Қоғамның ақыл-ойы тоқырауға ұшырап, алты бақан ала-ауыз болғанда, құмырадай кеудедегі Тәңіри рух бұлқынып, «қуатты оттай бұрқырап» көтеріліске шығады. Бұл көтеріліс сарсаң күйге түскен саналарға сапар шеккен қантөгіссіз, қарусыз бейбіт шеру сияқты. Ашық түйсік пен сергек сананың иесі ғана ғана ол шеруді жүрегімен қарсы алмақ. Қарсы алмаса, түсінбесе, айтқан сөзге құлақ түрмесе, көтерілісті бастаған ұлы рух иесі «қайғы шығып ілімнен, ыза шығып білімнен, зар шығарып тілінен» аласұра - алқынып, асанқайғыланған ойыменен ала-құла даланы адақтап кезіп, түк шықпаған соң, «ашуы - ашыған у болып, ойы кермек» татып, ақыры «моласындай бақсының жалғыз қалады». Ал, Пірге ермеген, оны ұлттың рухани көсемі ретінде сезінбеген халық - надан болып қала береді, оның көкжиегі ешқашан кеңеймейді, көсегесі де ұзақ уақыт көгермек емес.
Қазақ атты халықтың тылсым дүниедегі рухани эгрегоры солғын тартып, ғарышқа жұтылардай болғанда жан бүлігін, білімсіздік пен арсыздыққа қарсы қағаз бетіндегі күресін тұңғыш бастаған Абай.
Абай дүниеге келгенде ХХІ ғасырда дүние есігін қағатын сіз бен біз әлмисақ жақта өресі биік, адамгершілік пен ізгілікке толы дайын қоғамда туыламыз деп қатты қуанғанбыз. Оны өкінішке орай ұмытып қалдық. Іштей, жүрекпен, тамырмен, бар жан-жүйкеміздің әр талшығымен, биоқабыршағымызбен қазақты өле жаздап сүйсек дағы, оған Абайдың қасіретін кешіре алмаймыз. Мүмкін енді ешқашанда кеше алмаспыз. Абай жарық дүниеге нұрдың ұшынан шық болып тамғанда, біз өзіміздің бабаларымызды «енді бәрі басқаша болады!» - деп жұбатқан ек...
Бір әңгімемізде Таласбек ағам /Әсемқұлов/ қазақтың барлық тарихы қанқұйлы күндерден ғана құралған дегені бар еді. Бұлбұл құс зымыстан көрмей, гүлстанның қадірін білмес. Біз гүлстан түгілі, оның гүлзарынан аңқыған жұпарын да құшарлана иіскеген жоқпыз әлі. Иә, қазақтың тарихында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған емес. Алла Абайдың жүрегіне жалпы Алаш жұртының мыңжылдық рухани жарасын жұқтырып қана қоймай, күллі ғаламдық зілмауыр мұңын жұп-жұмыр жалғыз басына үйіп-төгіп бере салған. Сол арқылы бізге де шапағатын төкті. Оны да ұмытып қалдық. Жоқ, ұмытқан жоқпыз, түсіне алмадық дегеніміз дұрыс шығар. Жан тілегін тән тілегі жеңіп кетті.
Шіркін-ай, біз Абайдың кезінде өмір сүрсекші, оны алақанға көтеріп алып ардақтайтын едік-ау деп қоям. Ол ойыма өзім де сенбеймін. Сіз түгілі, өзім де күлемін. Бұның бәрі жүрегімдегі иманымның қауқарсыздығынан, кіп-кішкене, білімсіз миымның солқылдақтығынан туындайтын эмоциялар. Себебі, мен де тура сіз сияқты «самородный сары алтынды саудасыз берсе» де менсінбейтін кәдімгі қазақпын.
Қазақтығымыздан шығады, рас енді, өте көңілшек ұлтпыз. Абайды білмей тұрып, кеудемізді керіп онымен мақтанамыз, әуелі! Ұлы рух аспани дүниеге көшкелі бері, аттай бір ғасыр өтсе де, өзгергеніміз шамалы. Ауылға барсаңыз да, қаладағы қазақты көрсеңіз де киімі мен көлігі ғана өзгерген ХІХ ғасырдағы нағыз қандасыныңызды көресіз. Тек үңіліп, ден қоя, дұрыстап қараңызшы. Түк өзгермеген. Заманның желі - зуылдақ. Әрине ол бұрынғыға қарағанда білімдірек шығар, техниканы меңгерген, компьютермен таныс, шетел жаңалықтарынан хабардар және тағысын тағылар. Бірақ, рухани болмысы жағынан ХІХ ғасыр мен одан арғы замандардадағы қазақтың тырнағына да татымайды. Маған да, айнаға қарасаңыз да сол қазақты көресіз. Әйтседе, мінезіміз сол қалпы. Дарақы, қуақы, тойшыл. Абайшыл емес мүлде.
Пушкин бақилық сапарға аттанғанда орыс халқы оны «біздің поэзиямыздың алтын күні батты!» - деп күңірене жоқтаған болатын. Ескендір Пушкин көзі тірісінде-ақ өз елінің сүйікті ақынына айналып, патша-ағзамының алдынан бір-ақ шыққан еді. Пушкинді қазаққа өзінен асыра таныстырған, өзіне қарағанда Алашқа едәуір жақындатқан Абайды біз болсақ әлі де зерттеп, зерделеп жатырмыз. Ұлы Ибраһимнің саф алтындай поэзиясы мен ғаламдық парасатын жүрегімізге ұялата бастадық деу ерте. Десек те бір адым алдыға жасадық. Оған да шүкір.
«Пушкин жолын» ешкім жазған жоқ. Ұлы Мұхтар өмірлік мұраты болған «Абай жолын» жазбағанда жағдайымыз қандай болмақ еді? Абайдай данамыздың бар екенін де білмей кетуіміз мүмкін ғой. Болмаса, Шыңғыстаудың бөктерінде болыпты бір қара шал, өлеңдері ескі сарынмен жазылған, ұйқастары жырғап тұрған жоқ, әйтеуір ақынға кенде емес елміз ғой деп, мың-екі мың данамен шығатын, сосын ешқайда таралмайтын антологияға кіргізе салар ма едік, кім білсін.
Орыстар Пушкинді «біздің бәріміз» дегенде, «Абай біздің піріміз!» - деп жар салдық. Жөн-ақ. Дегенмен, Абай феномені қазаққа әлі де толық ашылмағандай сезіледі. Абай атты құбылыстың құпия жақтары мен тылсым тұстары өткен шақ пен жоғалған кеңістікте қалықтап қалып қойды. Кеңістік өз бетімен көшіп жүр, уақыт шапқылап бізге жетіп келді. Бұл уақыт - Абайдан жырақтау уақыты.
Жылтыр-жұқа, жеңіл-желпі, әр саланың жүрдім-бардым біліміне ие жаңа қазақ Абаймен басын қатырғысы жоқ. Ол ерте-ертеде, ешкі жүні келтеде, қырғауылы қызыл екен, құйрық-жүні ұзын екен заманында, халықтың санасы қараңғы, түйсігі тұман, көкірегі надан болған кезде ғұмыр кешкен қара шал ғой, оның қазір бізге берері не? - деп қоя ма бүгінгі замандасымыз? Солай айта отырып, жоғалған кеңістіктен бөлек, «жарқ етпес қара көңілімен», қоп-қою рухсыздық мұнарына еніп бара жатқанын білмейді. Ал, адамға ең алдымен заманауи білім емес, рухани ілім керек. Себебі, «кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей, бақи қоймас фәнидің мінін көрмей».
Раймонд Моудидің «Өмірден кейінгі ғұмыр» атты кітабында клиникалық өлімді басынан кешірген бір адам, есін жиғанда айтыпты-мыс: «Бақи екіге бөлінеді екен. Бір шетінде сұп-сұр қою кеңістікте құлазыған рухтар ебіл-дебіл күйде жарыққа жете алмай, «беті» төмен қарап, жосып жүр. Бұлар кімдер? - деп мені қарсы алған жап-жарық шардан сұрадым. Ол маған бұлар тірісінде рухын қуаттандырмаған, фәниде арзанқол білімге ұмтылып, қара бас қамына бола беймағлұм тіршілік жасаған, парасаттың ұшқынын да сезбеген ғаріптер - деді».
Осыдан тұра 105 жыл бұрын қазақтың жері Абайдың қасиетті табанын сезбей, абдырап қалды. Елі Абайдан айырылған кезде ғана жетімдіктің ащы жасын жүрегімен сезді. Әлі де көңілі жетім. Абай халқының алдындағы перзенттік борышын өтеп кетті. Ендігі іс қазақтың санасында деп шапанының етегін желпілдетіп, ғайыпқа сіңіп, жүре берді.
Марс планетасы бағзы дәуірде өсімдік пен жануарға, тамаша тап-таза ауаға бай ғалам еді. Құдай атқан бір күні оған бір алып ғарыш денесі соғылып, зор екпінімен Күнді айналып келе жатқан планета бір сәтке іркіліп қалады. Сонда оның атмосферасы қатты жылдамдықпен келе жатқан бойда, ары қарай жөңкіліп кете барған екен. Марстың бетінде ауа қалмағандықтан бір мезетте тіршілік атауылысы қырылған деседі астрономия ғылымы.
Абай - қазақтың атмосферасы секілді. Қара шал болмағанда біз не жұтар едік? Қазақтың рухани әлеміне «қызыл астероид» соғылып, жүрегімізден Абайды айырғысы келді. Болмады. Жаратқанның қазаққа деген жанары оң екен. Олай болса, бүгін қызыл астероидттің тозаңы сейіле бастады. Енді Абайға оралатын күн жетті. Нағыз қазақтың қаны тамырымызда қайта айналсын. Абайшыл болайық, абай болайық!
«Ішім өлген, сыртым сау» кейпінен арылсақ, ел болуға үмітіміз жоқ емес.
Жалғасы бар...




Пікір алынып тасталды!!!
терен макала екен
Әрине ,жанашырлық өте қатты сезіледі ! Бірақ қазақ Абайдан бұрын да қазақ еді ! Қазақ қоғамы бар болғанмен,нағыз қазақ азаматтары болмаса ол бос сөз !Сондықтан сіздердей жанашыр азаматтар бар кезде Абай да ,қазақ та жоғалмайды!Ақберен сондай жанашырлығыңыздың соңы Абайдың керемет әлемін әлем емес әуелі қазақтардың өзіне таныстыруда сізге СӘТТІЛІК тілеймін !
Әрине ,жанашырлық өте қатты сезіледі ! Бірақ қазақ Абайдан бұрын да қазақ еді ! Қазақ қоғамы бар болғанмен,нағыз қазақ азаматтары болмаса ол бос сөз !Сондықтан сіздердей жанашыр азаматтар бар кезде Абай да ,қазақ та жоғалмайды!Ақберен сондай жанашырлығыңыздың соңы Абайдың керемет әлемін әлем емес әуелі қазақтардың өзіне таныстыруда сізге СӘТТІЛІК тілеймін !
Мәлімет алуға оте жаксы. Сізге шығармашылық табыс тілеймін! Биіктерден көрініңіз.
Қандай мәлімет бар бұл мақалада? Бұл мақалада қазақты жазғыру ғана тұр. Абайды білу - әр қазақтың міндеті, Абай салған жолмен жүру - әр қазақтың парызы. ақыры дінді қатырып ұтсап жүрген жоқпыз, құрығанда абайдың сөздерін ұғынып, өмір сүрейік, қазақтар! Гүлбаршын Байсалова.
Ұлт ретінде ұнжырғамыз түскен уақытта бізге рухани демеу, медеу болар Ұлы Абайымыз бар. Ұлы данышпанын ұлықтаған ұрпақтың ертеңі бұлдыр болмасы анық. Абайдың маржан жырлары, қабырғаң сөгілсе - жаныңа қанат бітірер қара сөздері - рухани кемелдененудің керемет жолы. Әттең, Абай бұлағынан сусындамаған, балдай тәтті жырларынан нәр алмаған алмағайып заманның бүгінгі шенеуніктер тіл мен ділдің қадірін қайдан білсін? Абайды оқымаған, оқыса да жүрегінің түбімен сезінбеген бүгінгі замандастардың *ұлт мүддесі* үшін зар илемесі, Абайша өз ұлтын сүйіп, қабырғасы қайыса қайғырмасы анық. Әрбір қазақтың тамыры *ұлтым* деп ұрып тұрмаған жағдайда, бүгін жалаулатқан елдігіміздің құны көк тиын!
Cіздердей жанашыр азаматтар бар кезде Абай да ,қазақ та жоғалмайды! Шығармашылығыңызға сәттілік тілеймін. Мөлдір Темірханова.
Бұқараның басым бөлігінің ойы таяз, талғамы төмен, мақсаты мен мұраты күнделікті тіршіліктің күйбең деген тізгінінен ары аса алмаса, қоғамның өзі жаңашыл ізденістерге ұмтылып отырмаса, ертеңі қалай жарық болмақ? Абайдың "айтып қойғандарын" айтып, оны тағы да қайталап данышпансуға өресі биік әрбір жан иесі ұялмақ керек. Абайшыл емес, жалғанның уақытша деген "билігіне" құрбан болғандар не Жаратушысын, не өзі өмір сүріп отырған қоғамын разы ете беруге шамасы жете бермейді. Кім білген, үмітін сөндірмей, "бүгініне шүкірлік, ертеңіне Тәңірім нәсіп етер" деген жалпы түсінік, қазақтың өресін көп жағдайда шектейтін шығар. Ақберен айтатын ұлтқа тән ақкөңілділік қазақтың бірде бағына, бірде сорына шешіліп отырды. Ұлтқа тән жинақылық, алғырлық, жаңашылдықтың кілтін меңгеретін уақыт молынан болса да, біздер жайбасарлықтан, өзін өзі қолға алудан, ертеңгі ұрпағының тек "пәленшеевтар" ғана үшін емес, қазағы үшін де өмір сүретін психологияны қалыптастыра алмай жатырмыз. Тәуелсіздік алғалы "тіл, діл, оппозиция" деп шулаған халық шаршап қалыпты. Дағдарған жаңашыл сана қайда бағыт алмақ? Қайда бетбұрғаны жөн? Дауасы, әрине өз ұлыларымызға, өз тек-тамырымызға, өз түбірімізге. Себебі, бейбіт заманда дабыраның, бос айқайдың қажеті жоғын уақыт өзі екшеп берді. Ендігі бағыт, Абайға сусап, қазақи болмысымызға деген сағынышты тірілтіп, ұлттық түйсігімізді тереңдете беруге ұмтылу. Ғайыптан тайып біреу келіп қолтығымыздан демейді деп "жебеушіні" күтетін пессимистік психологиядан да арылған дұрыс. Сөйтсек қана ұтатын сияқтымыз. Қаймағы қалың қазағының ортасында жүріп, нағыз адамның жан-дүниесін сағынған, болмысы дегдар, рухы өр, мақтанға салынбаған қазақты көргісі келген Абайдың ішкі шері мен күйзелісін де түсінемін. 1904 жылдан бері аса өзгере қоймаған қандастың бүгінгі келбетін сипаттаған Ақбереннің де
жан күйінісі түсінікті. Осылай ішкі рухани тамырластықты аңсайтындар лек-легімен көбейсе, шаң басқан сана техника мен қазіргі өркениеттің заңдылықтарынан "жеңіліп" қалмаса, ҚАЗАҚТЫҢ алмайтын қамалы жоқ. Мен соған сенгім келеді.
Жансая СЫДЫҚБАЙ, Астана қаласы.
Кеңістікке кеткенімен, қазақы болмыспен туылған ұрпақтарына өзі жаралған нұрдың ұшқынын шашып кетті емес пе?! Айтпесе, сіз тәрізді, Даурен аға тәрізді жүрегіне сол ұшқынның бір тамшысы тиген ағалар басқамызды Абайға жетелемес еді. Дұрыс айтасыз: Абайдан соң қазаққа сөз қалған жоқ айтатұғын. Қазақты қазақ ету жолын айтып кетті, көрсетіп кетті. Осынша рухани азығы барда, «жутатын ауасы» барда, Абайша ойлауға, қазақты Абайша сүюге шақыратын сіздер барда, әлі-ақ «Ішім өлген, сыртым сау» кейіптен арыламыз, ел боламыз! Алла Тағала бізге Абайды сол үшін берген. Алдымызда Нострадамус болжаған адамзаттың алтын ғасыры келе жатыр. Сол алтын ғасырда қазақтың өзін қойып, күллі әлем қазақтың тарихын жатқа соғатын болады.
+
Абай болайық!
Абай керемет адам болған!
Сіз секілді үмітін жоғалтпаған, келешегіне сенген қазақтар көп болсын! Жылай бермейік босқа! Бәрі жақсы болады. Абай атам бізге қарап жүр! Нострадамус туралы жазган пікіршіге респект!
Керемет!...Жазған дүниелеріңізден бұл сіздің қолтаңбаңыз екенін бірден білуге болады. Жазарыңыз бен айтарыңыздың арқасында оқырмандарыңыздың оқитыны көп. Сондықтан сізге шығармашылық жетістіктер тілеймін!Жаза беріңіз, қаламыңыз мұқалмасын!
Айнұр
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Қуанарлығы, Абайға бет бұрып жатқан жастар бар. Абайды аялап жүрген, Абай арқылы қазаққа ой тастап жүрген Абай кз жігіттеріне мың алғыс. Ақберен жарайсың!
Абайы жоқ - қазақ тұл, Қазағы жоқ - Абай тұл! Сақ болайық сауысқандай!
Мұның өзі тым күрделі секілді. Ақыл айту бір бөлек, соны дұрыстаудың жолын көрсетсе игі еді. Біз не себепті Абайды түсінбей жүрміз? Оған жауап жоқ. Мүмкін, біз Абайды баяғывда түсініп қойған да шығармыз.Оған да дәлел-айғақ табылмайды.Мен, мәселен, Абайдың кезеңі мен қазіргі уақытты мүлдем салыстыруға болмайды деген ойдамын. Бүгінгі қазақ Абайдың кезіндегідей емес. Рас, кемшіліктері көп шығар, алайда ол уақыттың адам деу асылық.Ол кезде Абайда ат төбеліндей азғантай ғана қазақ оқыған шығар, ал қазір осы қара шалды мұқым қазақ біледі. Білгеннің ар жағында ұғыну бар.Демек, торығудың мүлдем қажеті жоқ.
Абай тылсым, Абай терең, Абай құпия дегеннен гөрі нақты сол құпиялардың қай жерде тұрғанын айту керек қой. Абай деген түсінікті, анық нәрсе ғой. Оны қазақ жай ғана әлі қорытып, қабылдай алмай отыр десе, дұрысырақ болар. Абайдан елді тым алыстатып, "Ойбай, бұл Абай жолама оған, сен бәрібір оны түсіне алмайсың" деп меншіктегенді қою керек. Басқа жолын іздейік. Әлі біраз ойланайықшы, Абай баратын жол бұл емес.
Оте жақсы жазылған мақала. Ойы терен, ақын, абайшыл Ақберен ағамыздың бұл мақаласы оқыған әрбір қазақ баласына үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Осындай қазақтың жанашыр ұлдары елімізде коп болса, Абай атамыздың аты ешқашан жогалмай, керісінше, әрбір қазақ азаматынын Абайға деген суйіспеншілігін арттыра түседі. Ақберен ағамызға мың алғыс, бәрекелді!
Абайшыл болайық жас ұрпақ!
Медет Смаилов, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы
Жарайсыз, Ақберен аға!!!
(М.)
Жарайсыз, Ақберен аға!!!
(М.)
Келесі мақала не туралы болады, Ақберен мырза? Кім туралы?
Рухани терең... мақала адамға көтеріңкі рух береді екен. +5!!!
Мұның өзі тым күрделі секілді. Ақыл айту бір бөлек, соны дұрыстаудың жолын көрсетсе игі еді. Біз не себепті Абайды түсінбей жүрміз? Оған жауап жоқ. Мүмкін, біз Абайды баяғывда түсініп қойған да шығармыз.Оған да дәлел-айғақ табылмайды.Мен, мәселен, Абайдың кезеңі мен қазіргі уақытты мүлдем салыстыруға болмайды деген ойдамын. Бүгінгі қазақ Абайдың кезіндегідей емес. Рас, кемшіліктері көп шығар, алайда ол уақыттың адам деу асылық.Ол кезде Абайда ат төбеліндей азғантай ғана қазақ оқыған шығар, ал қазір осы қара шалды мұқым қазақ біледі. Білгеннің ар жағында ұғыну бар.Демек, торығудың мүлдем қажеті жоқ.
БҰЛ ПІКІРГЕ ТОЛЫҚ ҚОСЫЛАМЫН,ДЕМЕК ЖОҚТАН ӨЗГЕГЕ ТОРЫҒА БЕРУ ЖАҚСЫ ЕМЕС.
Пікір алынып тасталды!!!
КЕРЕМЕТ!
Себебі, мен де тура сіз сияқты «самородный сары алтынды саудасыз берсе» де менсінбейтін кәдімгі қазақпын. Әдемі айтыпсыз. Әсіресе Абайдың Қара сөздерін қайта қарау кере қазаққа.Әрі "Дін апиын" деген идеолгияме уланбаған жас ұрпаққа оның берері мол болар еді.
Талшын Кәрім
Жалғасы қайда?
Мен сізбен келісе алмаймын, қазақ өзгермесе, тәуелсіздікке қол жеткізе алмас еді.
Егемендік бір адамның ісі емес, мыңның ісі сондықтан қазаққа жаза айтатын адам әлі туғаны жоқ.
Қазақтан барша әлем тәлім алсын, олай дейтін себебім мен қазақтың мәдениетінің өкілімен және оны бізден білетін артық білетін еш адам жоқ!!. Қазақтың қадірін түсінбей жүргендер шет елдіктермен аралапаған көздері ашылмаған адамдар
Соңғы жартас не айтқанын өзі түсінді ме екен? Не айтып отырсыз?
АҚБЕРЕЕЕЕЕЕН! ЖАЛҒАСЫ ҚАЙДААААААААА?
Сәлем жиен қал қалай
Сәлем жиен қал қалай
Ақберен аға, керемет жазылған. Абайды түсіну қиын, Абайды ұғып, оған еліктеу жай адамдарға тіптен қиын. Дегенмен қанша қиын болса да, Абайдан өзге, одан артық жол жоқ. "Абай жолының" да өзіндік сыры осында емес пе?! Рахмет!
Шығыстағы бауырыңыз.
Жақсы пікір. Жаңалық жоқ, тек шешен тілмен шегенделген шерлі дүние.
«Отарлаушылар шекпені» немесе тәуелсіздік жайлы үзік мысал.
Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртпеген, арыстан айбарынан, қасқыр қайсарлығынан қайтпаған," түлкі түлемейтін, қоян қорыкпайтын бір заманда ұлы үлыстар мекен еткен өз ата бабасының жерінде «Қазак» деген ел сайран кұрыпты. Олар ел жеріне қатер төндірген - жауларын Алтай мен Атыраудан асыра қуып, Жайық пен Сырдариядан сыпыра шауып, Сарыарқадан сеңдей соғыстырып, Бетпақтан бет бетіне бездіріп, ешкімге соқтықпай, есесін де жібермей жазира дархан далада жаймашуақ тіршілік кешіпті. Төскейде малы, төрінде ханы халқымен біте қайнасып, айналасы туғанды емес тура билер мен тарих қойнауынан терең сыр шерткен, кешегісі мен бүгінін толғаған жырауларға толы дәурен сүріпті. Ханы жолдан тайса, халқы «ханталапайға» салатын,қара тобыр қате кетсе, ханы жөнге келтіретін болыпты-мыс.
***********************************************************
Күндердің бір-күнінде сол ұлы даланың текті де тегеуірінді ұланы ұлтына өкпелеп, еңселі даланың ұлы қағидасы «еркіндікті» бұзып, зорлықшылдар мен тоғышарлар еліне мол тарту таралғы апарып, бостандығын бодандыққа айырбастайды. Міне, сол күннен бастап қазақ баласының басына «алланың добы» емес, азаптың торы байланып, неше жүз жыл өтсе де тозбайтын «отарлаушылар ойындағысын істесін» деген шекпен кигІзілді. Олар: «Қазақ деген даланың асау тағылары еді, талай алдап сулап, ақшасын беріп қолға түсіре алмай жүр едік, енді өздері келіп, біздің мәртебелі ақ патшамызға «боданхатын» әкеліп, басын иіп тұр. «Алма пісті, ауызға келіп түсті,»- десіп мұртынан жымиысты.Кең далада еркін жүріп тәуелсіз өскен қазақ елі басына қамыт киіп «тәуелділік» деген айықпас ауыр дертке душар болды.
**********************************************************
Ай артынан айлар, жылжып жүріп жылдар да өтті. Байтақ дала, Жер ана өзіңде өскен ұландарың сені үмытпаған екен. Ел жерін азат етіп, құлдықтан құтқарып, ел еңсесін көтеруге Хан Кене келді. Оны көрген ата бабам күңіреніп, күрсініп:
-« Артына ерген қаймана қазақ елі, қайтпас қайсар ері қайда? Неге азы түзде, көбі үйде? Көнбіс болып кеткен-ау, шамасы,» - десіп бармақ тістесті, опық жесті. Жауларының бойында бес қаруы сай, алдында ақырып түрған зеңбірегі, артында алынбас қамалы, ал Кене ханның сарбаздарының қолында қамшы мен шоқпар, аркасында білте мылтык пен садақ, айналасы толған сатқындыққа толы болды. Тіпті қайсыбір ел ағалары елі мен жерін, «ойы» мен қойын «ақ патшаға» шен шекпен, атақ дәрежеге айырбастап жіберген еді. Амал қанша, өз елінен қолдау таппай, барар жері басар тауы қалмаған есіл ер іштей егіліп, туған ел, өскен жерін жамандыққа қимай, онсыз да қанішерлерден парасын алып қойған кырғыз манаптарымен жан аяспай шайқасып, жат жерде жат елдің қолында мерт болды.
******************************************************
Әлқисса, сөйтіп жүріп 1916 жыл да келіп жетті. Отарлаушыларға жаулармен соғысу үшін ор қазатын, отын жағып, суын таситын қазақтан кара жұмысшы керек болды. Өр намысын ұмытпаған қазақ өре түрегеліп, жанын жанып жағаласты. Бірақ отарлаушылар орда тігіп ойына келгенін істеп, ұлы далаға қара кұртша дендеп сіңіп алып, қанша сілкініп жұлқыса да улы дерт шықпады. Керісінше, халықты жұлып жеп тұңғиыкқа тарта түсті. Ақыры бәрі де отарлаушылар шекпенін күшпен киіп, қара жұмысқа жегіліп кете барды.
«Он алтының ызғары» қайтып, 1917 жылы «қазанда» майданға кеткен ағайын ақ пен қызыл болып,елге азаматтық соғыс ашып «төңікеріліп» оралды. Сірә,Лениннің озық тэжірибесі мен Маркстың малта идеясын ұғып келген-ау, ел арасына жік түсіп, екі ұртының бірі қан, бірі май болып, бір бірімен атысты да шабысты. Өз ұлтымыз да, хан да, қара да емес, байды кедей, кедейді тең қылатын, кыска бойлы шайтан сақал, құдайдан да «құдыретті» Ленин «көсе» халыкты тепе-тең болдырып, қазақтың «Алаш» көсемдері мен көзі ашық «коммунистерінің» бастарын айналдырып, бір біріне соғыстырып, коммунаның қуыршак ойыншығына айналдырды. Одан кейін қылышынан қан тамған қанышер, көрінде өкіріп жатқан, мысық мұрт Сталин көке, Ленин о дүниелік болып кетіп, орындай алмай кеткен, қазақтың игі жақсыларын «атып асу» операциясын сәтті аяқтап, халықтың көзін ойып, көрсоқыр етті. Осы көсемдерден кейін де «коммунизм» деген қазақ ұғымында болмаған зорлықшыл дүниеге көптеген көсемдер «отаршылдық шекпенін» киіп келіп, жаны-жайсаң пейілі кең халықты бай да, қуатты елі, туған жері, ұлттық сана сезімі, жер жаһанда қазак ұлтымен бірге жасасып, жан тэні мен рухани азығы болып келген АНА ТІЛІНЕН айырды!
***************************************************
Кеше ме, әлде бүгін бе, ерте ме, әлде кеш пе Қазақ елінде 1986 жылы қыстың бір қаһарлы күндерінде, боран түгілі жел соқпайтын Алматы шаһарында ызғарлы да суық дауыл соқты. Әбден титықтап, жігері жасып, кұм болған, орыстың тілі мен зорлықшыл қоқан лоққысына үйренген қара тобыр:
-Даладағы қазақ жастары неге қазақша ұрандайды, неге қаншама жыл асырап адам еткен ағамыздың баласы Колбинді сыйламайды, ол да өзіміз сияқты «ин, ов, ич» фамилиялы туысымыз еді ғой. Әуелі қазақ ұлты жойылып, « кемелденген коммунизм» деген мемлекет құрылып, бәріміз пролетариат ұлтына айналып келе жатқанда, жастарымыздың бұл көтерілісі бетімізге жағылған қара күйе болды. Ленин марқұмның сенімін ақтамадық, - деп қынжылысты. Ал қазақ жастары кақаған аязда қалың қар үстінде суға малшынып, мұз үстінде қалшылдап, қолға түскені тар қапаста азапталып, қалтарыста құтылғаны білім ошақтарынан қуылып, «улы» ағамыздың тыныштығын бұзбас үшін ауылға қайтты.
******************************************************
Әйтеу бір азапты күндер де аяғына жетіп, «қарны тоқ, қайғы жоқ, бірақ қазаққа өз елінде жер жоқ» осы күнге неше миллион ел үшін кеткен есіл ерлеріміздің жанын құрбандыққа беріп, екі жүз жыл дегенде әрең жеттік. Қаншама жыл сарыла, сарғая күткен «тэуелсіздік» те келді. Арман орындалып, ата баба мұраты жүзеге асты. «Отарлаушылар шекпенінен» қүтылып, төбеміз көкке жеткенше қуандық. Ол ендігі тозып, шіріп жоғалған болар деп ойлап, текке қуаныппыз, ағайын. Сөйтсек оны қуарып жатқан жерінен «үлкен ағамыздың» тілінде сөйлейтін шенеуніктер тауып алып, жаңартып тігіп, аударып киіптІ.
«Ойбай, бұл қалай болғаны» дейсіз ғой, тағы. Өйткені олар сол «отарлаушылар тілінде сөйлеп, солардың ой санасымен қазақ халқына НКВД немесе КГБ саясатын жүргізіп, баяғы өтіп кеткен кеңес заманындағыдай қазақ тіліне пысқырып та қарамады. ¥лы казақ даласында сол үшін қаншама қан төгіліп, қаншама жандар қыршын киылғанын да түсінгісі келмеді. Қазақ жерінің байлығының аркасында шалқып байып, шылқия
тойып отырғанын білмеді. Олар қазақ халқын мазак қылып, қазақ тілін масаттана аяққа басты. Тіпті БҰҰ мінберінен әлемдік барлық мемлекет басшылары өз ана тілінде сөйлегенде, тек біздікі ғана орысша жақсы сөйлей алатынын көрсетіп жүр.
***************************************************
Сөйтіп Қазақ Елінде өз тілін, дінін, салт дәстүрін мансұқ еткен қазақ-
орыстар пайда болды. Жаңа қазақ тарихы ендігі жерде, қазақ-орыстардың ақ патшасы Әбіштің ұлы Нұрсүлтанның қолымен, нұсқауымен жазыла бастады.Мүмкін күндердің бір күнінде ҚАЗАҚ жерінде «ҚаЗРустания» деген мемлекет кұрылса да
таңданбауымыз керек шығар,...
КЕҢЕС
қазаққа зәрлі сөздің қажеті шамалы,нәрлі сөз керек!жалпы қазақ жазғыштары сөз ұйқастығынан гөрі ой тереңдігі мен жүйелілікке бағынғаны дұрыс шығар.Көп қазақтың мақсаты тығырыққа тірелу емес.Соншама ғұлама болсаңыздар,Абай бабам сияқты қазаққа шығар жол көрсетіңіздер!
қазаққа зәрлі сөздің қажеті шамалы,нәрлі сөз керек!жалпы қазақ жазғыштары сөз ұйқастығынан гөрі ой тереңдігі мен жүйелілікке бағынғаны дұрыс шығар.Көп қазақтың мақсаты тығырыққа тірелу емес.Соншама ғұлама болсаңыздар,Абай бабам сияқты қазаққа шығар жол көрсетіңіздер! PIKIRIN AITKANGA AITARYM, KEZ-KELGEN ABAI BOLA ALMAIDY, SONDYKTAN OLARDAN KAZAKKA TYGYRYKTAN SHYGAR JOLDY KORSETUIN KUTPEGENINIZ JON
Абайдың бізге берген мол мұрасын оқып қана қоймай, тереңдігін жүрегімізге орнықтырып,рухани байлыққа ұмтылайық, Қазақтар! Жоғалтқан кеңістігімізді толтыруға күш салсақ, шіркін!
Ақберен бауырым, ойыңыз терең, тіліңіз шұрайлы, жазғаныңыз жанға жағымды. Шығармашылық табыс тілеймін.
Аллатағала өзінің айтарын бір адамның аузына салып айтады екен. Солардың бірі және бірегейі Ұлы Абай деп білемін. Адамға ой саларлық құнды мақала.
Akberen alga!
Kazak mektepterinde kez-kelgen pan, matemtika bola ma, shet tili bola ma, Abaj sozderimen bastaluy kerek. 5 minöt Abajdy okumen. Abajdy Urpaktyng sanasyna singiru kerek.
Turszynzhan Shapaj zhaksy Abajtanushy, sol kisining makalalaryn da okysak zhaksy bolar edi.
Иә, Ұлы Абайды Ұлы Қазақтың жүрегінен жұлып алып тастау мүмкін емес. Егер оның айтқандарын сол жұдырықтай ғана жүрегінің түпкіріне қондыра алғандары болса. Ұлы Абайды басына ұрған қазақ осы түрімен кете беретін болса әлі талай абайларын жылатары сөзсіз. Біге Ұлы Абай арқылы ұлтшылдықтың ұлағатын ұлтсыз қандастарымыздың бойына сіңіруге ұмтылу керек сияқты.
жаман
Пікір қосу