Айгүл Қохаева. Билік, оппозиция және ұлтшылдық | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Абұйыр, атақ сол жанда –
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
1996-2004 жылдар аралығында Ресейде білім алған қазақстандық 2 мың әскери қызметкердің оқуына 135,73 миллион доллар қаржы жұмсалған.

(Қаржы министрі Болат Жәмішовтың дерегі)

Айтқыш екен
- Мұрагеріңіз, ізбасарыңыз бар ма?
- Мұрагері-і-і-і-м-м-м... Ізбасарым жоқ. Ізіме түсетіндер көп-ау, бірақ...


Мемлекеттік маңызы ерекше мекеме басшысының мұңы

Загрузка

Айгүл Қохаева. Билік, оппозиция және ұлтшылдық

Жәрдемші


Билік шетелден қорықпайды, билік өз халқынан қорқады

Осыдан екі жыл бұрын «Сарыарқаның» артында митингі болған кезде жұртқа әбден мезі болған ЖСДП белсенділері сахнадан түспей жұртты ығыр етіп еді. Бәрібір олардың белсенділігінен ештеңе шықпаса да, олар жаңадан саяси аренаға шыға бастаған Ермек Нарымбаев сияқтылардың жолын бөгеп сөз бермеді. Мұхтар Шахановтың сөзі айқай мен ұрандарға тұншықтырылып естіртілмеді, ал Е. Нарымбаев пен С. Сапарғали әкімшілік жолымен сотқа беріліп айып салынды. «Алға» сияқты басқа саяси күштерге қосыламын деген Е. Нарымбаевтың ұмтылыстарының нәтижесі оның 4 жылға абақтыға отырғызылуына әкеп соқты.
Сол кезеңдегі уақытпен саяси аренаға шыққан саяси тұлғалардың бірі Е. Нарымбаевтың құрдасы Серікжан Мәмбеталин еді. Серікжан «Руханият» партиясын  басқарғанға дейін ол бір жыл бойы эколог М. Елеусізовтың көлеңкесінде жүріп онымен бірге экологиялық партия құрмақ болды.  «Руханиятқа» Мәмбеталин келгенге дейін бұл партия өлі де емес, тірі де емес, үкіметтің қолбаласы  еді.  Бұған дейін оралмандар жөніндегі комитетті басқарған Жағанова шеттен келген қандастарымызға жұмақ орнатамын деп уәде беріп, бірақ оны орындамай қызметінен кетті. Оралмандарға үкіметтен қыруар ақша бөлінді, оның барлығы Жағанованың қолынан өтті. Осы қаржылардың талан-тараждарға салынғаны жайлы қазір естіп жатырмыз. «Руханият» партиясының негізгі тізімінің мүшелері бүгінгі таңда Жағанованың үстінен ұжымдық арыздар түсіріп, бұл іс әлі жалғасуда.
Партия қатарында бұрыннан келе жатқандардың көпшілігінің таза емес екені анық, сондықтан да олар өзгелерге де сенбейді. Олар С. Мәмбеталиннің шынайы тазалығына сенбеді, ал Е. Нарымбаевты бір емес, екі рет полицияның қолына өздері ұстап берді. Бірінші рет  -   2010 жылдың 30 қаңтарындағы рұқсат етілген митингіде оған сөз бермеді, екінші рет В. Козлов 2010 жылдың 1 мамырында оның командасын пайдаланып, осы жолы ол 4 жылға сотталды.
2011 жылдың аяғында «Руханият» партиясын сайлаудан алып тастаған кезде Гүлжан Ерғалиева қолында нақты дерек болғандықтан «С. Мәмбеталин партиядан айрылды» деген хабарды күні бұрын  таратып жіберді. Шын мәнінде нақты іс 2012 жылдың 6 қаңтары күні түнде орын алды. Осы орайда Президент әкімшілігінде отырған біреу Г. Ерғалиеваны нақты деректермен және Президент әкімшілігінің алдағы жоспарларымен қамтамасыз етеді деуге негіз бар болса керек. Содан болар, ЖСДП-ң парламентке өтіп қалуымыз мүмкін деген үміт оты болды. Бірақ, олардың бұл үміті Әбілов пен Ерғалиеваны сайлаудан «лақтырып» жіберген кезде сөне бастады. Ең соңғы ұшқын ЖСДП парламентке өтпей қалған кезде мүлдем сөнді.
Сөйтіп, қазіргі оппозиционерлер қатарына    -     ескі, кейін қосылған және бүгінгі қосылған жаңа оппозиционерлер бәрі бірігіп амалсыз бастарын қосуға мәжбүр болды. Амалсыз. Себебі, енді оларға өзара таласатын, бөлісетін ештеңе қалмағандықтан бастары қосылып отыр. Оппозициялық күштерге журналистер, блоггерлер, әлеуметтік торды пайдаланушылар қосылды. Жаңаөзен олардың бәрінің басын қосты. Бұған 2012 жылдың 28 қаңтарында өткен митинг дәлел. Көзге шыққан сүйелдей болған Б. Әбіловтен халық шаршаса да, ЖСДП басшыларының митингіні ұйымдастыруға ресми жауапкершілікті алғанына,   еріктерімен қамауға отырғандарына риза болды, оларды ақтап алуға дайын еді. Әттең, бір жағдай болмаса...

Оппозиция мен орыстілді журналистер осы кезге дейін М. Шаханов айтып келе жатқан ұрандарды тіпті түсінгісі жоқ.  Шынтуайтына келгенде билік тек М. Шахановтың өзінен ғана қорқады, сондықтан да оның жұрт алдында қадірін түсіру үшін  неше түрлі айла, амал, істеп келді. Неге? Себебі, билік -  оппозиционерлер, журналистер мен құқық қоғаушылар айтып қорқытып жүрген халықаралық соттардан қорықпайды, билік ұлтшылдықтан қорқады! Сол себептен де ол ұлтшылдық елде тарамасын, қанат жаймасын, тамырын тереңге жібермесін деп бар күшін салып келеді, елді осы сөзбен қорқытады, сүйтіп халықтың қаһарынан құтылып кетпекші.

ҰЛТШЫЛДЫҚ

Ұлтшылдық дегеніміз не? Ұлтшылдық аграрлық елде болмайды. Мұндай елде халықты этноцентризм біріктіреді. Ұлтшылдық қай уақытта пайда болады? Қоғам аграрлық экономикалық жүйеден индустриалдық жүйеге ауысатын кезде қажет. Халықтың мәдениетін, фольклорын, салт-дәстүрін, ұлттық бояуларға қанықтыратын   -   халықтың ортасынан шыққандар. Солар ғана оны дамытады, біріктіреді. Әрбір адам ұлт мәдениетін өз еркімен, өз қалауымен жүрегіне қабылдайды, мойындайды, оған оны ешкім зорламайды. Өз мәдениетінен жүрегіне шабыт, бойына қуат жинайды, соның бәрін жинап алған соң барып индустриалды, өркениетті қоғамның мәдениетінен орын алады. Белгілі бір мәдениеттің өкілдері неғұрлым көп болған сайын, олар соғұрлым сол саяси құрылымның бір бөлшегі болып саяси аренада қызмет етуге ұмтылады, сонда ғана олар өз еркімен билікке бағынады, себебі билік оның мәдени  өкілеттілігін мойындап оның қорғаны болады. Ұлтшылдық кезеңді бастан кешпеген халық саяси тұрақты бола алмайды. Себебі, саясат оның мәдениетіне үнемі қарама-қарсы болып алдынан шығады да тұрады. Мұндай қарама-қарсылық алдыдан шыға берсе, халық оны бір күні төңкеріп тастайды. Өз мәдениетін қолдайтын өкілді билікке отырғызады.

Қазақстанға басқа да ұлт өкілдерінің көшіп келуі оның ұлттық мәдениетіне теріс болған жоқ, ол өзара араласудан байыды.
Қазақ ұлтшылдығынан құтылу мүмкін емес, себебі жергілікті халықтың 65 пайызын құрайтын қазақ мәдениетін жою мүмкін емес. Халықтың шаһарлануы (урбанизация) оның мәдениетін бұрынғыдан да биік дәрежеге көтерді. Ауыл халқы театр мен концерт залдарын салып жатқан жоқ. Ол бар болғаны осы мәдениетте өмір сүріп келеді. Ауылдан шыққандар қалаға келіп өзін біртұтас қазақ халқының жалпы мәдениетінің бір бөлшегімін, өкілімін деп сезінеді. Әрбір жеке адам уағыздайтын мәдениет ол субмәдениет болып табылады, ондай мәдениеттің елдің жалпы  мәдениетіне қатысы жоқ. Ұлтшылдық мәдениетті біртұтас қылады, бірақ жеке субмәдениеттерді, жеке этностың мәдениетін қуғындамайды, себебі ол өз мәдениетін тек өз елінің шеңберінде жүргізеді.

БИЛІК,  ОППОЗИЦИЯ   ЖӘНЕ   ҰЛТШЫЛДЫҚ

Билік неге ұлтшылдықтан қорқады? Себебі, ұлтшылдықтың шекарасын анықтау мүмкін емес. Мүмкін, ол елдің үштен бірінде, мүмкін түгел жүз пайызында бар шығар. Халықты біртұтас ететін ұлтшылдықтан мықты құрал жоқ. Ұлтшылдықты шектейтін шекара, заң, лимит дегендер атауымен жоқ. Осы халықтың мәдениетін, тілін сыйлайтын, оның дамуына үлес қосатын ұлысың, қызысың деген сөз айтса жеткілікті. Осы ұранды көтер, осы халыққа қызмет ет, сонда ғана оның атынан сөйлеуге құқың бар.
Халықты жою үшін, оны қанау үшін, оның ұлтшылдығына тыйым салып қажеті жоқ. Оның тілін, дінін, мәдениетін жікке бөлсең жетіп жатыр. Саяси партиялар дегенді ойлап тауып, партиялар халықтың қамын ойлайды дегенді құлағына сіңірсе де болады. Ұлтшылдықты жою мақсатында ұлттық мәдени орталықтардың ассамблеясы деген жалған құрылымдарды, ойдан шығарылған заңдарды шығарса да жеткілікті.
Енді маған айтыңдаршы, Жовтис, Есіркепов, Дуванов дегендерді кімдер қорғады? Ат төбеліндей журналистер ғана. Еліміздегі орысша сөйлейтін партияларды кім қолдап отыр? Тағы да сол ат төбеліндей журналистер ғана. Орысша сөйлейтін, орысша жазатын ат төбеліндей топтың мүшелерінің біреуі де халықтың, партияның мүддесін ойламайды, қара басының қамын күйттеп жүргендер. Олар мың жерден жаза берсін, халық сендерге дауыс бермейді, сендерді қолдамайды, митингілеріңе бармайды. Сендерді орташа байлар ғана қолдап отыр, себебі олардың азын-аулақ жинаған қаржы мен дүниесі бар. Соларды тағы да молайтқысы келеді. Олар өз қамдарын ойлап сендерден орысша жазуды талап етеді, қазақша білгісі жоқ. Үстіне қара бұлт төнген сәтте шетел асып қашып кетеді. Олардың Винявскийді де, жаңаөзендіктерді де қолдауға құлқы жоқ. Олар «Хабарды» көреді, олар бюджеттен ақша алып отыр.
Бүгінгі таңда оппозиционерлер қатарына М. Шахановтың жағындағылар қосылып жатыр. Қазір халық та, жаңаөзендіктер де ештеңеге түсінбей өзіне өзі сұрақ қояды: «Мені қорғайтындар неге орысша сөйлейді, неге жаңа парламент орысша сөйлейді? Неге жан-жағым толған өтірік? Олар мен туралы не ойлап жүр екен? Әлде өздерінің саяси ұпайларын көбейтумен жүргендер ме?».

Шындық шыңғырып шырқырайды. Егер оппозиция шын мәнінде халықтың жағында болса, ол халықпен қазақша сөйлессін, халықпен бірге болсын! Олай болмаса, біз оппозиционерлерді де, жаңаөзендіктерді де, халықты да қолдамаймыз - қолдай алмаймыз!
Кеден одағын қолдап өзін данагөй санайтын Своик сияқтылардың ойыны  тоқтатылсын! Кедендік одақтың уақыты келген жоқ.
Қазақ тілін екінші орынға ысыруын қоймаса, халық Жармахан Тұяқбайдың өзін ана жаққа ысырып тастайтынын білсін!
Алмат Азади, Гүлжан Ерғалиева, Тамара Калеева сияқтылардың өздерін халықаралық қазы етіп көрсеткісі келген тыраш әрекеттерінен түк шықпайды!
ЖСДП басшыларына айтарым:  Өздеріңді мықты да тәжірибелі саясаткер деген алдамшы қулықтарыңа тойдық. Қолдарыңнан келмесе, орындарыңды жас күштерге босатыңдар!


 




Айгүл!
Сен шын әрі өте жоғары сауатты пікір айттың!



біздің орысшыл биліктен еш айырмашылығы жоқ, кұлдық сезімнен арылмаған оппозицияның құны көк тиын біз үшін!!!
бұл дегенім биліктегі ұрылар партиясын қолдайық деген сөз емес.
Қазаққа қазақша, мұсылманша елді басқаратын тұлғалар керек



Айгүл, Жаңаөзендіктерді қорғаушылардың арасында орыстар мен орыс тілділердің біздің қорқақ, мансапқор қазақтарға қарағанда басым екенін есіңізден шығармаңыз. Қазақ тілінің майталманы, көркемсөз шебері, сол елдің тумасы Әбіштің істеп жатқаны анау...Бұл жерде анау анадай, мынау мынадай деп бөліп, жарудың қажеті жоқ. Біздің тілдің ұнжырғасын түсіріп, өз елінде қайыршы қылып қойған өзіміз сайлап алған билігіміз, ал олардың негізі қазақтар екенін де ұмытпаңыз. Сіз ана, Дуванов, Козловскийлерді мұқият оқыңызшы, қазақтың қамын жейтін сөздерді солар айтады, олардың ойы дұрыс. Ал, басқа халықты қазақ ұлтының маңына жинау нағыз қазақтардың міндеті, ол үшін ешкімді бөліп-жармау керек.



ҰЛТШЫЛДЫҚ ТУРАЛЫ ӨТЕ САУАТТЫ ПІКІР АЙТЫПТЫ. жАҚСЫ МАҚАЛА. ДҰРЫС ТҮСІНБЕЙ, ӨТІРІК ШЫЖАЛАҚТАУДЫ ҚОЙЫҢДАР. АЛ МЕН ӨЗІМ ОСЫ ГҮЛЖАННЫҢ ҚАЗАҚШЫЛДЫҒЫНА КҮМӘНІМ БАР. ҚАЗАҚ СОНЕТІНІҢ АТАСЫ ХАМАҢ, ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВ - ӨЗІ СОНДАЙ ҒАЖАП ҚАЛАМГЕР БОЛА ТҰРЫП, ҚЫЗЫН ОРЫСША ОЙЛАМДЫ ЕТІП ТӘРБИЕЛЕГЕН. НАҒЫЗ ПАРАДОКС!



Ұлт зиялылары Ұлтшыл Көшбасшы жариялап, ашық күреске шығу керек. Көшбасшылыққа Берік Әбдіғали, Мұхтар Тайжан, Мәулен Әшімбайлар жарайды деп ойлаймын. Өзбек бауырларыңыз.



Ббилік - ДҰРЫСТАҢДАР!!!!!!



ШАХАН
Оппозиция тек ана тілде(қазақ)сөйлеу керек,барлық ұлтшылдар жұдырықтай жұмылып бірігіп,бір-бірін пайдаланбай жұмыс жасау керек,халықты шынайы оппозиция екеніне сендіру керек сонда ғана халықты ерте алады,қазір халықтың көпшілігі қуыршақ оппозиция деп ойлатыны өтірік емес,оны естіпте көріпте жүрміз.
ШЫМКЕНТТЕН



Нағыз ұлтшылдар түрмеде отыр. Олар - Исаматулла мақсұм бастаған топ. Олардан ас ып ешкім ұлтшыл бола алмайды. Нағыз е,ліңді сүйген жан болсаң соларға ара түс. қазақты адастырмайтын идея соларда бар. Қазақ.



Мұхтар Шаханов Мұхтар Тайжанды ұлт зиялыларына ұсынып, Көшбасшылық тізгігін берсе, сөйтіп жаңа партия құрып ашық күреске шыққаны дұрыс. Зиялы қауым үнемі Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Тайжанды қолдап, қуаттап отырса 1-2 жылда Ел билігінің басына таза қазақтар келер еді. Сөйтіп нағыз ұлттық мемлекет құрылғанда ғана қазіргі талан-тараж бен парақорлық-жалақорлық тоқтап, Қазақ елінің бақытты ғұмыры басталады. Ақбас Ақсақал.



25 ші АҚПАН БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНДЫ ОЯТУ КЕРЕК СОЛ ҮШІН АЛҒА



оппозициядағылардың әуел бастан келе жатқан басты қателігі - бірлігінің жоқтығында және де қазақ тілінде сөйлемегенінде, қазақ тіліне келгендегі бұлыңғыр ұстанымы, қазақ тілінің шешілмеу қазақтың зығырданын қайнатып келе жатқан ең басты мәселе, бұл факторды, мейлі оппозиция болсын, мейлі билік болсын, ескермесе, нақты, жалтақтыққа бой алдырмаған, саяси саудаға айналдырмаған, жаныашырлық көзқараспен шешпесе, қазақ тілі мәртебесі бойынша Жаңаөзеннен де үлкен қоғамдық жарылыс болады, бұл жарылыстың басты ерекшелігі Қазақстанның басым бөлігін қамтып, қалың халық көтеріледі!



2 қонақ, біздің елді мұсылманша емес, қазақша басқаратын тұлғалар керек. Мұсылманша дегенің, уахабша дегенің ғой.



9 қонақ өте дұрыс айттың. Шаханов пен Тайжанды бас көсем етіп сайлап, жаңа һәм таза ұлтышлдар партиясын құрайывқ. Бәрімізді атып құрта алмайды бұл билік. Мұхтар Шаханов бүгін кеште Астанаға келеді. Ұшақжайға күтіп алуға барамын. Сөз реті келгенде осы ұсынысты айтамын.



9-шы, 13-ші екеуінің ұсынысын қолдап, Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Тайжанды қолдап, жаңа партия құрған дұрыс. Сөйтіп оған "Қазақ ұлттық мемлекетіне адал қызмет етуге ант етемін" деп ант қабылдағандарды ғана қабылдау керек. Егер партияны билік тіркемесе, билікті төңкеріп тастап күшпен тіркету керек. Басқа жол жоқ. Таяу жылдарда қазақ тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі жойылуы мүмкін.



МЫНАНЫҢ КІМ екенін Кәрішал Асан-ата айтсын! Егер ОЛ шынында жоңғардың ұрпағы болса, ҚАЗАҚТЫ түгелімен жою саясатын мықтап ұстайды. Оның алғы шарттары қазірден белгілі. "Қазақстан" мемлекеті, "Қазақстандық" ұлт, ҚАЗАҚ ТІЛІН өшіріп "үш тұғырлы тіл" саясаты, бүкіл жер асты-үсті байлықтарын сатып, екі орыстың мемлекетімен бірігіп, "еуроазиялық одақ", "ортақ экономика", "ортақ рубль", "ортақ қорғаныс", "ортақ әскер" бітт т.б. "ортақтар". ОЛ ата-бабасының ҚАЗАҚТЫ жою арманын толығымен орындады. .АЗАМАТТАР қайдасыңдар?!



“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi,
жиһанкез Реналью Гаспирин



Жалпы оппозиция болсын болмасын, қазақтардың барлығына жеке ру ,ру, ду, ду, жүз, жүз болып бытырамай, Ұлтшыл болатын уақыт жетті. Кез келген қазақ, мейлі, профессор, мейлі жүкші,, әсіресе мұғалімдер. Ал Мұхтар Шаханов, шышында да ұлтшыл адам, бірақ кәсіби саясаткер емес. Бүгінгі Ұлтсыздану процесімізді ол кісі ақын ретінде, қоғам қайраткері ретінде баяғыда-ақ сезіп-білген. "Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы" деген өлеңінде жақсы айтады. Қазіргі саяси сахнаға Ұлттық мәселені шынайы, түсінікті, кәсіби түрде көтеріп шығатын қазақи ортадан шыққан, білімді, рухты, табанды, кәсіби саясаткер керек. Ол М. Тайжан деп айта алмаймын. Оның да тілі ақсап жатыр. Берік Әбдіғали сияқты жігіттер болса жақсы болар еді.



Мұхтар Шахановты Қазақ халқының рұхани көсемі етіп жариялап, жаңа ұлттық партияға Мұхтар Тайжанды төраға ету керек. Асығу керек. Болмаса ұлтсыздандыру саясаты тым күшейіп барады. Ертең мүлде бой бермей кетуі мүмкін.



біріншіден халықтың атынан сөйлейтін сіз кім едіңіз екіншіден қазақша сөйлемесе жаңаөзендіде қолдамаймыз дегеніңіз адамгершілікке жатпайды біреуге мал қайғы біреуге жан қайғы деген қантамған жарасын жаза алмай жатырғанда бұныңыз буынсыз жерге пышақ салғандай болады



Ұлттық партия құруды қолдаймыз ғой көпшілігіміз әрине, дегенмен, бүгінгі күні билікке қарсы шығып отырған орыстілділердің де күшін пайдаланып қалу керек. Мұқаңды азамат, ақын ретінде сыйлаймын, ал „Арал қорын„ басқарғаннан кейін, кейде билікпен ауыз жаласып кететіндіктен, партияға көсем бола алады деп ойламаймын.
Қазіргі оппозиция басшылары артына халықты ерте алмайтындықтарын көрсетті. Енді шынымен жаңа тұлғалар керек.
Меніңше Тайжан, Жақиянов, Қуанышалин сияқты адамдардың қолдарынан келетін сияқты...



Өткенде Қарағанды қаласында бір жиын болды. Сонда ұстаз ағайымыз "1986 жылғы көтерілісте бастама көтергендердің көбі қазақша сөйлей алмайтын еді" деген болатын. Ұлтқа жаны ашымағандар дей аласыз ба? Әлбете жоқ. Айгүл Кохаева, ал сен кім едің халықтың атынан қолдаймыз, қолдамаймыз деп қай қайдағыны қопсытатын. Сенің мақалаң жалған Ал айтшы әпкетай не ұттың? ЖСДП қалай болғанда да билікке батыл қарсы шығып жүргендер, ал соларды сен сияқты қыртымбай, еліне шын жаны ашымайтын жазғыштар келіп қудаласа, міне бұл қазақтың, мына өзің айтып отырған ұлтшылдықтың өлгені. ҰЛТШЫЛДЫҚ ҰЛТЫҢМЕН БІРГЕ БОЛУ.



12 шалом саган! Орбитадагы еврей орталыгына барып журсин ба? Сени сагиндик кой- Дурыс айтасын казахтар баскара алмайды! Маскара болады!Мусылманша шамасы келмейд.Сопылар -кан тогуге киси олимине апарады. Орысша баскару керек. Жергиликти казахтардан Шалом партиясын куру аркылы сиз биз боп нагыз демократаия курамиз. И окончательно куртамиз! Шаломга кел Орбитада жане орталыкта!



Қалайда ұлттық партия, жаңа көсем керек. Немесе қазақ өз елінен айрылады. Соны түсінелік, ағайын.



Бас басына би болан өңшең қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын !?
Бүгінгі таңдағы қазақтың етегін жауып жүрген, қасқа мен жайсандарымыздың барлығы жік-жаппар болғанды қойып бір ТУдың астына бірігуі керек !
Руханият, ОСДП, НұрОтанның әйтеуір "қазақша түшкіретін" қанаты т.б. т.ғ.с тіпті Амантай қажыға дейін арғы пиғылында ортақ ниеті бар азаматтардың тайлы тұяғын қалтырмай басын құрап, бір мақсатқа жұмылдыра алатын ЛИДЕР керек !!! Тұлға керек !!!
Қалай ойлайсыздар !?
Сондай бір Ұлттық партия керек па деймін ! Ал сол партияның ішінде оңшылдар, солшылдар, радикалдар, Исламға жақын жамағат, Шахановшылдар дегендей қанаттары болсын-мыс, ең бастысы Қазақтың Ұлттық мүддесін қорғауда сөзіміз салмақтырақ, сықпытымыз қомақтырақ көрінер ме еді !?



Жалпы оппозиция болсын болмасын, қазақтардың барлығына жеке ру ,ру, ду, ду, жүз, жүз болып бытырамай, Ұлтшыл болатын уақыт жетті.
--------------------------------------------------

Рушыл болу - қазақшыл болудың басы! Рушылдық пен жікшілдікті шатастырмаңыз! Мен уәлетшілмін, сосын рушылмын, сосын - тайпашылмын, сосын жүзшілмін - осының бәрі менің ұлтшылдығым!
Өйткені, адамның үстінде шапанға дейін ішкиімнен тұратын талай киім бар! Тек қана шапанмен әумесер ғана жүреді!



Билік өлсе де ұлтшыл бағыттағы партияны тіркемейді. Сондықтан ұлтшыл тұлғалар ЖСДП ға кіріп ол партияны ұлттық партияға айландыруы қажет Аққу көкке шортан көлге шаян шөлге тартуды тоқтату керек. Бөлшектенген күйі өмір сүрсек бөлшектенген күйі жоқ боламыз.Нұрым



Соңғы кезде ЖСДП күш алып келе жатқанда "жарқ" ете қалған мына мақала мені әлдебір ойға жетелейді, Мұхаңның ЖСДП мен жақындасып кеткені билікті қатты қорқытып отыр, Шаханов ертең қол бастап шығамын десе артынан ереуіл атқа қол салатын алаш баласы аз емес. Сондықтан да осы Айгүлдің жазған мақаласындай факторлар ұлтшылдардың назарын уақытша да болса басқа жаққа аудара тұрады, мәселен, ұлтшылдар партиясын құру(ол бұл биліктің тұсында мүмкін емес нәрсе әрине, бірақ өте әдемі отвлекающий маневр орысша айтсақ) және де оппозиция өкілдерінің космополиттігін былшылдатып бетіне басу сияқты айыптардың дәл осы сәтте ытқып бірінші орынға шыққанына қарағанда бұл қазақ орысы бар бірігіп жатқан халықты іштей ірітуге арналған шаралар ма деп қаласың. Әйтпесе жоғарыдағы бір қонақтың Жаңаөзендегі оқиға кезіндегі Козлов пен Әбішті салыстыра жазғаны шырқыраған шындық емес пе. Ұлтшылдардың да демократтардың да қазіргі таңда жаулары ортақ оны бәрі түсініп отыр, егер олар түптің түбінде бір нәтиже шығарамыз деп білек сыбана, бірігіп қимылдайтын болса онда дегендеріне жетер еді. Майданнан Әшірбек



8 -ге Нағыз ұлтшылдар Халқына қызмет жасауда. Олар - сендер сиякты көп сөйлеп елді дүрліктіріп жатқан жоқ. Ей Қазақ.ағыз е,ліңді сүйген жан болсаң деп қай еліңді айтасын, Пакістан ба? уздери адасып журип турмеге тускен топ, сол уп суп идеясымен шыкпай ма турмеден? Іреген ауыздан шіріген сөз деген осы



Майдан сайтындағы Әшірбектің(27 Жариялаған Қонақ) сөзінің жаны бар.
басталды. Арандату амалдары тағы да басталды. Ең өкініштісі оның қасиетті Абай атамыздың атын арқаланған сайттан басталуы. Мен осы мақаланың авторы Айгүл Қохаеваның бар адам ба, жоқ адам ба екенін білмеймін. Бірақ саясаттан да, парасаттан да Қоқ етпейтін адам екен.
Бұл "далбасасы" біздің ұлт та, халық та өтіп қойған далбаса. Бұл қармаққа енді надан, соры қайнаған "қалдық ұлтшылдар" түсіп қалмаса, басқалары кімнің кім екенін көрді.
Қазір біз үшін қазақтың қол сүйгіш "зиялысымақтары" мен қоғамды дауыл шалғанда бастарын қазанның түбіне тығып алып, үн-түнсіз жатқан "страус" белсенділерінен бір Козлов мың есе артық. Қазақша сайрап тұрған, тілімен орақ оратын "мырза-лардан" қазақшалары қалт-құлт еткен Болат Әбілов пен жас та болса бас болып жүрген Мұқтар Тайжандар миллион есе артық. Бауырлар, мына арандатушылардан АБАЙ болыңдар.



Әшеке, Айгүлдің мақаласына кесіп бірдеме деуге қиындау болып тұр маған... Негізі мына Жаңаөзендегі билітің оңбай қателесуі - шынымен оған дейін, кейін дегендей екі кезеңге әкелді. Рас, Айгүл шашыратып жазған, бірақ Өзен жағдайына дейінгі оппозиция әрекеті шындық қой. Біраң сенің ұстанымың дұрыс деп ойлаймын, бізге тек адами арды айту ғана қалып тұр. Орыс болсын, орман болсын адам баласын қамалғандары дұрыс емес, сондай кезең болып кетті, орыс тілділер да шынымен батылдық көрсетті, оларда мүмкіндік те бар ғой, ұлтшылдарда ондай мүмкіндік жоқ. Ал мына мақала орысша жазылған екен, орыс тілділерге де бір сабақ болар,,, Негізгі күш ұлтшылдарда, тек шашырап отырмыз, әттең...

Көк Тәңірісі - Тәңірінің Тұқымы жоқ, заты жоқ. Жер Тәңірісі Темірдің Тұқымы - түрік, заты - от!



Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Тайжанның абырой-беделі, танымалдылықтары оппозиция көшбасшыларына қарағанда, әлдеқайда жоғары. Сондықтан да олар біз үшін нағыз қаһармандар болып табылады.



Орыс тілді оппозицияға бүйрегім бұрмаса да, Мұхтар Шахановты толық қолдаймын! Жандос



Мынадай саяси тақырыпқа статья жазу сізге әлі ауыр !!!
Ұлтшылдық туралы сөз қозғауыңыз дұрыс,бірақ шикілеу.
Өз халқыңызға оқ атылған кезде "анаулар" қолдайды ,сосын оны біздер қолдамаймыз деген өте қатты қателік. Өлімнің ұлты жоқ !Сол қаза тапқандаға жандары ашып шырылдап жүргендердің ұлты не керек сізге ?Үндемей тынып отырғандар, не болмаса сіз құсап арандатушылардан көрі қазақ емес СТИНГ-тің акциясы қазаққа пайдалы емес пе қазіргі кезде ?
Ұлтшылдықты жақтаймын деп ойыңыз басқа жаққа , тіпті жан жаққа шашырап кеткен.
1)Саясат оп-оңай шаруа емес тек статья жазумен,сайт ашумен шектелмейді.
2)Сіздің талпынысыңыз дұрыс (сайт elrayi.kz)сайт ашу,ұлтшылдықты жалау қылуыңыз.Бірақ мынадай сараптама жасау,халықтық атынан сөйлеу артықтау. Таза өз атыңыздан "менің ойымша"деп жазғаныңыз орынды деп білемін.
3)ЖСДП -лидерлерін т.б-ды менсінбеу сізге ертелеу.

Егер артық кетсем айып етпеңіз.
Сіздің сайтыңыз ашылған кезде ең біріншілердің қатарында қолдап коммент жазған ағаңның бірі:))

Іске сәт замандас -Айгүл.



АЙГҮЛ ҚАЗАҚТЫ БӨЛУГЕ СЕНІҢДЕ ҮЛЕСІҢ ЕСКЕРІЛЕДІ.



"Дана - ойындағысын он сан сараптамай, ақ-қарасына көзі жетпей айтпайтын адам, надан адам - аузына келгенді тежей алмай, қиялына келгенді құса салатын адам" - депті 13-14 ғасырда өмір сүрген ұлы данышпан Хасан Дехлеви. Хасан Дехлеви деген кісі Иранда Ислам төңкерісін жасаушылардың рухани көсемі имам Хомейни пір тұтып, әрбір сөзін басшылыққа алған данышпан-ақын. Мен Мұқтар Шаханов пен Тайжанды күні кешегі ұлы ерліктері үшін құрметтеп, қолдаушыларды қолдаймын. Өте керемет, өте марапатты нәрсе істеді. Керек кезінде керек жерден табылып, керек сөз сөйледі. Бірақ оларды дәріптеу үшін келесі тауларды қасақана төмендетудің қажеті болмаса керек. басқасы былай тұрсын, қолдарыңдағы сағат. Соның бір тетігін алып тастасаң, немесе "мынаусы жақсы екен" деп олардың орындарын ауыстырып тастасаң не болады? Сондықтан енді ауызбірлік тапқан азат ойшылдардың, азаматтардың арасына от тастаудан, оларды бөлшектеп, бөліп алып бір-біріне айдап салудан аулақ болайық. Түсінсеңдер осы, түсінгілерің келмесе "болған іске сыншы көп", ауыздарыңызға келгенді айқайлап, ойларыңызға келгенді жаза беріңіздер.
Менің тағы да айтарым осындағы Әшірбектің сөзі сөз. Арамыздан бір парасатты пікірші шыққан екен соның сөзінің пайымына жетейік.
29 Жариялаған Қонақ.



Қазақтілді оппозиция қорқақ, қоғамдағы қайшылықты мәселелердің астарын терең ұқпайды, ойлары да, сондықтан, айтқандары жәй "шәйпу қатынның" сөзі секілді. "Қазақ тілінде болмаса - жаңаөзенді де қолдамаймыз!" деген не сөз! Халықты қырып жатқанда "тілді" сылтауратып, күресті басқа арнаға бұру - осындай щаласауатты адамдардың ғана "қолынан келеді", дәлірегі, келмегендіктен (өзінің не айтқанын түсінбейтіндіктен) осындай ыдыратушы мақаласымаақты ұсынады. Гүлжаннан садақасы боп кетсін көп білгіштер және соның бірі Айгүл Қоқай. (брын атын естімеген екем).



1. Ұлтшылдығымыз Шахановпен өлшенетін болса, жетіскен-ақ екенбіз.
2. Қазақ үшін еткен еңбектерімен өлшенетін болса, Козлов, Винявский, Дуванов сынды азаматтарды қазақтың нағыз ұлтшылдары деп атауға әбден болады.
3. Мақала авторының жеке көзқарасы ұлтшылдық өлшеміне сай келмейді деп ойлаймын, өйткені негізгі трактаттары сол қазақ ұлтының терең мүддесін көздейтіні байқалмайды.



"Козлов, Винявский, Дуванов сынды азаматтарды қазақтың нағыз ұлтшылдары деп атауға әбден болады". .... Ертең билік басына тілім, жерім, ұлтым дейтін басшы келсе қандай "ұлтшыл" екендіктерін көресің. Бозғыл.

 

Мұрағат

Мамыр 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
0123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031123

Айлық статистика

<<  >>