпаққа патриоттық тәлім беруін қалар едік.

 

7. "Бай бесіктің" ат төбеліндей бес үйінің мәселесі әлі шешілмепті ғой. Сіз бір сөзіңізде бұған нүкте қоямын деп едіңіз? Әлде, көп нүкте қойғансыз ба?

Жауап: «Байбесік» ықшам ауданындағы жерлері заңдастырылмаған азаматтардың мәселелері шешілді деп айтуға болады. Аталмыш жер телімдері бойынша құжаттар тиісті мекемелерге жіберіліп рәсімделу үстінде. Енді күту керек. Құжаттар көп, әркімнің өз кезегі бар. Ал жекелеген азаматтардың мәселелерін өзге ықшам аудандардан жер телімін беру арқылы шешеміз.

 

8. Құрметті Бағдат Сайланбайұлы! Сізге мыңда бір алғыс айтамын! Көп жылдар бойы ала алмаған жерімнің заңды құжатын алдым. Кезінде осы жерді сатып алған болатынмын. Уақыт өте жердің құджаттары жалған, аферистер жасаған болып шықты. Енді міне қуанышқа бөленіп жатырмыз. Госактімді алдым. Сізге мыңда бір рахмет.

Жауап: Қуанышыңызға ортақпын. Расында да ауданда алаяқтардың шырмауына түскен азаматтар көп. Біз мейлінше олардың пайдасына жұмыс істеп жатырмыз. Ал, алаяқтықтың алдын алу жолында көптеген шаралар атқарылуда. Тіпті, өткен жылы көптеген азамтатарды алдап кеткен алаяқтардың үстінен ашық сот жүріп, тиісті жазаларын алғанын білесіздер.

 

9. Бағдайт Сайланбайұлы, сізді бұрын бизнесмен болға деседі. Қазір бизнесіңіз не болды? Сіздің болашақта қаланы басқарсам деген амбицияларыңыз жоқ па?

Жауап: Иә, бұрындары жеке кәсіппен айналысқаным рас. Ал мемлекеттік қызметке келген соң ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңына сәйкес кәсіпкерліктен кеттім. Жоғарыда айтқанымдай мемлекет жүктеген міндетті үлкен немесе кіші деп бөлместен адал атқару менің азаматтық борышым.

 

10. Бағдат мырза! Отбасыңыз туралы айтып берінізші. Көп әйел алу мәселесіне қалай қарайсыз?

Жауап: Отбасым үлкен емес. Екі қызым, бір ұлым бар. Ал, көп әйел алу мәселесі қоғам болып талқылап шешетін мәселе. Жеке басым оны құптамаймын.

 

11. Ауданымыз ашылағы бері! Көптеген қуанышты шаруалар жасалып жатыр. Мен, Шаңырақтың байырғы тұрғынымын. Бүгінде ауылымызда бұрын түсімізге де кірмеген жолдар салынды. Газ трубалары тартылып жатыр. Жеріміз заңдастырылып, госакт алып жатырмыз. Бұл екі жыл ішінде ғана жасалған жұмыстар. Әрине, көп жұмыстар әлі алда. Сондықтан Баке қадамыңызға нұр жаусын! Қала басшысына да көп рахмет!

Жауап: Рахмет!

 

12. Қала Саялыға қарай өседі деген бос сөз болды ма не? Ол жақта әлі ешқандай тірлік білінбейді ғой....

Жауап: Жоқ, бұл бос сөз емес. Қаламыздың Бас жоспары солай жасалған. Ең бастысы бұл жерде Индустриалдық аймақ құру жоспарланған. Қазрдің өзінде ол жерге инвестиция салуға ниет білдіріп отырғандар аз емес. Біз талапкерлерді қатаң сүзгіден өткізіп жатырмыз.

 

13. Құрметті Бағдат Сайланбайұлы. Алатау ауданындағы заңсыз жер басып алғандардың мәселесімен сіздер ғана емес көптеген қоғамдық ұйымдар да айналысады екен. Солармен ынтымақтасып жұмыс жасап көрген жоқсыздар ма? Әлде олардың барлығы белгілі бір саяси ұпай жинау үшін жүр ме? Сол жағын нақтылап айтып беріңізші.

Жауап: Сіздің пікіріңізде мен келісетін тұстары көп. Расында, баспана және жер мәселесімен айналысады бірқатар қоғамдық ұйымдар біздің ауданда да әрекет етеді. Дегенмен олардың, нақты ұсыныс жасаудан гөрі тым талапшыл екенін айтқанымыз дұрыс. Ол талаптардың кейбірі заңға қайшы келіп жатады. Тіпті жекелеген мәселелерді тым саясиландырып жіберітндер де бар. Ал біз ауданымыздың дамуын көздейтін нақты ұсыныстары бар кез-келген қоғамдық ұйыммен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Соңғы кездері бұрыннан түсініспеушілік танытып келген кейбір қоғамдық ұйымдардың біздің жұмысымыздың дұрысекеніне көздері жетіп ынтымақтастықтың өркениетті жолдарын ұсына бастағанын айтқым келеді.

 

14. Бугинге дейин канша уйди зандастырдыныздар. Сиз зансыз салынган уйлер 4 мыннын манайында дейсиз. Билетиндер ондай уйлер 10 мыннан асады дейди. Кимге сенемиз?

Жауап: Өздеріңізге белгілі, Алатау ауданымыздың шаңырағы көтерілген күннен бастап жергілікті басшылыққа жүктелген басты міндет - ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған заңсыз жер телімдері мен тұрғын үйлерді заңдастыру мәселесі болды.
Осы орайда, бүгінгі таңда өз бетімен жер басып алу әрекеттері 100% тоқтатылды. Заңсыз жер телімдері заңдастырылып, тұрғындар ұзақ жылдар бойы арман еткен заңды құжаттарына қол жеткізуде. Атап айтқанда, арнайы жүргізілген инвентаризация кезінде аудан бойынша 4523 заңсыз жер телімдері басып алынғаны анықталған болса, қазіргі күнге дейін заңдастыру бойынша 5384 астам өтініш қабылданып, 3179 өтініш бойынша заңдастыру жөнінде шешімдер шығарылды. Оның ішінде 2526-сы жеке меншікке, ал 653 жер телімі жалға пайдалануға берілді. Бүгінгі күнге дейін 2304 мемлекеттік акті өз иелеріне табыс етілді.
Осылайша, жері заңдасқан азаматтарымыз ендігі кезде Алматы қаласының тұрғыны ретінде тіркеуге тұрып, барлық әлеуметтік құқықтарды толыққанды пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.
Дегенмен де, бүгінгі таңда Алматы қаласының бас жоспарына және жер қатынастары саласындағы талаптарға сәйкес, аудан аумағында орналасқан 1443 жер телімдерінің қауіпті аймақтарда орналасқандығы анықталып отыр. Аталған жер телімдері қолданыстағы санитарлық ережелерге және т.б. заң талаптарына байланысты заңдастыруға жатпайды. Алдында айтқанымдай, бұл азаматтарға өзге ықшам аудандардан жер телімдері беріледі.
Ал заңсыз салынған үйлердің саны 10 мыңнан асады деген жалған ақпарат.

 

15. Құрметті, Бағдат Сайланбайұлы! Сізді және ұжымыңызды Алатау ауданының 2 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіз. Мен біздің сүйікті Алматы қаласының тұрғынымын. Мен үшін қаламыздың болашағы, өсуі, жалпы дамуы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осы ретте Алатау ауданының құрылуы және өркендеуі көңіл толтырарлық жайт. Жаңа аудан құрылғалы ол туралы мәліметтерді, аудан әкімдігі жұмысы жайлы ақпаратты БАҚ құралдарынан үнемі бақылаудамын. Сідердің осы өткен 2 жылда атқарған еңбектеріңіз орасан зор. Аудан құрылғанда басты мақсаттардың бірі осы аумақтағы қордаланған мәселелерді шешу, халықтың әлеуметтік жағадайын көтеру және инфрақұрылымды дамыту болатын. Бүгінгі күні көзделген жоспардың қыруар бөлігі орындалды деп есептеймін. Қала әкімі А.Есімовтің ерік-жігері мен Сіздің еңбекқорлығыңыздың арқасында бүгінде көптеген қазақтың қаракөздері өз армандары - жер телімі мен тұрғын үйлеріне деген заңды құқықтарына ие болды. Мұның өзі елге, халыққа деген сүйіспеншіліктің белгісі. Бірер жылдың ішінде мектептер, әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жасалды. Инфрақұрылым мәселесі шешіле бастады. Сондықтан да Сіздерге ризалығымды, алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта алған бағыттарыңыздан таймай, қазақ халқының мүддесіне сай жұмыс атқаратындықтарыңызға кәміл сенемін. Дендеріңізге саулық, бойларыңызға қуат, істеріңізге сәттілік тілеймін.

Жауап: Рахмет!

 

16. Алатау ауданынан жер алу үшін не истеу керек?

Жауап: Жер бөлу мәселесі әкімі аппатрының құзырында емес. Оның үстіне Алатау ауданында бос жер телімдері жоқ.

 

17. Мынау ким соншама мактауды уйип тогип жаткан. Анау Жанабайдын жарамсактарынын бірі шыгарсын. Айтпакшы, Баке, сіздин орынбасарыныз Жанабай адамдармен неге адамша катынаспайды. Ол неге алдына барган аамдарды арсылдап карсы алады. Ол халыкпен жумыс істейтін адам емес кой, базардагы саудагер секілді барине ай, эй деп журеди. Ол сиздин искерлик беделинизге нуксан келтирип жур деп ойламайсыз ба?

Жауап: Адамдар әр түрлі болатыны, бірақ барлығына бірдей жағу қиын екені белгілі. Ал менің орынбасарым Ж.Көлбаев өз ісін адал атқарып отыр деп санаймын.

 

18. Ассалаумағалейкум Бағдат аға. Мен Байбесік ауылының тұрғынымын. Ауданға газ құбырлары тартылып жатыр. Соны үйге тарту үшін ақша төлеуіміз керек пе? Жұрт аузында екі жүзден үш жүз мыңдай төлейміз деген сөз бар. Сол рас па?

Жауап: Иә, үйге дейін газ құбырын тарту ақылы негізде жүргізіледі. Осы орайда, мынаны айтқым келеді - Байбесік ықшам ауданында ұзындығы 1,8 шақырым орта қысымды газ құбыры тартылады. Тұрғындардың қаржы мәселесінде қиналып қалмауы үшін тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тиімді келісімдерге келеміз деп ойлаймын.

 

19. "Шанырактагы" жер телимдерин зансыз басып алган адамдар енди укиметке ешкандай каржы толемей тура береди ме?

Жауап: Тек «Шаңырақ» қана емес, өзге де ықшам аудандардағы заңсыз жер телімдерін басып алған азаматтар заңдастыру шаралары барысында Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес белгілі мөлшерде айыппұл төледі.

 

20. Асалаумағалейкүм Бағдат Сайланбайұлы! Менің тұрып жатқан жерім дархан ықшам ауданының бір қуысы, көше мүлде түспеген, жол картасы аясында барлық елді-мекенке тас жол түседі деп едіңіздер, осы жағы қалай болмақ?

Жауап: Елбасымыздың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес аудан бойынша көріктендіру және жол құрылысы жұмыстарына жалпы сомасы 1 млрд. 412 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Нәтижесінде ауданымызда жалпы ұзындығы 21 км болатын 30 көшеде орташа жөндеу жұмыстары, сонымен қатар, «Шаңырақ-1,2», «Ұлжан-1» ықшамаудандарында ұзындығы 37 км болатын 122 көшеге жаңа жол құрылысы салынды.
Жалпы өткен жылы өткен жылы аудандағы 160 көшеге қарқынды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл, 2010 жылы жолдарды орташа жөндеу бойынша жалпы ұзындығы 14,2 км болатын 18 көше мен Қарасу ықшам ауданындағы жөнделмей қалған жолдарды жөндеу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстар аяқталуға жақын.
Жұмыстардың көпшілігі тұрғындардың өтініштерінің негізінде жүргізілген.

 

21. Өжеттің Бекболат көшесінің Дарханға қарай бұрылар тұста (Өжет дүкенінің жанында) жолды қанша жөндесе де ойылып қала береді, дәл қазірдің өзінде қатты ойылып кетті. Көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Соны сапалырақ жасатуға болмас па екен?

Жауап: Бұл мәселе бойынша тиісті мекемелерге тапсырма берілді, енді сапалы қылып жөндейтін болады.


 




Құрметті, Бағдат Сайланбайұлы. Алатау ауданы бір жылда бір облыстың қаржысын жұмсаған аудан. Рас, көзге көрінетіндей көп шаруалар тындырдыңыз. Алайда, азаматтарымыздың денсаулығынан артық не бар. Алдымен емхананы жөнге келтіруіңіз керек еді. Басқасын айтпағанда алатаулық жүкті аналарға қиын болып тұр. Бұл бір, Екіншіден, қос Шаңырақтың ортасындағы баяғы сайға орналасқан үйлердің маңына біреулер тау-тау етіп қоқыс төгуде. Қазір тұрғындарыңыз сол қоқыстан өздеріне керекті дүниелерді үйлеріне тасуда. Бұл адам денсаулығына зиян емес пе? Қазаққа енді қалғаны қоқыстан баспана салу еді. Бұған намыстанатын шығарсыз. Айтпақшы, заңдастыруға жатпайтын үйлердің көпшілігі тұрмысы төмен адамдар. Оларды ертең Саялыға қоныс аударсаңыздар жерді тегін бересіздер ме? РАХМЕТ!



Сіздің ойыңызша адам алға қойған мақсат мұратына жету үшін қандай іс әрекеттер істегені дұрыс? Және де қызмет жасау мен қызмет етуді қалай түсінесіз? Осы екі ұғымның қайсы жаныңызға жақын.
Аян Бауыржантегі, Алматы қаласы, ҚазҰУ студенті



БАКЕ ЗАҢДАСУҒА ЖАТПАЙТЫН жерлердің мәселесін қалай шешесіздер? Рахмет



Шаңырақ халқы басынан не кешпеді???(*Бейәдеп сөз жазбаңыз!*тар талай рет қанды ішті) Азаматсың Бағдат!!! халықтың қорғаушысы сияқтысың!!!. Көп балалы аналарға жәрдем керек!! Қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Балалар өссе жер төледе неше жанұя тұруға болады?



Аға сіз қай ел боласыз? тегіңізді қашан қазақшаға өзгертесіз?



Осы біз қашан қоямыз, "елің кім"? руың кім" деген сорлы сұрақтарды!



Бұл суайт әкім,сөздің майын тамызып айтқаннан басқа ештеңе де шеше алмайды. Алатау ауданының мәселесі шашетектен, қолынан келетін әкім істемесе қордаланған күйінде әлі қала береді. Бакең өзіңін кәсіпкерлігімен айналысқаны жөн болар...



Багдад Сайланбайұлы жайлы ,бұған дейін Ақсу ауданын басқарған екі жарым жыл ішіндегі қызметтес болған адам ретінде айтайын дегенім; Адамгершілігі мол,қарапаиым,әділ,салмақты басшы болумен қатар Халыққада, қарамағындағыларғада жағдай жасай алатын, өзіндік басқару стилі бар саясаткер,"Қазақтың жауы қазақ " дегендей білмей түрып, жазғыруға болмайды



Заңсыз жер сатумен немесе жер заңдастырумен айналысатындарға кандай тосқауыл қойылуда. Жергілікті КМС тер басқа шаруаларды қойып, жер заңдастыру жане халықтан мусорға ақша жинау мекемесіне айналып кеткені қалай? Әкімшілік үйінен бөлме алып халықтан мусорға ақша жинаумен айналысуға рұқсат бересіз бе? КМС тер халыққа қызмет ету орнына бизнеспен айналысып кететіндері несі? Әлде олар әкімнің бизнес көмекшілері ме?



Әкім бол, халқыңа жақын бол деуші еді атам қазақ. Қазір әкім бол, үкіметке жақын бол деген болып кетті.

Сіздердің аудандағы қарапайым халықтың жағдайларын тезірек әрі халық пайдасына шешіп берсеңіздер екен. Олай болмаса, ашынған халық тағы біреуді өртеп жіберер.



Аллаға шүкір жағдаймыз осыдан 2 жыл бұрынғыдай емес. жақсарып қалды. Мен Шаңрақта Жаңқожа батыр көшесінде тұрамын. Меніңі айтарым Ешікім-ешкімді өртемейді. Сіз аузыңызға келген нәрсені оттай бермей, абайлап сөйлеңіз. Қайдағы жоқты айтпаңыз. Кезінде болған қайғылы оқиға , өзінің арам пиғылдарын асырмақшы болған зымиян кішке топтың ісі. Сол жағдай біздің шаңырақтықтарға жабайы, надан, күйені жақты. Содан әлі арыла алмай келе жатырмыз. Осындай "атақтардан" шаршағаған жоқсыздар ма. Құдайға тәубә деу керек. Бірлік керек, мәдениет керек, имандылық керек! Сұлтан Қалдыбекұлы



Сұлтекеңнің айтқаны орынды-ақ. Тек босқа байбалам сала берудің қажет жоқ. Әйтпесе анау көрші бауырлардан біздің қай жеріміз артық болғаны. Барлық бәле өзімізден. Біз қазақпыз деп кеудемізді жұдырқтаймыз, бірақ нақтылап келгенде осы атмызды затымызбен қорлаймыз. Біз сауалымызды, сұрауымызды, жоғымызды өркениетті түрде күн тәртібіне қойып үйренген жоқпыз. Шүкір қазақтың қар домалағы шоғырланған Шаңыраққа сол мұңымызды бөлісетін биліктің келгеніне. Жұмыс жасалып жатыр. Бірақ жасалытын жұмыс алда. Ең басты жұмыс жер мәселесі емес, ол - халықты мәдениеттілікке, білімділікке тәрбиелеу болмақ.



Әкімдердің ішінде алғашқы болып Абай,кз-нің конференциясына шықаныңыздың өзі, Бәке сіздің өз ісіңізге сенімді азамат екеніңізді көрсетеді. менім сізге қояр сұрағым, баламды "Ұлжандағы" жаңа бала-бақшаға орналастырайын деп едім. Қандай құжаттар керек, қайда өткіземін? айтып берсеңіз. Рахмет.



Әкімшілік үйінен бөлме алып халықтан мусорға ақша жинаумен айналысуға рұқсат бересіз бе? Осылай да қызық сұрақ болады екен. Қазіргі уақытта Шаңырақ акімі Алмаға 106 кабинетті мусорға ақша жинау үшін беріп қойған. Бұрын Алма Ұлжанда жер сатып, заңдастырып былықтырып еді, енді Шаңыраққа шақырып ауыстырып алған ғой. Бағдат соны білмей отырсың ба. Білмесең қандай әкім болғаның?



Алма деген Алма Медеубаева



Құрметті. Бағдат Сайланбайұлы. Жаксының жақсылығын айт мерейі тасысын деген. Сіздің халыққа жасаған еңбегіңіз шексіз.Бұл еңбегіңізді айтпай кету, адамныңда АЛЛАның алдында өрескелдік болар. Бірақ, бір қынжылтатын мәселе сіз қол астыңыздағы КМС тардың не істеп не қойып жатқанынан хабарыңыз жоқ. Не болмаса "Қолыннан келсе асап қал,беліңнен келсе басып қал" - ға, салып отырған сияқтысыз.Алысқа бармаяқ Ұлжан ықшамауданындағы жағыдайларды айтайық. Халықтың көзін бақырайтып қойып, етектері жаска толғанша жылатып. Үйлерін сүргізіп тастап, тап сол сүргізілген жерге Алманың, не Жаңабайдың, не Сағынбайдың туысқандарына Мемлекеттік АКТ шығып отыр. Бұл істелініп жатқан шаралардан сіздің хабарсыз болмауыңыз мүмкін емес деген ойдамын. Қазіргі уақытта жер атқызуға барған тұрғындардан, жеке жерін атқызу үшін 100$ беріп атқызып жатқандығында білетін боларсыз.Бұрын Айбол алатын болса, қазір Қырықбаев Азаматтың жастығын пайдаланып Кулбаев Жанабай алып отыр. Жастарды көтеру керек дұрыс. Бирақ оларды пайдалану ағалыққа жатпас. "Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады" - деген. Адамның алдында есеп беру оңай АЛЛАның алдындағы есепті ұмытпағаныңыз жөн сияқты. Ел болам десең бесігіңді түзе деген. Ел болып ерім демесең елдігіңнен не пайда,ер болып елім демесең ерлігіңнен не пайда.



Ертеңгі келер 70-жылдыққа дейін биліктің құлағы тыныш болсын дегендік-ау мынаусы....Қашаннан бер мұншалықты "ауыр" сұрақтарға әкімнің жауап бере қалғаны халқым-ау?!!!....



Қаншама қара көздердің бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-ағаларымызды “өлмесең өмірем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырдыңыздар.Алтын тағың болғанша, алақандай жерiң болсын” деп қаншама адам көз жасы мойындарыңызда екенін бір мезгіл ойланып қойыңыздар әкім мырза!Үй түспейді деген жерлердің бәрін саттыңыздар,жарды толтырып оның үстінен үй көтеруде,өз көзімізбен көріп жүрміз.Істеген жақсы істеріңізге көз жұмбаймыз, бірақ көз жас жібермейді.Алланың бары - хақ.Әр нәрсенің есебін о дүниеде берерсіз!



Осы қазекең ана-бүйтті мынау сүйтті дегенін қоймайды әйтеуір. Туысқан, ашып айтсаншы бірдеңе білетін болсаң. Менім білетінім, Манзоров нағыз азамат. Өйткені ол қашанда болсын халықтың мұыұ, жоғын тындауға дайын тұратын азамат. Мен өзім, бір-екі рет сейсебі сайын болып тұратын қабылдауындла болдым. Байқағаным қаркөздерімізге, қолынын келгенін аямайды. Барын бар, жоғын жоқ деп кесіп айтады. Кейбір шенеуніктер сияқты халықты анда бар, мұнда бар деп доп етіп теппейді. менің айтайын дегенім осы біз көп жағдайда адам танымаймыз. Қолынан іс келетін адамның аяғынан тарытып жатамыз. Ашығын айту керек аудан ашылғал жағдайымыз құдайға тәубе жаман емес, жасқарып барыд. Барлығы да көзщ алдымызда. Әрине жетіспейтін емхан, мектеп, балабақша шешіліп біткен жоқ. Бірақ тағад айтам қырғыз бауырлардын жағдайын көріп, тәубә айтудан басқа амалы\м жоқ. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!



Бағдат Сайланбайұлы, Алатау ауданының халі осыдан екі жыл бұрын адам шошырлықтай еді. Бір ғана «Шаңырақтың» дауы бүкіл қазақ қоғамы үшін ауыр тигені мәлім. Шынын айту керек, «Шаңырақ», «Ұлжан» сияқты ықшамаудандарындағы халық өздерін ешкімге керексіз жандай сезініп еді. Аталмыш ықшамаудандар Алатау ауданының құрамына кіргеннен кейін, жағдай біраз жөнделді. Оған сіздің көп еңбегіңіз сіңгені даусыз. Әкім халықтың мұң-зарын тыңдап, ел мен жер үшін аянбай еңбеу ету керек деп ойлаймын. Жалпы әкім халықтың адамы. Осы тұрғыда Сіз сөзсіз халыққа жақын бола білдіңіз. Екі жылдың ішінде қаңырап қалған бірқатар жерлерді гүлдендіріп, қала шетінде орналасқан халықтың жағдайын түзедіңіз. Сізге табысты еңбек, қажымас қайрат тілей отырып, өз өтініш-тілегімді білдірсем деймін.
Құрметті Бағдат Сайланбайұлы, «Түркістан» ықшамауданының мәселелері де сіздің назарыңыздан тыс қалмаса деп тілейміз. Мәселен, «Түркістан» ықшамауданында канализация жоқ, жолдар дұрыс жасалмаған, ықшамауданда орналасқан екі бетон зауыты тұрғындардың мазасын алып, күні түні жұмыс істейді, содан шыққан шаң тозаңның салдарынан тұрғындар біраз зардап шегуде, сондай-ақ ықшамуданның орталық көшесінде, яғни «Шаңырақ-2» ге бағытталған жолда жаяу жүргіншіге арналған арнайы белгі жоқ, автокөліктердің жылдамдығын шектейтін белгіні де әлі күнге көре алмадық. Өзіңіз білесіз, біздің ықшамауданда мектеп жасындағы балалар көп. Тұрғындар қалаға шығу үшін жолды кесіп өтеді. Өкінішке орай, машиналардың көптігінен, әрі арнайы белгінің жоқтығынан жолдан өту қиындыққа соғады. Оның үстіне ықшамауданда арнайы аялдамалар жоқ. Әрі «Киров» және «Шаңырақ-2» ықшамаудандарының ортасындағы жолайрықта не бағдаршам, не жаяу жүргінші белгісі жоқ. Дәл осы жолайрықта көлік апаттары жиі болып тұрады. Әкім мырза, осындай мәселелерді қаперіңізге алып, біржақты шешімін шығаруыңызды сұраймын.
«Түркістан» ықшамауданының тұрғыны Әлімбетова Светлана.



Дархан ыкшам ауданына карасты сайда бир топ оралмандадын уйы бар еди, торт жыл болды не зандаспады, не бир шешимин таппады. Сол үйлер қалай шешілмек? Естуімізше Қарасуға көшіріп, үй салып беретін болды деген қауесет бар. Бұл шын ба, әлде тағы да уақытты созу амалы ма?



Айтпақшы, онда орналасқан оралмандардың негізінен тұрмысы өте нашар,көбісі о жер, бұ жерде жүк түсіріп, мтыңдап күн кешіп жатыр. Солардың жағдайын көмектессеңіз, несиеге болса да үй салып берсеңіздер өте сауапты әрі халық алдындағы абыройлы іс болар еді. Ең дұрысы, осы заңдаспаған үйлердің иелері негізінен қазақтар әрі кедей-кепшіктер. Оларға көмектесу, жағдайларының оңалуына септесу Сіздің ұлт алдындағы міндетіңіз болмақ. Ұлт үшін істелген істің өтеуін күту, міндетсу ер адамның парызы болмақ емес. Төрт мың үйде кемі 20 мың адам тұрады. Сол 20 мыңның алғысын алуды ойлаңыз, Бәке!!!



Ауданның 2 жылдық мерейтойына орай қарбалас шаруалар көп болғандықтан оқырмандардың сауалына жауап беруге әкім үлгермей жатыр. Ертеңнен бастап барлық сұрақтардың жауабы жарияланады.



Қымбатты әкім! "Арзан" дүкенінің артынан түрік компаниясы салып жатқан "Ахселькент" мөлтекауданының үлескері едім. Түрік компаниясы құрылыстың қашан бітетінінен мандытып хабар бермейді. "Әне-міне" деп кейінге қалдырып келе жатқандарына екі жыл болды. Әкім ретінде сіздің қолыңызда осы тұрғын үйлерге қатысты қандай деректер бар? Ауданға электр, жылу, жарық, су, газ, телефон тартылды ма? Қашан пайдалануға беріледі? Рахмет!



Ауданым менің Алатау
Асқақтасын мерейің.
Мерейің мен даңқыңды,
Күнде сенің көрейін.
Аудандардың алды боп
Өсе берсін беделің.

Құрметті Ахметжан Есімов.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Шаңырақ», «Ұлжан», «Трудовик» десе Алматының айналасын «заңсыз» қоныс еткен қазақ ауылдары көз алдымызға келетін. Сіз қаланы басқаруға келген соң заңсыз орнаған ауылдардың қайта түлеп, олар жаңа Алатау ауданына бірігіп, баспаналары заңдастырылатыны туралы жылы лебізді естігенде осы аймақтың тұрғындары қатты қуанды. Өткен екі жылда істелген тынымсыз еңбек бүгінде жемісін бере бастады. Соның бірі «Ұлжан» ықшам ауданының тұрғындары да осы ізгілікті істің нәтижесін көзбен көріп отыр. Жұрт елді мекенге береке кіре бастағанын шын сезініп қалды. Бейберекет бой көтерген баспаналарды заңдастырудан басталған шаруа тұрғындардың еңсесін көтеріп, алдағы күнге деген үміт отын жақты. Жақында біздің ықшам аудан аумағындағы Сақ қорғандары мен Үлкен Алматы Каналының бойындағы тағы 25 жер телімінің заңдастырылатыны туралы шешім қабылданыпты. Мұны да Сіздің әкім ретінде қарапайым тұрғындарға деген жанашырлығыңыздың нышаны деп қабылдап, алғысымызды білдіргіміз келеді. Біз тұрып жатқан шағын ауданға барлық инфраструктуралық қажеттіліктердің тартылатынын естіп, қуанып отырмыз. Қазірдің өзінде 1200 орындық мектеп, 320 бүлдіршінге арналған бала-бақша салынды. Сапалы электр жүйесі мен сандық телефон желісі тартылды. Сондай-ақ бірнеше көшеге тас жол салынып, көше жарықтандырылды. Елді мекен халқы қала басшылығының қамқорлығымен алдағы жылы газ құбыры мен кәріз желісінің төселетінінен де хабардар. Бұл игілікті істің барлығы «Ұлжан» ықшам ауданының алдағы күндері көгалданған, үлгілі ауылға айналуына алғы шарт болады деп ойлаймыз.
Осы нәтижелі шаруалардың басы-қасында Алатау ауданының әкімі Бағдат Сайланбайұлының да жүргенін аудан тұрғындары көріп, біліп отыр. Аудан әкімінің бастамасымен тіркеуі жоқ тұрғындарды әкім аппаратының ғимаратына тұрақты тіркеуге алу құптарлық іс. Біздің шағын ауданның да үйіне құжаты жоқ бірнеше отбасы тіркеуге тұрып, мемлекеттен тиісті жәрдемақыларын алуға мүмкіндік туды. Жақын болашақта «Ұлжан» шағын ауданының көшелеріне ономостикалық комиссияның шешімімен атаулар берілгелі жатқанын да қуанышпен қабылдадық. Осындай мәні зор істің басында жүрген аудан әкіміне алғысымыз шексіз.
Қаламыздың басшысы Ахметжан Есімовке осындай халық игілігіне қажетті іс-шараларды алдағы күннің еншісіне қалдырмай, дәл уақытында атқарылуына ықпал еткені үшін елді мекен тұрғындары шын алғысын жеткізгісі келеді. Қарапайым халық қала басшысының қолына қуат, деніне саулық тілейді.

Құрметпен, Ұлжан ықшамауданының тұрғындары.



Мен Байбеск ауылынан халк ел ушн енбек жасай бернз колдаймыз ага Аллаь жар болсын денсаулыгыныз мыкты болсын енбек етуден халкынызга жакын болудан еш кашан танбауынызды бир Ааллахтан тилеймин.



Бағдат Сайланбайұлы әкімшілік ғимаратында 29 маусым күні жұртшылықпен кездестіңіз.Осы жиынға БАҚ өкілі ретінде біз де бардық.Шынын айтсақ көңіліміз толмады.Сұрақ қояйық деп едік сондағы полиция мен ішкі саясат басқармасының өкілі дырылдатып желкемізден сүйреп артқа тартты. БАҚ өкіліне ақпарат алуға тиым салынсын деген заң жоқ еді ғой. Мен оппозициялық БАҚ өкілі болсам бір жөн, мемлекеттік ең негізгі ақпарат құралының өкілімін.Алайда сіздің кеңседегі шікірейген жас шенеуніктер оны тыңдағысы да келмейді. Костюм кигеніне разы шығар сірә.Олар ол қылықтарымен сіздің барлық істеген ісіңізге қара күйе жағып отыр. 2 жылда істеген жақсы істеріңізді жалаулатып-ақ бергіміз келген. Алайда көрген әсерлеріміз оған жеткізбеді. Төменде жазған қысқа ақпаратымызды беріп отырмыз. Оқи отырыңыз.

Алматының Алатау ауданында 3179 жер телімі заңдастырылды
АЛМАТЫ. Маусымның 29-ы. Бүгін Алматының Алатау ауданында «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының орынбасары Амангелді Кәрімуллин, қалалық мәслихат хатшысы Төлеубек Мұқашев, Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров аудан жұртшылығымен кездесті.
Кездесуді аудан әкімі жұртшылыққа есеп беруден бастады. Бағдат Мәнізоровтың айтуынша қазір ауданда жер басып алу мүлдем тоқтаған. «2 жыл бұрын аудан құрылғанда басты міндеттің бірі заңсыз жер телімдері мен тұрғын үйлерді заңдастыру болды. Бұл бағытта арнайы тексеру барысында заңсыз 4523 жер телімі анықталған болса, қазіргі күнге дейін заңдастыру туралы 5384 өтініш қабылданды. Оның 3179-ы бойынша заңдастыру туралы шешім шығарылды. Жалпы қазірге дейін 2304 мемлекеттік акті иелеріне табыс етілді» дейді аудан әкімі. Оның айтуынша қазіргі кезде қордаланған жұмыс мәселесі де «Жол картасы» мен «Жастар практикасы» аясында шешілуде. Әлеуметтік мәселелер, көріктендіру бойынша да жоспарға сай жұмыс істеудеміз деген аудан әкімі есеп соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Тұрғындардың пікірінше ауданда қордаланған мәселе әлі де көп. Бірқатар шағын аудандарда газ, су, жол салынбаған. «Қала маңында тұрсақ та ауылдағы ағайынның халінен нашар күйдеміз. Бүгінгі кездесуге аудан басшылығына сұрақ қойып, жауап аламыз ба деп үлкен үмітпен келген едік. Алайда әкімшілік қызметкерлері микрофон маңына да жуытпады. Арнайы дайындалған адамдар мақтаудан аспады. Баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр» дейді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Салтанат Ұзақбаева. Оның айтуынша аудан құрылғалы бері аудан басшылығы Ақбұлаққа ат ізін салмаған да. Қазір мұнда газ да, су да, жол да жоқ. «Естір құлақ жоқ болып тұр» дейді Ақбұлақ тұрғыны.
Кездесу барысында Ақбұлақ тұрғыны ұшырасқан кедергіге біз де тап болдық. Ауданның ахуалы туралы тілші ретінде әкімге сұрақ қойғымыз келген, алайда әкімшілік қызметкерлері пен полиция алдымызды кес-кестей берді. БАҚ-қа берілмеген жауап, қарапайым тұрғынға да жоқ. Кездесу соңында аудан әкімі халықтың қалған сұрағына жауап бермей орнынан тұрып кетті. «Көкейде сауалымыз көп еді. Оған жауап ала-алмасақ әкім елмен неге кездесті» дейді кеудесінде алтын алқасы жарқыраған кейуана.
Естеріңізге сала кетейік Алатау ауданы осыдан 2 жыл бұрын 7-ші аудан болып құрылған болатын. Қазір мұндағы 16 округке біріккен 18 елдімекенде 158 300 адам тұрады.



Әкім мырза Ақбұлақтың жайы не болады? Әкім болғалы бері Ақбұлаққа ат ізін бір салмадыңыз. Шаңырақтан шыға алмай қалдыңыз ғой. Ақбұлақтада да қыруар халық тұратынын ұмытпаңыз. Су, жол, газ жоқ басқаларға салынып, тартылып жатыр.Елмен кездесіп, есеп бермесеңіз Ақбұлақ халқы көтеріліске дайын. Сіздер көтерліссіз немесе табиғи апатсыз көңіл бөлмейтіндеріңізді халық біледі. Кеше Шаңырақта елмен кездесіпсіз. Ақбұлаққа бірде бір адам келіп кездесу болатынын айтқан жоқ.Бір шалды апарып құры мақтатыпсыздар. Басқа өздері естіп барған елге сөйлеуге мұрша бермепті сіздің көмекшілеріңіз.Жол мен су, газ биыл болмаса да халықпен кездесіп, жөн айтуға болады ғой. Ақбұлақтың халқы мүлдем көңіл бөлмегендеріңізге ренжулі. Қабылдауыңызға жазылайын десе көмекшілеріңіз жарты жылдан кейін кел деп менсінбей күлетін көрінеді.Олар әкімшілікті сатып алып па еді әлде. Мемлекеттік қызмет туралы заң барын бәріміз білеміз. Сосын аудандық әкімшілікте істейтін өңкей жас қыздар мен жігіттедің көпшілігінің мінгені ең арзаны 10 мың доллардан жоғары шет елдік көлік. Бұлар қызметке араласқанына 2 жыл болмай жатып қайдан көлік мініп жатыр.Ақбұлақ сынды ауылдарға бөлінген қаржыны қалталарына басып жатқан жроқ па? Осы сауалдарға жауап берсеңіз. Бұқарамен байланыс орнатпаған соң, айналаңызға кеудесіне нан пісіп, елмен сөйлескісі келмейтін жастарды жинап алған соң осындай көп сауал туындап отыр. Сіз шын мәнінде көп нәрсе жасап жатырсыз. Сіздің жеке басыңызға ешқөандай қаржының қажеті жоқтығын, бір басыңызға жететн дәулетіңіздің барлығын білеміз. Алайда жоғарыдағы жайттар сіздің бар ісіңізді жоққа шығарып отыр. Сондықтан сізге ұсыныс елмен байланысқа жиі шығып, түсіндіріп, жаныңыздағы жастарды тәк деп ұстағаныңыз жөн. Ақбұлаққа жақын арада келіп халықпен кездесіңіз.



Бүгін Ақбұлақ ықшам ауданының тұрғындары наразылық шарасын бастады. Бұған дейін олар аудан әкіміне арнайы хат жолдап, егер мардымды жауап болмаса Ақбұлақ мәселесін республика деңгейіне шығарамыз деген еді. Соның бастамасы ретінде бүгін Ақбұлақ тұрғындары бірнеше БАҚ-ын шақырып, ауылдың жағдайымен таныстырды."Стан.тв" порталынан көруге болады. Ауыл тұрғындары енді Елбасы мен Үкіметке, құзырлы органдардың барлығына шағымданамыз де отыр. Олар наразылық шарасы ретінде 6 шілде күні Сайын мен Райымбек даңғылын жауып шеруге шықпақшы. Астанада той болғанда, Ақбұлақта наразылық болады дейді ауыл тұрғындары.Бұқрамен адам сияқты байланыс орнатпағаннан кейін осылай болады.



Әкім мырза айтпақшы сол Ақбұлақта Алатау ауданы құрылмай тұрғанға дейін әкім ба әлде, өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы болған Ерғали деген *Бейәдеп сөз жазбаңыз!* қыруар қаржыны қымқырып, қашып кеткен еді. Қазір қаржы полициясының сайтында іздестіруде жүрген адамдардың қатарында жүр.Ауыл тұрғындарының айтуынша Алатау ауданының картасында Ақбұлаққа негізінен жол, су, тартылды деп көрсетілген дейді. Оған Алатау ауданына дейін қаржы бөлінген көрінеді,оны сол Ерғали бастаған *Бейәдеп сөз жазбаңыз!*тар қымқырып, жол жасалды деген есеп беріп жіберген көрінеді.Ақбұлаққа қаржы бөлінбей жатуы соның салдары емес пе? Ал ол Ерғали деген барахолкада кафе салып алып, тайраңдап жүріп жатыр. Сонда қаржы полициясының сайтындағы өтірік іздеу ма?



Бағдат Сайланбайұлы сіз әрбір аптаның 2 күні елмен кездесемін, Ақбұлақ тұрғындары неге жазылып келіп, айтпайды дейтін шығарсыз.Тұрғындар бірнеше рет барған.Хат жазса мардымсыз жауап келеді. Кеңсеңіздегі жас көмекшілеріңіз жарты жылдан кейін кел деп мазақтайтын көрінеді. Ақбұлақтықтар амалдың жоқтығынан өстіп БАҚ-ына шағымданып, болмаса көшеге шеруге шықпақшы.



Дәурен мырза конференция жалғаспай қалды ма? Әкімнің жауабы жоқ қой. Біз сұрақтарымызды кеше қойған едік.



Бәке, сіз ірі кәсіпкерлер қатарына жатады деп естідім. алғашқы капиталыңызды рэкет болып жинады деген сөз бар. "Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды" деп өскен елміз ғой. не айтасыз?



Бағдат Сайланбайұлы. Біз Ұлжан ықшамауданы золоотвалға қарама-қарсы 96 үй тұрғындарымыз.Жерлеріміз заңдасып, үйлерімізге свет кіргізіп алдық. Енді бізде шешімін таппай жатқан мәселе бізде су жоқ. Қысы-жазы сайға түсіп сайдағы ағып жатқан судан ішеміз.Кейде судын жағасына өлген ит мысықтарында апарып тастап жатады. Бізге су кіргізу жағын қарастырсаңыз екен. Құдай бетін аулақ қылсын,ертеңгі күні сол судан балаларымыздың ішіне инфекция түсіп ішек құрт ауыруына шалдығып жатса, бизге де, сізгеде, ауданымызға да, қаламызғада жақсы атақ әкелмесі белгілі сияқты.



Әкімшілік үйінен бөлме алып халықтан мусорға ақша жинаумен айналысуға рұқсат бересіз бе? Осылай да қызық сұрақ болады екен. Қазіргі уақытта Шаңырақ акімі Алмаға 106 кабинетті мусорға ақша жинау үшін беріп қойған. Бұрын Алма Ұлжанда жер сатып, заңдастырып былықтырып еді, енді Шаңыраққа шақырып ауыстырып алған ғой. Бағдат соны білмей отырсың ба. Білмесең қандай әкім болғаның?
----------------------------

Мына ақпарат рас болса, сіз заңсыз жолмен пайда тауып отырған *Бейәдеп сөз жазбаңыз!*тармен біргесіз деген сөз.

Авторға. Бұндай ақпаратты прокуратура мен қаржы полициясына жолдаңыз.



Құрметті Бағдат Сайланбайұлы. Халық көргенин айтады. Алманы Шаңырақ әкімшілігіне кіргізіп алғандығыныз жалған деп айта алмайтын шығарсыз. Қаржы полициясына немесе прокротураға ақпарат беретін болса, сізге жазып керегі не. Бұл сұрақтарға жауап бере алмай басынызды алып қашатын болсаңыз, неліктен халықтың пікірін білгіңіз келіп форум аштыңыз. "Жақсы еліменен, жер кенимен" - деген. Халықтын айтқан пікіріне дұрыс жауабын берсеңіз.



Ауданның туған күні құтты босын



Қазақтың басына біткен НҰР, алғашқы пырзыдент, елбассымен таласып, қайдағы бір ауданның "ТУҒАН КҮНІ" деп той-тойлаған неңді алған???
Елбассымен теңескің келіп жүр ме, байқа, ойыныңнан от шығып, тоз-тозың шығып кетпесін...



,Бүл қазақ қашан мәдениетті пікір бөлісуді үйренер екен,



Жоғарыда Бағдат мырзаның сұрақтарға жауабы жарияланған екен. Жауаптар барлық сұрақтарға берілмеген сияқты. Мүмкін қалған сұрақтардың жауаптары енді жарияланатын болар. Әлде кейбір қайталанатын сұрақтарға бір жауап берілген бе екен. Ондай жағдайда қайсы сұрақтарға жауаптар берілді көрсетіліп жазылса деген өтініш бар



мына сұқбат әбден шаршады. Абайшылар алып тастаңдаршы құдай үшін. Бас бетте қасқайып әкім тұр бір ай болды. Жаңа материалдар беріңіздер!



Алатау ауданының халқын, ауданның екі жылдық мерей тойымен құттықтаймын. Ауданымыздың алға басуына және алғашқы қатардан көруіне ел болып атсалысайық ағайын. Алатау ауданын басқарып отырған Б.С. Мәнізоровқа көп рахмет.



Бірінші басты бетте ілініп тұру үшін Манзоров Абайкз-ға қанша ақша төледі?
Байтұрсынов пен Міржақыптар жарты күн де тұрмайд...
О, Тоба...

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
10 + 0 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>