Айжан КӨШКЕНОВА. Ұлт үшін мақтану керек пе? | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Мәжілістің жаңа құрамы: «Нұр Отан» - 83, «АҚ ЖОЛ» - 8, «Қазақстан Коммунистік партиясы» - 7, Ассамблея - 9;
Айтқыш екен
Саяси элита Кремльдің құзырында, Ресейде, баяғы балшабектер билігіндегі Советстанда, ал, бұқара халық өкіметсіз әм үкіметсіз Қазақстанда өмір сүреді.



Загрузка

Айжан КӨШКЕНОВА. Ұлт үшін мақтану керек пе?

Жәрдемші


Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың: «Сен қазақ немесе орыссың ба, мұнда сенің жеке үлесің жоқ. Мұны мақтан етіп, әр бұрышта айғайлау - сейсенбі немесе жұмада туғаныңды мақтан етумен бірдей» деген сөздерін басылымдар жарыса жариялады. Шынымен ұлт үшін мақтану керек пе? Ұлттық мақтаныш кеудомсоқтыққа соқтыра ма, әлде ұлтқа лайық болу игі ұмтылысына жетелей ме?

Менің есіме бірден Тбили­си­дегі аула сыпырушы оралды... Екі жыл бұрын грузин шаһары орталығында бейне сюжет тү­сіріп жүріп, сөмкемді жанымдағы құр­быма ұстатқанмын. Ол да жұмысқа берілгені соншалық, оны көшенің жиегіндегі жеңіл кө­ліктің үстіне қоя салыпты. Сөм­ке сол күйі тарс есімізден шық­қан. Тек жұмысты сәтті аяқ­тап, кафеге келгенде ғана жалма-жан сөмкемді іздедім. Бөтен елде төлқұжатым мен барлық ақшадан айы­рылудың ауыртпалығын ой­лап, көзімнен жас ілезде ыршып шық­ты. Жүгіріп көліктер тұрған жерге жеткеніммен, мәшине жым-жылас жоқ...Салым суға ке­тіп, жақын тұрған дүкенге кіріп, сатушыға мән-жайды айтқаным сол-ақ екен, ол бірден аула сы­пыру­шының бір сөмкені әкеліп бергенін хабарлады. Қарасам, ме­нің сөмкем! Ішіне ешкім қол сұқ­паған.
Сол кезде тым жұпыны киін­ген, аяғын сылтып басқан жарым­жан аула сыпырушының өзі де кел­ді. Мен ризашылығымды үйіп-төгіп, қомақты қаржы са­лын­ған әмиянымнан оншақты лариді (грузиндердің валютасы - ред.) суырып алып, оған сыйақы ретінде ұсындым. Бірақ қанша жалынғаныммен, ол ақшаны алудан үзілді-кесілді бас тартты. Тек: «Грузиндер бөтен біреудің затын алмайды ғой.
Бұл - сіздің дүниеңіз», - деп сы­пайы жауап берді. Содан кейін ұялы телефондарын жоғалтып, олар­ды жылдам тауып алған құр­быларым да шынымен «грузин­дер­дің бө­тен затты» алмайтынды­ғы­на сан мәрте көз жеткізген. «Гру­зиндер кедей болса да, тәкәп­пар» дей­тінбіз қалжыңмен.
Сондай тәкаппар грузиннің бірі - Тбилисидегі менің етікші көр­шім еді. Аурушаң әрі жалғыз басты қарт грузиннің қамқор­шы­сы жоқ. Тек етік тігіп, тапқан та­бысына наны мен суын әрең айы­ратын. Біздің ауланың тұр­­ғын­дары жиналып, анда-сан­да оған азын-аулақ ақша жинап беретін. Біз де оған жәрдем болсын деген оймен етігіміздің жібі сөгілсе де, соған қарай жүгіретінбіз. Бір ғажабы: қарт грузин ұсақ жөндеу жұмыс­та­ры­на ешқашан ақша алмайтын. Тегін. «Біз көрші емеспіз бе? » деп таңдана жауап беретін тә­кап­пар грузин. «Грузин үшін көр­ші туыспен тең». Сол кезде ма­ған: «Егер халқының ізгі қа­­­сиеттеріне тірек болса, ұлттық тәкаппарлық жаман қасиет пе?» деген ой кел­ген.
Грузин екенін мақтан тұтатын жан­ның бірі - халық әртісі Вах­танг Кикабидзе. Грузиндер жай­лы сөз болған кезде ерекше өңі кі­ріп, отандастары жайлы барын­ша сүйіспеншілікпен баяндай жө­нелетінін кездескен жанның бай­қамауы мүмкін емес. Ол Грузия мен Ресей арасындағы араздықты еш түсіне алмайды. «Гру­зиндер сондай қонақжай ха­лық қой!» - деп мұңая ойға шо­ма­тын халық әртісі. Тамыз қақ­ты­ғысынан кейін Ресей пре­­зи­дентінің орденінен де, Кремльдегі ме­рей­тойлық концер­ті­нен де бас тарт­қа­ны бар. Оның бойында ұлт­шыл­дық пен пат­риотизм әдемі үй­лесім тапқан.
Кавказ журналистика мек­тебіндегі біздің тобымызда ше­шесі орыс, әжесі поляк яки не­міс, тіпті әкесі грек грузин қыз-жігіттері оқитын. Бірақ өз­дерін басқа ұлтқа жатқызу олар­дың қаперіне де кірмейді. Бар­лығы ағылшын тіліне сонша жетік болса да, бір-бірімен бөтен тілде сөйлескендерін көрген емеспіз. Өйткені олардың бәрі гру­зин екендіктерін мақтан тұта­тын. Ал алматылық құрбым өзі­нің қожа руынан екендігін есте ұстап, танысқанда араб «текті» екендігін айтуды ұмытпайтын. Оның орыс тілді «араб» қазақ екендігіне олар таң-тамаша қа­лыс­қан.
Айтпақшы, грузин халқының ішінде де, тіпті грузин тілінен өз­ге­ше өз тілдерінде сөйлейтін мег­релдер мен свандар тәрізді он бес шақты субэтникалық топ бар. Бірақ онысын ешкім әспет­теп, сол арқылы мақтануды да, басқалардан оғаштануды да ойламайды. Оның есесіне олар жайлы анекдоттар жетерлік. Гру­зиндер өздерінің кемшіліктеріне күле қарап, өз-өздерін қылжақ ету­ден арланбайды. Ал, мысалы, ше­неуніктерінің Грузияның қай түкпірінен, қай топтан екендігін білу мен оны талдау - олар үшін қы­зықсыз. Жершілдік - мақта­ныш көзі емес. Бір ұлтқа қатысты­лық­ты сезіну - тұтастықты сақ­тау ке­пілі тәрізді. Әр грузин досым өз мәдениетін, тарихын, ұлттық қасиеттерін мақтан тұтатын. Діні мен тіліне құрметпен қарайды. Сол арқылы басқалардың да оны қадір­леуін қалайды. Өздері «на­ғыз грузин» болуға ұмтылады. Олардың өз ұлтын мақтан етуі, ұлттық келбетін сақтау катали­заторы тәрізді. Ұлт дегеніміздің өзі «тарихи тағдырдың ортақ­ты­ғы, бірлігі» екендігін орыс фи­лософы Бердяев айтқан. Ал осы бірлікті түйсінуді философ ұлт­тық санаға жатқызған.
Ертісбаев мырза «қазақ не­месе орыс болумен» мақтанудың мағынасыздығын сөз еткенде, неміс философы Артур Шопен­гауэрдің «ең арзанқол мақтаныш - ұлттық мақтаныш» деген әйгілі фразасына арқа сүйесе керек. «Ірі жеке тұлғалық қасиеттер тән адам өзінің ұлтын үнемі бақылай отырып, ең алдымен оның кемшіліктерін көрсетеді. Ал ештеңесімен мақтана алмайтын бейшара жалғыз мүмкіндікке жармасып, ұлтын мақтан тұтады. Ол оның кемшіліктері мен ақы­мақтығын сүйсіне қорғауға даяр» деген болатын әйгілі ой­шыл. Шопенгауэрдің ұлт жайлы ой­ларын оқи отырып, оның не­міс ұлты жайлы тәптіштеп айты­ла­тын тұстарын қалыс қалдыру қиын. Екінші жағынан Бердяев ұлт­тық сананың екі түрі бар еке­нін айтқан. Алғашқысы - шы­ны­мен халықтың стихиялы ерекше­лік­терін әспеттеп, ешқандай сын­ға жол бермеу. Бірақ «ұлттық сананың одан да жоғарырақ түрі бар. Ол үшін ұлттық болмыс - өзін сынау мен қайта тәрбиелеуді та­лап ететін шығармашылық тап­сырма».
Ғасырлар бойы бодандықта болған қазақ ұлты үшін ұлттық кеу­демсоқтыққа, шовинизмге ұры­ну қаупі үлкен бе? Әлде ұлт­тық негізінен айырылу қатері басым ба? Ұлтымен емес, руымен мақтану, өз тілінде сөйлеуге қым­сыну, өз мәдениеті мен тарихына ат үсті қарау, ұлттық тәкаппарлық­тан емес, ұлттық кембағалдықтан хабар бермей ме? Сол сияқты басқа ұлтты жау көру, бәрінен тек қазақи ерекшеліктерді іздеу, олар­ды қорғаштай қору, ксено­фобия - ұлттық мақтаныштың емес, тағы сол кіші ұлттың кемба­ғал­дығының келесі бір синдром­дары емес пе? Француз ұлтының абыройлы перзенті - алжир текті фуболист Зинедин Зидан. Бірақ оның әке-шешесінің басқа елде тууы оның Франция ұлтының қаһарманына, оның сүйікті ұлына, ең танымал тұлғаларының біріне айналуына еш кедергі жа­саған жоқ. Ұлттық негізде саяси иірім­ге түсірмекші болған күш­тер­ге Зизу тойтарыс беріп, әке­сінің алжир екендігін ұмыт­пау­мен бірге Франция өзінің елі екен­дігін, сол үшін күресетіндігін ашық мәлімдеген.
Олай болса, ұлт үшін мақта­ныш­ты ұлттық кембағалдыққа қарсы инъекция ретінде пайда­лану­ға болмас па? «Мақтанышты басып, тіпті оны әлсіретіп қажеті жоқ. Оны тек лайықты мақсат­тар­ға бағыттаған жөн» деген болатын келесі бір еуропалық философ Гельвеций. Ұлт үшін мақтанышты қалыптастыру ел бірлігін арттыруға, оның сапалық жағынан жоғарылауына, ұлттық мәдени компонентін сақтауға көмектесер еді.

Тақырыпқа орай

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы:
- Әр қазақ өз ұлтына ғашық болуы керек. Қазақ ұлты оған то­лық мүмкіндік береді. Елді езіп тас­таған тарихи кезеңдерде осы қа­сиеттен айырылып қалған уақыт болды. Халық, ұлт болу үшін осы ғашықтық сезімді қайта тірілту қажет.
Бірінші қадам - өз халқыңның ада­ми қасиеттеріңді ашуға толық мүмкіндік беретіндігіне сену. Екіншісі - жауапкершілікті мойындау. Осы ұлттың өкілі бо­ла тұрып, ұлтжанды азамат ре­тінде не істей аламын? Осы тұс­та жаңа мәселелер туады. Егер әр адам өз ұлты үшін мақтаныш пен жауапкершілікті сезінсе, ұлт ынтымақтығы артады. Бұл сапа­да қазақ елдегі басқа ұлт­тарға ұйытқы болады. Бірақ соның негізі жүрегі, санасы қазақ ұлты болып, оның жақсы қасиеттері соларға да тарап сіңуі керек.

Жәнібек Сүлеев, публицист, журналист:
- Бізде ұлттық мақтанышқа айналатын нәрсе аз. Кеңес Ода­ғы кезеңін алсақ, бәрі Ұлы Отан соғысы кезіндегі жеңіс пен сол кездегі қаһармандарды мақтан ететін. Одан кейін жаңа дәуір туды. Бұл кезде біз көне тарихи кезеңді еске түсіріп, хан, батыр бабаларымызды мақтанышқа айналдыруға тырыстық. Бірақ мұның өзі жалпыға бірдей емес. Әркім өз батырын шығара бас­тады...
Екіншіден, мақтаныш болатын нәрсенің өзінен ұлт мақтанышын жасай алмаймыз. Оған қазақтың өзі кінәлі. Мысалы, аш-жалаңаш жүр­сек те, Ұлы Отан соғысы ке­зін­де халқымыз 92 Кеңес Одағы­ның батырын шығарды. Бірақ оның өзі көп жерде айтылып, жазыла бермейді. Мұстафа Шоқай туралы әлі күнге дейін қо­ғам­да әртүрлі пікір бар. Гру­зин­дер болса, одан баяғыда ұлт қаһарманын жасар еді.
Қазақ өзінің кішкентай немесе ұлы жетістігін ағымға түсіріп, ортақ табысқа айналдыра алмай­ды. Неге? Өйткені олардың өз­де­рі бір-бірін түсініп болған жоқ. Грузиндер де іштей өзара топ­тарға, тайпаларға жіктеледі, бі­рақ грузин тақырыбына келгенде олар жұмыла қалады. Мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылған кезде жазушы Iлияс Есенберлиннің ар­тынан Мәскеуге бір вагон арыз келсе, Домбадзенің арты­нан бір вагон жеміс-жидек кел­ген­дігі туралы әңгімені білесіз... Біз - ортақ қазақ дүниесімен мақ­та­ну үшін әлі ынтымақтас­тығы аз елміз.

«Айқын» газеті, 04.02.10.

 


 




Сауал дұрыс қойылмаған. "Шынымен ұлт үшін мақтану керек пе?" емес "Шынымен ұлт(ың) үшін мақтану ұят па" немесе "Шынымен ұлтың үшін мақтануға болмай ма?" т.с.с. болғаны жөн. Сөз түсіне білетін адамға мұнда үлкен айырмашылық бар. Бірінші (авторлық) вариант авторды ұлт үшін мақтанудың дұрыс екеніне күмән келтіріп тұрғандай етіп көрсетеді.
Ал енді тақырыптың өзіне келетін болсақ, Ертісбаев сияқтылар ұлты үшін мақтана алмайды, өйткені сол ұлтты құртуға жанын салып жүргендер ғой. Ұлтыңды мақтан тұтудың қажет екенін дәлелдеу үшін тіпті сонау гүржілерді алға тартпай-ақ, өз тарихымыздан, өз әдебиетімізден, өз болмысымыздан мысал келтіруге болар еді. Жалпы, жақсы және керекті материал.



Мақтаныш деген не сөз ол. Адам өзінің Туған жерін, Отанын, Халқын, Ана Тілін, Мәдениетін, Тарихын - сүю керек. Ұлтты - сүю керек.

Кішкене халыққа үлкен намыс қажет



шынымен тақырыбы біртүрлі екен. Жалпы маған ұнады.



Қазақтар 300 жылдан астам отарланушы ұлт болды. алайда, тарих өзгерді.біз тілімізді, дінімізді, ділімізді сақтап қалдық. бұның ең басты себебі, біз отарланудан бұрын,отарлаушы, билеуші ұлт болғамыз. Арғы аталарымыз Сақтар, Һұндар, түркілер шетінен жау жүрек жаулап алушу ұлыстар болды. Алтын орда тұнып тұрған қазақ мемлекеті, онан кейін құрылған қазақ хандығы алтын орданың жалғасы болды. Қазақ хандығы, Қасым хан тұсында, 300 мың атты әскері бар, заманында, ірі әскери күшке ие болған, имперялық мемлекетке айналған еді. жан-жағындағы мемлекеттерді бағындыруға кірісті.бұл біздің жаулаушы ұлт екенімізді көрсетеді. қазақ ұлтының бойындағы өр мінезді тектілігі, такаппарлығы,зеректігі, алғырлығы, мойымайтындығы бабаларынан қалған қасиет. осы мінезінің арқасында, отаршылық жүиенің қамытына, ішкі энергиясы арқылы төтеп берді. рухани қазығы мықты, дәті берік, есті халық аман қалды. біз өз ұлтымызбен мақтануға хақылымыз, ағайындар. Ерсін Нәсіпұлы. Астана



Маған да ұнады. Мақтанатынымыз көп болса да, біз әлі мақтана алмай келе жатқан сияқтымыз. Сол отаршылдық, құлдық санамыз кінәлі шығар.



Кезинде билдей бир министр болган,мадениет саласына басшылык жасаган, казир президенттин кенесшиси болып отырган адамнын ойы осындай болса жетискен екенбиз!Каскырга кой бактырган казагым-ай.Осындай мангурттер,шириген жумырткалар мына дуниеге кайдан келеди,ойнастан туа ма? Бул ит озинин нагыз тексиз,жетесиз екенин корсетип отыр.Осындайларга елдин тизгинин устаткан сон не болсын.



Қазақ мемлекетін жандандырған Нұрекеңгн Үлкен Рахмет!Оның арқасында мен ұлтымның тарихымды біле бастадым!Мен өз ұлтымен мақтанамын!Мен ҚАЗАҚПЫН!

Қазақия



Мақтанбай өмір сүруге болмай ма? Бұл не комплекс? Еліңді, жеріңді сүю деген патриот болу ғой! Абайдай-ақ патриот болайық! "Осындай мангурттер,шириген жумырткалар мына дуниеге кайдан келеди,ойнастан туа ма? Бул ит озинин нагыз тексиз,жетесиз екенин корсетип отыр".Осындай сөздерден кейін өзің кім болдың?
Шіркін-ай, қазақ тілді журналистердің сараптау құралы тек салыстырмамен шектелетіні несі осы? Анау жақсы, мынау жаман! Грузиндер сөйтеді, біз болсақ бүйтеміз!Осы да өре болып па? Телефон арқылы пікір алған екенсің, ең болмағанда мақтап отырған грузиндердің мақтанышы Думбадзені неге Домбадзе деп жазасың, шимай қарындас?! Мақала жазбай-ақ күн көрүге болады ғой енді!? Осындайлармен енді қалай мақтанасың?! Магистрант



Пікір алынып тасталды!



Еліңдегі барлық металл атаулыны ұрлап-жырлап, Түркияға өткізіп жіберетін Грузиндерді бізге үлгі етіп көрсетіп отырма, нақ?! Грузияда болдым, көрдімғой көзіммен, өтірік, ондада біздегідей жаманы, жақсысы жетеді.



Гүржілер туралы жақсы айтыпты. Гүржілер расында сондай такаппар халық. Кикабидзені көрдіңдер ме, Мәскеудің сөлкебайынан бас тартып халқының қасынан табылды. Орыстар Сталинді ұлықтап жатқанда біздің қарындасымыз гүржі халқының жақсы жағын үлгі етіпті. Ризамын.

Шахарбай



Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең мұның бәрі бос.



Магистрант, өлтірдің! Жассың ғой, сондықтан аямайсың!Сендей азаматтардың сынын естіп мүмкін өзгерер Айжан қарындас. Талма бауырым!



Думбадзені неге Домбадзе деп жазасың?
-----------------------------------------
Домба дейме, Думба дейме, әлде Дүмбе дейме, бәрібір емес пе, бұған бола қазақ тілінің заңдылығы бұзылмайды, оның атын қазақтар қалай атауы керектігін қазақтар өзі шешеді. Орыс тіліндегі айтылу нұсқасының бізге керегі жоқ! Қайта орысшасын тотықұс секілді сол күйі қайталауға құмар сен секілді шаласауат магистранттар қазақ тілін орыс тіліне жығып беріп, санасыз түрде орыстасуға үлес қосып жүрген жоқ па?

Сосын ұлттық мақтаныш өлген жерде бәрі де өледі! Ұлттық мақтаныштан ұлттық намыс туады, ұлтты сүйу де сол мақтаныш сезімі негізінде қалыптасады. Мақтанарлық ештеңесі жоқ нәрсені қалай шын сүйе аларсың! Сондықтан қазақты енді мақтаныш сезімінен айырмақшы болған әлгі "сақау бұлбұл" Ертісбаев секілділердің тілін қысқышпен суырып алып, ертіс өзеніне лақтырған жөн еді. Әттең оның қорғаушылары тым көп, суырта қояр ма екен? Оның үстіне екі аяғын басып тұратын бір жүректі қазақ табылса де!



Ұлтты елемеу - ессіздік!



"оның атын қазақтар қалай атауы керектігін қазақтар өзі шешеді" Жақсы бопты. Айтқышын шіркіннің! Ол өзін Нодар Думбадзе деп атады ғой! Куәлігіндегі жазылған аты -жөнін жазды жарыққа шыққан дүниелерінің астына. Саған бәрібір екен деп ол өз аты-жөнін бұрмаламайды ғой! Өзің осындай тілді шұбарлау процессінде жүрген соң, грузиндер де көнсін дегенің бе? Мақтанасың ба, мақтанбайсың ба - ол жағы енді өз еркің. Ұлттық мақтаныш өлген екен деп қазақ өлмейді бәрібір! Жәй қызыл тіл мен қызба сөз бұның бәрі. Абайды оқы! Сен Ертісбаевты және сол секілділерді ұстап әкелші көрейік әуселеңді! Бұл да жалған террористік ұран! Ертең ол осы сайтты сотқа берсе сенің қышуың қана ма?



Салыстыру барлық саладағы сараптама тәсілі. Мұны керемеееет корректорлық карьера күтіп тұрған магистранттар қайдан біледі.
Қиналма бекер тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ, ойға олақ.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның..............



Тек өзін өзі қор санаушылық ауруына шалдыққан рухани кеселдер ғана өз тілінен көрі өзге тілдердегі айтылуға айрықша мән беріп, соны қорғап қалу жолында өз ата-бабасын мәдениетсіз санауға, қаралауға дейін баруы мүмкін. Кезінде қазақтар өзге тілдегі адам аттарын өз тілінің лексикалық заңдылығы бойынша айтқан, жазған. Мысалы Мұса, Ибраһим, Сүлеймен, Мұқамет, ... Біздің басқалардың сөзін ұрдап қолдану өнеріміз Ресей отаршылдығынан бері қарай басталды және маймұлдық мәдениеттің қатаң нормаларының біріне айналды. Ал әлемдегі басқа ұлттар күні бүгінге дейін өзге тілдегі айтылуы, жазылуы бойынша емес, өз тілінің ерекшелігі бойынша айтады, жазады. Орыстардың өзі Hitler - Гитлер, Nietszche - Ницше, Kierkagaard - Кьеркегор деп жазып, айтып жүрген жоқ па! Демек Қазақ баршаны қазақша атауы керек деген талап шетел кісі аттарын да қамтуы керек. бұл үшін орыс тілінің қамытынан шығу, қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына қатаң құрмет ету бірінші қадам. Баршаға қазақша үн қату еркіміздің әлсіреп кеткені белгілі, дегенмен ақыл-есі дұрыс адамдардан құралған тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі осынау шұбарлардан арылу арқылы "Өзі болу" ды іске асырад. Ал сен басына таяқ тиген асау тайыншаша мөңкімей, қазақтілінің айтылу, жазылу заңдылықтарына сай сөйлеу мен жазу өнерін жетілдіргенің, мәселеге осы қырынан қарағаның әлде қайда естілік болар еді.
-Анахарсис



Жігіттер! Мәселенің байыбына бармай албаты жаза бермесеңдерші. Сараптама жасауда салыстырмадан басқа да әдістер бар деп отыр ғой ол жігіт. Оны апарып Абайдың сөзімен надан, ми жоқ депсің.Танымайтын адам туралы осындай пікір білдіру асығыстық емес пе?



Анахарсис дұрыс айтады. Шетелдік тұлғалардың атын алғаш қазақ тілінде қазақша атаған қаламгер Мұхтар Мағауин. Ол "Мен" атты мемуарында Гейнені Хәйне деп жазды. Қалай? Хәйне. Тіліңе де,жүрегіңе де жақын. Солай емес пе?

Банапарт



Мақтанарлық ештеңесі жоқ нәрсені қалай шын сүйе аларсың!

Бұдан артық не деуге болады?



Ертісбаев Қазақстандағы Рухани мутацияға ұшырау нәтижесінде пайда болған РОБОҰЛТ өкілі. Сондықтан оның генетикалық жадында Қазақ болып туғанына дәлел болатын кодтар жойылып кеткен. Нәтижесінде Ертісбаев тәріздес РУХАНИ МУТАНТТАР - Ұлтым, Елім, Қазағым деген сияқты киелі ұғымдарды мәңгілікке ұмытқан. Сондықтан да олар өздері еркін өмір сүре алатын ҚАЗАҚСТАНДЫҚ РОБОҰЛТ моделін қазіргі жүйеге тықпалауда. Нәтижесі жаман емес. Менің ойымша біз жақын болашақта біз жүздеген ұлттар, мыңдаған діндер, миллиондаған ЖАТЖҰРТТЫҚТАР мекендеген әмбебап мемлекетке айналамыз. Сол кезде бір мақтанармыз - ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҒЫНА!!!
Т.Т.



Банапарт, адамды күлдірмесей, талып қала жаздадым күлкіден! Хәйне саған!



Осы Ертисбаев деген онбаганды жумыр жер калай котерип жур екен.



Ай,Банапарт,Банапарт!
Нагыз-казах-екенсиз.Ризамын.Хайне,Хайне-саган...



Жаксы! Бари жаксы жазылган.

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
4 + 13 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>