Айдос Сарым: Коммунистердің ұлтшылдығына күмәнмен қараймын | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Айдос Сарым: Коммунистердің ұлтшылдығына күмәнмен қараймын

Жәрдемші


Қазақ құрылтайына қатысты саясаттанушы Айдос Сарымның сыни пікірімен порталымыздың тұрақты оқырмандары таныс болар. Айдос Әміроллаұлы аталған құрылтайда баяндама жасаған коммунист Ғазиз Алдамжаровтың  сөздерінен де «іліп алар ештеңе таппадым. Ол кісінің айтқандары баяғыдағы "Знание" қоғамының лекторларының қаладағы зауытқа келіп, "мал тұқымын асылдандыру керек" дейтін   жаттанды баяндамадан аспады. Қайта жарыссөздегі хабарламалар, аймақтардан келген азаматтардың сөздері жүз есе мазмұнды, тартымды болғандай көрінді» дейді.

-  Ал, Айеке, құрылтайда бас баяндамашы Ғазиз Алдамжаровқа шүйлінуіңізге жол болсын. Оны сынауыңызға не себеп болды?

- Оны сіздің газетте де, басқа да басылымдарда да көптен бері ашық айтып жүрмін. Кезінде Серікболсын Әбділдинге де ашығын айтқам. Жақында компартияның бірінші хатшысы болған Ғазекеңе де қайталадым. Алдамжаровты адам, тұлға ретінде сыйлауға дайынмын. Дегенмен оның бүгінгі саяси ұстанымдарына үзілді-кесілді қарсымын. Менің түсінігімде қазақ бола отырып, коммунист атану - сатқындықпен пара-пар. Кезінде ұлтымызды жоя жаздаған идеологияны ұялмай ұстану - қазақты қорлау. Сондықтан коммунистік лидерлердің "ұлтшылдығына" күмәнмен қараймын. Коммунистер қазаққа бірдеңе айту үшін  Ленин мен Сталин сияқты қанішерлердің қылмысы үшін кешірім сұрасын. Олардың атын шығарып, көкке көтерулерін қойсын. Содан кейінгісін уақыт көрсетер. Бір ағаларымыз Ғазекең де керемет ұлтшыл деп қалды. Онысы рас болса, азаматтық, адами, қазақи таңдауын жасасын. Бүгін, дәл қазір. Олай етпесе, ағамыздың бұл тіршілігі түске дейін педагог, түстен кейін педофил болғандай әсер етеді екен. Әрине, педагог та, педофил де балаларды өздерінше жақсы көретін шығар, алайда бұл екеуінің  "балаларды жақсы көруінің" мақсаты мен мұраты әр-түрлі емес пе? Бар меңзегенім осы ғана...

 

-  Осы құрылтайдың өту барысына қарап, қызыл сөзді судай сапырған қазақтың басы ешқашан бірікпейтін сияқты көрінеді ғой...

 

-  Мен осындай жалпылама сөздер мен пайымдардан аулақ жүруге шақырар едім. Қазақтың үлкен мәселеге, жеме-жемге келгенде бірігетініне, біріге алатынына толық сенемін. Өзіміздің халқымызды қаралап, жерлей бергеннен не шығады? Кейбір ағаларымыз сияқты қазақтың қараң болашағы хақында өкіне берсек, күрсіне берсек не болады? Мәселе басқада. Қалың қазақ дәл бүгінгі құрылтай көтерген ұрандар мен лозунгілер төңірегіне біріге ме деп өзімізге сұрақ қойып көрелік. Менің ойымша, ол екіталай дүние. Олай болатын болса, мәселенің мәнісін қазақтан емес, өз басымыздан іздесек қайтеді? Мысал келтіре отырайын. Құрылтайға қатысушылардың барлығы дерлік: жерді қайтадан мемлекеттендіру керек деген ұран тастады. Оған жиналғандар ду қол шапалақтады. Әсіресе қалада тұрып жатқандар қызу қолдады. Ал, жақсы, мемлекет қайтадан барлығын өз қолына алды. Сонда не болады? Егер жаңағыдай ұран тастағандардың қисынына салсақ, жерді иеленіп отырғандар оны мемлекетке тапсыруы керек. Соны мемлекет қайта бөліп, қайтадан коммунизм орнатпақшы ма сонда? Әлде қайтадан колхоз құрамыз ба? Ол үшін қайтадан кәмпеске өткізіп, халық жаулары мен байларды атып, Итжеккенге айдаймыз ба? Осы қисынды жалғастыра берер болсақ, онда қаладағылар да кезінде жекешелеген пәтерлерін мемлекетке қайтару керек. Себебі жалпы "әділдік" принциптері ауылдықтармен қатар қалалықтарды да қамтуы тиіс. Сонда азамат соғысын бастап кетуіміз керек пе 1918-ші жылдағыдай? Ондай жағдай бола қалса, талай "Қараш-Қараш" қайталанады деп неге ешкім аузын ашпады? Күрек пен кетпенді соңғы рет осыдан қырық жыл бұрын ұстап кеткендер бүгінгі күні жерді иеленіп, оның арқасында күн көріп отырған үлкен тап өкілдері туралы неге үндемейді? Мәселе жерді миллион гектарлап алғандар туралы емес: оларды сөзсіз орнына қою керек. Ал бір-екі гектарға астық, картоп егіп, жекешеленген шабындықтарға малын жайып күнелтіп жүрген қазақты қайтеміз? Екінші рет қолдан аштық жасап береміз бе? Ауылдың көпшілігі қазақ деген өзіміз емес пе? Сонда қалай? Қисын қайда? Осындай жалған коммунистік, социалистік ұрандардан қашан құтыламыз? Жер болған соң оның иесі болуы керек. Иесіз жердің киесі болмайды. Мемлекет пен қоғам сол жердің қорланбауын, тиімді пайдалануын қамтамасыз едіп қадағалап отыру керек. Бұл әлемдік үрдіс. Болмаса, біз бүгінгі Қырғыз еліндегідей жағдайға түсеміз. Жері барлар мен жері жоқтар ол жақта ашық теке-тіреске шығып отырған жоқ па? Қазақтың түбіне жетсе осы жер дауы жетуі мүмкін. Осыны да ұмытпайық. Ал елді біріктіретін мысалдар керек болса, оның барлығы баяғыдан аян: ол Тәуелсіздік, Ұлттық мемлекет құру, Ұлттық мемлекетті ұлттық мүддеге сай жұмыс істеткізу, Ұлттық байлықтың ұлт мұратына қызмет етуі, қазақ тілі, тарихы, ділі, діні, Түрік бірлігі.

 

-  Аузыңыздан Қырғызстан деген сөз шығып қалды. Құрылтайдағылардың басым көпшілігі осы Қырғызстанды жиі мысал етті. Соған ұмтылуымыз керек деді. Соған қалай қарайсыз?

- Қырғызстандағы жағдайды Қазақстанда қайталау керек дегенде өз басым үлкен күдікпен қараймын. Біз бүгін парасатымыздың безбеніне демократияның құны мен мемлекеттің мақсатын салып, өлшеуіміз керек. Қайсысы артық? Көрші қырғыз елінде мемлекет жойылып, одан қалса, екіге бөліну қаупі бар. Бізге де керегі осы ма? Егер демократия тәуелсіздіктен айыруға әкелсе, елдің, жердің ыдырауына апарса, онда ондай демократияның құны бір тиын. Демократияның орнауы билікті бір бандиттің қолынан екінші бандиттың қолына апарып бере салу деген сөз емес. Мемлекетіміздің демократиялық механизмдерсіз өмір сүре алмайтыны да хақ. Демократия дегеніміз жеке бастың жауапкершілігінен басталса, демократиялық мемлекет - тарихи сүзгіден өткен, шыңдалған ортақ жауапкершіліктің жемісі. Оған жету үшін бүгінгі билікті қирату, тақтан тайдыру жеткіліксіз. Назарбаев кетсе болды, еліміз Жерұйыққа анйлапы, ертегідегідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды деп санау - саясат емес, саяси сандырақ. Тарихтан білеміз: нағыз күрделі саяси сынақ авторитарлы билік құлаған күннен басталады. Осыған дейін қордаланған, жиналған проблемалардың барлығы жарыққа шыға бастайды. Сол кезде ауыл емес, мемлекетті шайып кететін ұлттық деңгейдегі Қызылағаштың қайталанбайтынына кем кепіл? Ауылға ел аман болса асарлатып көмек беруге болар, ал мемлекетке қол ұшын кім соза қояды дерсіз? Олай болатын болса, біз мықтап ойлануымыз керек. Саясатта оңай жол болмайды. Оңай жолдар мен оңай шешімдер түптің-түбінде тығырыққа апаратыны айқын.

 

- Мұхтар Шахановтың қозғалысы алғаш құрылған кезде, біздің газет: «Бұл ұйым екіге, үшке, тіпті қырыққа жарылады» - деп, жазған едік. Сол пікір шындыққа айналатын түрі бар ғой?

- Мұхтар ағамыз бастаған "Тәуелсіздікті қорғау" қозғалысы енді ғана бекіп, ұйымдастыру мәселелелерін шешіп келеді. Құрылмаған ұйымды бөлінді, жарылды деу қателік болар. Жақында ғана жалпы жиын болып, онда қозғалысты құрудың жолдарын, қозғалыстың жарғысын талқыладық. Менің түсінігімде, Мұхаң елімідегі кез-келген партиямен тең тұлға. Халқымыздың асыл азаматы, сүйікті ұлы. Ол ағамыздың беделін, оған деген халықтың ілтипатын біздер билікті ұлт мәселесіне қарату үшін дұрыс пайдалануымыз қажет. Олай болатын болса, Мұхаң бастаған қозғалыс ұлттық ұйымдарды, жастар ұйымдарын, зиялы қауымды біріктіріп отыратын "аға ұйымға", "арбитр ұйымға" айналуы тиіс. Оның қасынан талай ұйымдар, қорлар, қоғамдық бірлестіктер құрыла берсін, қанат жайсын. Бірақ, "Тәуелсіздікті қорғау" дер кезінде ұлтқа да, билікке де, партияларға да бағдар беріп, жөнін айтып отыратын, бірлесіп жұмыс істеу, әрекет ету дәстүрін қалыптастыратын ұлт ордасына айналуы тиіс. Егер бірігіп жұмыс істеу дәстүрі пайда болса, ол ерте ме, кеш пе институтқа айналады. Бүгін биліктен басқа қоғамға сөзі өтер институт жоқ. Ондай институттарды дамытуға биліктің құлқы да жоқ сияқты болып елестейді. Олай болатын болса, кем дегенде бір беделді ұлттық, қоғамдық институтты дүниеге әкелу біздің парызымыз. Әрине, осындай қисынды қабылдағысы келмейтін, өз басына төбе, өз айналасына көсем болғысы келіп жүргендер де аз емес. Бірақ олардың уақыты әлдеқайда өтіп кеткен. Жалғыздың үні шықпас дейді қазақ. Олар бірдеңе депті, олар ренжіп жатыр екен деп ұлттың көшін тоқтатып қоятын уақытымыз жоқ. Саясаттың жапан даласында жалғыз қалам деушілерге артық сөз айтып, солардың лаңы мен айқайына назар аударудың қажеті шамалы. Ол да саяси таңдау шығар. Оған да түсіністікпен қарайық.

 

- Құрылтайда қазақтың мүйізі қарағайдай ғалымдары, ақын-жазушылары болмады ғой. Осыған қарағанда, қазақ мәселесіне жаны ашитын зиялы қалмаған сияқты ма, қалай ойлайсыз?

- Өз басым ондай жағдай болатынын сезгем. Таң қалудың қажеті жоқ. Зиялы қауымның басын біріктіру үшін ұран тастау мен қатты сөз айту аздық етеді. Жазушыларымыз да соқыр емес: беделі, салмағы бар адамдардың, ұйымдардың маңына ғана топтасады.

- Құрылтайда сөйлеген азаматтардың көбі Кенесары хан жайлы пікір айтты. Саясаткер ретінде айтыңызшы, Кенасарының басы табылып, елге әкелінсе, біздің елдің мемлекеттік құрылымын өзгертуге болады деген сөз бар. Осының жөнін түсіндіріңізші?

-  Кенесары - қазақ ұлттық қозғалысының символы. Бұл сөзсіз. Оның рухы, ісі бізге рух беруі керек. Алайда оның басын әкелсек болды, қазақтың бағы ашылады, биліктің басы кетеді деу барып тұрған надандық. Оның басын елге қайтару міндет, тарих алдындағы жауапкершілігіміз! Алайда тек осыны ғана саяси күрестің мұраты, жалауы ету - қиянат. Қай тұрғыдан алсақ та. Ақыл-парасат тұрғысынан бұл - тап-таза фетишизм, діни тұрғыдан - күпірлік. Егер рухты, жігер мен қайратты жүрегімізден таба алмасақ, онда ешқандай бас та, басқа да жәдігер де бізге көмектесе алмайды. Кезінде, есімде бар, дәл осындай әңгімелер Тайқазанды әкелер алдында көп тараған болатын. Тайқазанның Қожа-Ахмет кесенесінен орын алғанына қаншама жыл өтті, жағдаймыздың жақсарғаны шамалы. Ертең Ер Кененің басын тауып, елге әкеліп, арулап Түркістанға қоялық. Жағдай тағы да өзгермеуі мүмкін. Сол кезде біреу Әл-Фарабиді, тағы біреу - Бейбарысты әкелу керек деп ұран тастауы ғажап емес. Одан қалса Аттила мен Шыңғысхан да бар. Тарихымызды терең білсек, одан тағлым алсақ, парасатпен таразыласақ ұлттық рухты оятуға болады. Оның оянуын, жандануын белгілі бір оқиғаға не жәдігерге байлап қоюға өз басым қарсымын.

 

-  Осы құрылтайдан кейін болашақта бұдан да үлкен құрылтай өткіземіз дегенді естідік. Алғашқы қадамымыз қиындау болды, келесіде көш жүріп кетеді деп ойлайсыз ба?

- Мен білсем жазда Әлем қазақтарының кезекті құрылтайы өтеді. Соны айтып отырған шығарсыз. Ал өткен құрылтайға байланысты Ницшенің "Бізді өлтірмеген нәрсенің барлығы бізге күш береді" деген сөзі есіме келеді. Өткен іс өтті, болар іс бітті. Ол да тарих болып қалар. Ұлттың оянуы, ой мен рух сілкінісі бір құрылтаймен шешілетін іс емес. Осыдан да сабақ ала білейік.

 

Сұхбат «Дат» жобасымен жарық көріп жатқан «Общественная позиция» газетінде басылған. www. abai.kz ақпараттық порталы сұхбаттың толық нұсқасы беріп отыр.

 


 




Бірдеңе жазу керек секілді болды да, бұл кісінің әулиелігі мен даншпан пікірлері маған қалай әсер еткенін айтайын деген ойымды есіме келген басқа бір әңгіме бөліп жіберді де, жазудан кештім. Ол мынадай қарапайым күлдіргі болатын: Қожанасыр бір күні ойнап жүрге балаларды алдамақ болып, оларға "пәлен көшеде тегін ақша таратып жатыр" деп соғыпты. Балалар сеніп қалып солай қарай тұра жүгіріпті. Сонда Қожекең олардың артынан біраз қарап тұрып: "әй осылардікі кенет шын болып қалып, сол ақшадан құр қалып жүрмейін, кім біледі дейсің" - деп өзі де балалармен ілесе жүгіріпті дейді.
--Анахарсис



Құрылтайға бардым. Түңілдім. Ұялдым. "Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма жан"(Абай). Ұйымдастыру дәрежесі төмен емес, өте төмен болды. Идеологиялық бағыттары жоқ, мүлдемге мақрұм. Бұл жігіттер қазақты қайда апарары белгісіз.



тәтті сөздерден құрастырылған доктриналарыңызды оқыдық. Ұлттық саясат тұжырымдамасының шалымына да келмейтін ортанқол дүние көрінді.Тәтті сөздер, уәделер, қаптаған "керек-тиістер", үміттендірулер, тереңдік, тұшымдылық, көркем әдебилік жоқ, өзіне өзі серт берген секілді екен, Жұғымы қандай болар екен. Анықтықтан, нақтылықтан гөрі жалпылығы басым. Кешегі доктринаға қарсы шу-шұрқан барысында бұл доктринаның аты әптен жауыр болып, ренішті оятатын атауға айналып еді, жұрт мазмұнына қарап жылы қабылдайын деседе, жүрегіндегі бір мұзы ерімей тұратын секілді ме?! Әлі жата-жастана зерделеп, қайсы бұрышында Қазақстандық ұлттың елесі тығылып жатқанын асықпай саралау керек! Халықтың талқысына салмай бекітіп жібергені қалай? Жақсы болса алдымен жалпы беттік оқып, бағаланып, сосын барып қабылдану керек еді. Асығыстықтың артында шайтандық тұрған жоқ па? Оның жақсы-жамандығына Қазақ ұлты баға беруі керек еді, ал сіздер өздеріңіз құрастырып, өздеріңіз "Керемет" деп мақтанасыздар! Бұл ұят қой! Нағыз даншпандардан басқа ешкімге өз шығармасы ұнамай қоймас!



(Жалғасы)
Ешкім бұл туралы пікір айтып жатқысы келмегеніне қарағанда бұл нәрселеріңіз (доктрина) аты бар да, іске асуы жоқ көп құжаттың бірі ретінде ығыстырылады ғой! оны айтасыңдар, тіпті біздің Конституциямыздағы Тіл туралы баптың орындалмағанына 20 жыл болды, ал оның ішіне биліктегілерге пайдалы қайдағы бір түзетулер қосылып, атазаңның тек сол тұсына ғана айрықша мән беріліп, тек сол жерін ғана орындау науқаны болып жатқан жоқ па?



Пікір алынып тасталды!



(Жалғасы)
Доктрина дауын қайта үрлеудің қажеті жоқ әрине! мен де осынау жауыр тақырыпқа шұұқшиғым келіп отырғаны шамалы. Дегенмен әр нәрсенің өз орнымен болуын дәріптеушілер үшін, доктрина да өз деңгейінен ұзамай қызымет етсе жарады, ал ондағы жалпылама сөздер қалай түсіндіріледі, Герменевтикалық, структуралық, функционалдық тұрғыдағы талдаулар қалай болаыд, соған қараймыз да.
-Анахарсис тектілердің біреуі



Барлық пікіріңізге қосыламын, азанда коммунист түстен кейін ұлтшылдар туралы да дұрыс батырып айтыпсыз. Айдос мырза но.., тек бір пікіріңізге қосыла алмайды екенмін. Кене ханның басын тауып әкеліп Түркістанға жерлейік дегеніңізге. Бұл не қылған делі ауру. 1846 жылдары өлген Кенесарының басын іздеп табайық деген. Ау ағайын, бір сәт жындылықтан есімізді жиып неге қарамаймыз болашаққа. Ал таптық делік, жерледік делік. Содан соң..Осыны жасаған сендерсіңдер деп қырғызды шабамыз ба қайтадан? Әлде қоқаннан кек аламыз ба, мүмкін орыстан шығар. Мүмкін қайтадан арғын+-+дулат болып өз ішімізде қырқысамыз?
Хан Кененің басын тауып алар болса, сол Кенесары ханның бел баласы Сыздық сұлтанның өзі іздеп табар еді, патшадан сұратар еді. Мұсылман жұртында өткенге салауат деген болады. Бұл өте жақсы нәрсе. Оның не екенін білмейтіндер болса айтайын , яғни барлық жауларының бұрын жасаған озбырлықтарына толық кешірім жариялау, қазіргі құқық тілімен айтқанда полный амнистия. Пайғамбарымыз да өзінің немере ағасын өлтіргендерді, ағасын өлтіргенімен қоймай, ішін жарып бауырын шайнаған мүшрік әйелді де кешіреді. Сыздық сұлтанның әкесін жоқтап қырғызға барғанын, моласын тауып құран оқығанын білесіздер ма? Алатаудың бауырындағы қырғыз қазақты түгел жинап салауат айтқанын білесіздер ма? Көп тарихшылардың оқығаны тек Бекмаханов, әдебиетшілердің оқығаны тек Әуезовтың жазғандары немесе қазіргі заманғы қияли жазушылардың жазғандары. Білімі таяздығынан өрескел пікірлер айтады да жүреді. Сыздық сұлтан әкесінің өлген жеріне барарында, жанына бірнеше кісі жолдас ертіп барған. Оның бірі сол кездері жалындап тұрған жас, қырғыз қазаққа бірдей даңқы шыққан Жамбыл ақын еді. Барған соң қырғыздар әкесін құнын даулап келді - деп қатты қорыққан. Асты үстіне түскен. Сондағы Жамбылдың естелігін оқыңыздар..1940 ж. шыққан Жамбыл шығармалары 1 томы. Яна латын әріпімен жазылған, Жамбылдың алдында, хатшысы оқытып отырып, өз редакциясынан өткізген. Сонда Сыздық сұлтанның Қырғыз сені шапқалы да келген жоқпын, құн сұрағалы да келген жоқпын. Әкемнің өлімінен кейін қазақпен араларың жаман суып кетті. Күнде дулат сені шабады, сендер оларды барымталайсыңдар. Мен сендерді татуластырып, араларыңда татулық болсын деп келдім. Өткеннің бәріне салауат айтам дейді.
Өстіп баласы Сыздық сұлтанның өзі кешіп, бәленің барлығы өз пиғылымыздан, жақсылықтың барлығы Құдайдан екенін түсінгенде, бүгінгі бізге не жорық? Қанша атамның басы, қанша жерде шашылмай қалды. Қазақ даласының бәрін зерттеп қазып келсең жер астында көміліп жатқан ата бабаларымыздың сүйегі, басы шығады. Нанбасаңыз археолог, антропологтардан сұраңыз. Ақтабан шұбырындыда қалмақтан қырылып, сүйегі тау-тау болып үйілген ата бабаларымыз, Ашаршылықта қырылған, етін ит құс жеп, сүйегі көмусіз қалған миллиондар ойландырмайды ма? Айта берсем таусылмайды...Сондықтан бұл пікіріңізбен келісе алмаймын, Айдос мырза. Өткенге салауат дейік. Шоқай баласы



Ей Шоқай баласы кім болсаң да!!!! Бүгін ол әрине аруақты адам Кенесары деген. Бірақ тарихта бұлай болуы керек еді деген заңдылық жоқ енді мен саған айтайын. Сол Кенесары бабамыздың тікелей ұрпағы неменесі болып келетін ұрпағы бүгін Астанада Проваславие шіркеуінің басшысы екендігін сен білесің бе? Ақымақ!!! Басқа дінге басқа ділге кіріп өзінің ата-бабасының құндылықтарының барлығын жығып берген. Немене оттайсың анау-мынау деп. Тарихты жақсы білет ін болсаң соны неге жазбайсың???



атасының басын әкеліп берсең де, ол енді Қазақ болмайды..өкінішті екен...Жазайын осы порталда жариялайсыздар ма? Істерріңізге Сәттіліктер тілеймін іздей беріңіздер! Бірақ бір кішкене ғана әңгіме айтсам бола ма?
Баяғыда араптарға мұсылманшылық келмей тұрғанда олар өте надан болған. ілім білімнен жұрдай болса да, біз мықтымыз, біз тектіміз деп жата жастанып бір бірімен айтысып, таласып жатып, мақтана береді екен гөйтіп. ақындары Ата бабаларын, өз руын мақтап үлкен үлкен ғазелдер, дастандар шығарған. Сіздерге айтпағым мына мысал: Сол жаһил араптардың тіпті соншалықты асыра сілтеп жібергені туралы мынадай дерек бар. Бір араптың руының көсемі менің халқым көп деп мақтанады, екінші ру көсемі - Жоқ, менің руымының саны қарақұрым - деп бой бермейді. Ақыры санап шығады, іште жатқан, туылмаған балаларына дейін. Ең соңында бірі жеңілгісі келмей, менің ата бабаларым сеніңкінен де көп еді, соғыста көп қырылды дейді. Жүр зиратқа барып дәлелдеймін. Ақыры зиратқа да барып, барлық жатқан молаларды санап кеткен екен...
Ғұндар туралы бұдан да бір қызық хиқая бар, сұрасаңыз оны кейін айтармын



Арабтар туралы әңгімелердің бәрі қызық деп ойласаңыз, қателесесіз. Ғұндарыңызды да қоя тұрыңыз. Шын қызық қазақтың өз тарихында да жетерлік. Сыздық төре туралы да айтылған әңгіменің еш жаңалығы жоқ. "Қызық" демекші ол арада бір қызық жәйт айтылмай қапты. Сыздық төре қырғыздардан әкесінің ер тұрманын талап етеді. Ол өзі зілдей ауыр нәрсе екен, жәй ат көтере алмағасын, бір шаруа өгізге салып жүр екен. Бері шыққаннан кейін Сыздық төре жолдастарына ерді жарғызады. Іші толған алтын екен. Алтынды серіктеріне бөліп беріп, Сыздық батыр басын ерге салып, еңкілдеп жылаған екен.
Жалпы Сыздық төренің өмірі де ерлікке толы эпопея ғой, әттең соны не жазатын, не киноға түсіретін қазақ табылмағаны...
Ал енді негізгі тақырыпқа оралсақ, алды-артымызға топырақ шашып, бет жыртысқанды қойып, елдігімізді қорғап қалудың амалын қарастырған жөн. Ат төбеліндей ғана ұлтжанды саясаткерлерімізді бір біріне айдап салмай, орынды сөзін қолдап, орынсызын мәдениетті түрде сынап, түзетіп отырып, тізе қоса қимыл жасамасақ, мына ит ырылмен ештеңеге қол жеткізе алмаспыз.
Айдос болсын, қай Дос болсын, шама шарқына қарай халқына қызмет етіп жүргендер. Сонысына рахмет делік. Саясаткерлерін сыйламаған ел өркениеттен ада ел. Улап шулап жүріп "Ел бірлігі" тұжырымдамасы бір жөнге келтірілген сияқты ғой. Құдайға шүкір. Біздің де шырылымыз ескерілген шығар. Сәбит Мұқановтың бір очеркінде Каспийдегі итбалықтар туралы айтылады. Оларды мұз бауырлап жатқан жерінде орыстың аңшылары таяп келіп, шоқпармен соғып өлтіреді екен. Сонда итбалықтар аңшыларды көре салысымен, тура адамша жан ұшыра шыңғыратын көрінеді. Бірақ басқа қарекетке бара алмайды. Біздің қазіргі кейпіміз сол итбалықтардың жағдайын еске салады-ау. Құр шыңғырудан басқа да қарекет жасай алатындар табылып жатса, құба-құп қой.
Ал Айдостың "жаңа ұлтшылдар керек" дегені көңілге қонымды пікір. Әсіресе жастар арасынан. бірақ оларды "көнекөз" саясатшыларға қарсы қоюдың қажеті жоқ. Қалайда бірлесудің амалын жасау керек.
Қабыл



ЖАРАЙДЫ надандық кезіндегі араптарды да, варварлық кезеңдегі ғұндарды да қойдық. Адамның баласы бол, атаңның баласы болма деген сөз бар ғой, соны меңзеген едім. Ұлшылдардың бірігуі керектігі туралы пікіріңізге қосыламын. Бірақ араларында бір харизмалық тұлғадағы лидер шықпайынша осылай ырду-дырду жалғаса бермекші...Шоқай баласы



фактиләр диққат-е шайан

http://download.files.namba.kz/files/200470
http://download.files.namba.kz/files/200470
http://download.files.namba.kz/files/200474

http://download.files.namba.kz/files/200474

Ғұрмат білән, Шоқай ұғлы

PS. мәнгә үшбу мәсәләдә ғарыз намәсін ибәремін дигенләр мына төмендегі икаметгаһқа ибергейләр.
shokay9@yahoo.com



Бұл мәселенің пікірталасқа айналып кетерін білген жоқпын, ешкімді ренжіту де ойымда болған жоқ. Менің қарсы болып, пікір жазғаным, тек қазіргі кезде Кенесарының басын іздеп сабылып жүрген фетишисттер мен тәңіршілерге ой айтпақ еді. Болмаса Кенесары туралы, оның және баласы Сыздықтың ерліктері туралы жырлар мен тарихи деректерді сүзіп оқып, әрқашан құрметтеген едік. Қабыл ағамызды ашуландырып аламыз деп ойламаппыз. Қабыл аға біздің ортақ мақсатымыз бар сықылды, мынау әлемді күлдіріп "Бас іздеп жүргендерге"  бірігіп қарсы пікір айтып, оларды доғаруымыз тиіс емес пе.

Ұрысқара ұраным!



Халықта бір сөз бар"Күрілі бар да, жаңбыр жоқ" сіздің бастамаларыңыз осындай ойға жетеледі де тұрады.



Қазақтың бір құрылтайы олай өтпеді, былай өтті, мынадай болғанда жақсы болар еді деген сөздер сәуегейлік сияқты. Ең бастысы ұлтшылдар жиналды, басы бірігіп шара өткізді. Соған қуанайық. Бәрн де ақылға, парасатқа және байсалдылыққа салып шешкен жөн тәрізді.



Ұлтшылдар деген ақыл ойы жетілмеген, рухани ергежейлі болып қалған қоғамның күлдері. осы құрылтайсымақтың ұйымдастыру деңгейін көрсеңіз онымен толық келісесіз. осындай ергежейлерді көргенде Назарбаевтың бар екендігіне шүкіншілік еттім Алла тағалаға



Қазақ сендейлерге де арнап мақал шығарған ғой: Сұр иттің көтін сұқ ит жалайды деп!



ағасы мәдениетсіздеу болсада жақсы айттыңыз
 



Басқа айтарым жоқ Айдос мырзаға. Соңғы бес-алты айда, Ұлт деп ұрандаған Айдостың сөзі осы болса, өзі айтпақшы біреулер аман болсын. Дос жылатып айтпайды, уақытылы келіп көмектеседі. Ал құрылтайдың нәтижесін уақыт көрсетеді. Ұлт деп ұрандағанның бәрінің Айдостан ақыл сұрауы шарт емес. Қолынан келсе өзі жасап көрер, басқа не дейміз? Ішің ашыса, тұз жала Айдос!



Дәл айтылған сөз: Айдос, ішің күйсе тұз жала! Бірақ қазақ бәрібір жеңеді, кеше ғана оппозиционер болып, уақыты келгенде ұлтшыл бола қалғаныңыз ұят! Коммунистте нең бар? бірінші өзіңнің өткеніңе көз салсай?



Жігіттер сендер ең бірінші саяси пікірталастың негіздерін игеріп алуларың керек шығар. Айдос деген қазақтың интеллекуталды потенциалының ең негізгі ұйыстырушыларының бірі есмес бірегейі. Доктрина қазақ ұлтының жеңісі. Билікпен мұндай жұмыс істеу екінің бірінен келмейді. Күшті болсаңдар сендер неге бармадыңдар. Өфткені билік интеллектуал мен саяси күшті ғана силайды. Соның бюірі Айдос. Біз барлығымыз ұлтымыз үшін күресеміз, бірақ күрес деген біреудің намысына тиіп, сол ұлт үшін күресіп жүрген жігіттерді ғайбаттау емес. Ол бүгінгі технологиялар мен саяси әдіс-тәсілдерді игеру, сол жағынан үйрену қажет. Коммунистердің қазаққа жасаған қиянаты оте үлкен. Егер ашаршылық болмағанда бүгін қазақтың саны 25 млн болуы керек еді. Осыны естеріңе ұстаңдар және үйреніңдер. Саиров Ерлан



саяси пікірталастың негіздері - деген не ол, сондай сабақ бар ма өзі! игергенде жаттаймыз ба, әлде басқа жолы бар ма? - демекші, - осындай шалақұрсақ ақылшылар қайдан шығады, өзі. тап бір керемет сөз сөйлейтін кісіше, тап бір қоян алатын бүркітше иғын қомдап, елге бұйрық жолдайды. Былай сөйлемей, алай сөйлеңдерші дегендей! Олар адамдардың еркін пікірін тосап, бәйге атындай өткір өйлардың екі аяғын тұсап, тек солардың өлшеміндегі сөзді айтқызып, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойғысы келеді. беттеріне маска киіп алған, ал ниеттері арам, сөзіне қарап өзін тануға болмайтын, бер жағы мен аржағы екі бөлек, тап бір қытайлар секілді, тәтті сөзді үйіп төгетін, ұлтшыл, отаншыл болатын, бірақ бар көздегені өзінің ат шығаруы (атың шықпаса жер өрте дегендей) мен қара басының пайдасы болған осынау қызыл көз біреулер орталық азияның, соның ішіндегі Қазақстанның еркін ойына қақпақ қойып, халықты алдап, сұрқия биліктің санасыз бөлшегі болып жүр.
--- Біреу



Тұп-тура төбесінен түстіңіз. Бұл жігіттердің сөздері ұлтқа жан ашығансыған нағыз НӘНшілдер екені байқалады.



Айдостың өз айтуы бойынша бұл істе үлкен еңбек сіңірген азамат Дос Нұрахметті де ұмытпайық. Ол кісінің нағыз интеллектуал екенінен хабарым бар. Осы іс туралы сол кісінің әңгімесі де қызық болар еді.
Қабыл



"Қазақтар! Ұлы Отан, Жеңіс дегенді ұмытыңдаршы! Сол отаның Ұлы болса мәңгі құламас еді, көрген күнің жеңісті болса еске алған елің жыламас еді. Орыс жеңімпаз мықты болса жигули жасамас еді. Қазақ қазы-қарта орнына колбаса асамас еді ғой... Қазаққа Ұлы бүгінгі Қазақтың өзі..."

Оралған, Астана қаласынан



Коммунистердің қазаққа ғана емес, жалпы ССР халықтарына, соның ішінде орыстардың өзіне жасаған қиянаты орасан. Дегенмен, саясатта көп пікірлік, көп партиялық деген ұғымдар бар. Коммунистік партияның да бір саяси ұйым ретінде өмір сүруге құқығы бар. Қазақты қырған бүгінгі коммунистер емес қой. Соншама оларды жерден алып жерге салатындай бүкіл қазақ алдында кінәлі етіп. Бұл жерде Айдос артық кеткен. Негізі Айдосқа кішкене этика жетіспей жатады. Сырбаздық па екен... Мужландық бір леп есіп тұрады. Педофил, педагог деген сөздер оның деңгейі болмау керек, қанша дегенмен көпшіліктің көз алдында жүрген адам ғой. Басқа мысал құрып қалып па. Ал, былай жаман жігіт емес.



Осы құрылтайдан келгеннен кейін мен ойлап қалдым:"Билікте Назарбаевттың болғаны жақсы екен,әйтпесе,мыналар елді құрдымға апарады!".



сұры иттің артын жалаған сұқ иттер не деген көп. бұлар ит емес, шүйебөрі ғой! Әрі арсыз, әрі қорықыншты, әрі жиіркенішті, әрі түкке тұрғысыз, ілкке алғысыз!



:))) Көп шуылдақ не істейді, билемесе бір кемел депті ғой.



қазақ ұлтшылдары бірігіп, ынтымақтасып кетеме деп, олар қоғамның күретамыр мәселелерін көтеріп, онсыз да қаны қайнап, рухы көтеріліп келе жатқан қазақтарды бастап кетеме деп, Ресейге қосылу миссиясы кешіге ме деп қылп-қылп, жылп-жылп! Әлеуметтік оянысқа қарсы әлеуметтік мысықтілеу жындылық деген осы да! БІрін біріне айдап салудай Қытай айласын меңгеру жағынан қытайдан кем емес екендіктерің көрініп-ақ тұр!
Қайран жаным не қыласың, болмашыға құрбан боп,
КҮн астында қызығарлық Күнікей қыз тұрған жоқ!
(Несіпбек Айтұлы)



Осы Айдос інім келер буынның көшбасшысы болар деп үміттенуші едім, мына Құрылтай төңірегіндегі айтып жүргендері тіпті көңілімнен шықпады. Бақастық па, іштарлық па, ұғып болмадым. Былайғы жұрт - біз үшін қалың қазақ бас қосыпты, Құрылтай өткізіпті дегеннің өзі көңілге медет. "Көш жүре түзеледі" дегендей бастамасы жақсы екен, артының қайырын берсін, деп тілейік! Азаматтар "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын" деңгейге жетіпті десек, жалғыз өзі жағы талмай жамандай беретіні жақсылықтың нысаны ма? Көпшілік күткен көңілге де бір уақ зер салғаны жөн емес пе?
Бұрын Секеңнің балтырынан шайнаңдай беретін тісін енді Ғазекеңе салыпты. Әділдік үшін айтқанда қазақ халқынан кешірімді алдымен НӘН көкесінен сұратып алмайды ма? Комчиктердің мөрі де, ақшасы да сол кісінің қалтасында кеткенін жас болса да, саясаткер ретінде білуге тиіс қой.
Сөйлемдерінің астарына үңілсем, "сарай бұлбұлы" бұл ініміздің жанында НӘН көкемді қорғау жөнінен далада қап қоятын түрі бар ма деп қалдым. Қата айтсам - өзіме жақсы.
Бір рет айтқан екенсің - сол жетеді. Қайталай берсең өз қадірің кетеді. Солай, бауырым!



“Біздер, ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫНА қатысушы қоғамдық ұйым өкілдері мен ұлтшыл азаматтар

- Ата-бабаларымыз аңсаған Қазақ мемлекетін құру мақсаты жолында біріге жұмыс жүргізуге келісе отырып,

- Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі жылдарда билік тарапынан Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бағытында қазақ халқы күткен деңгейде нақты іс-әрекеттердің болмағандығын ашық айта отырып,

- Қазақ халқының тілі мен дінін, рухани дүниесін сақтау және ұлттық мемлекеттің болашағының алдындағы өзіміздің міндетіміз бен жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, Төмендегі Тұғырнаманы қабылдаймыз....

7. Ұлттық мемлекеттің, ұлттық идеяның болмауы салдарынан қазақтың ішкі бірлігі ыдырау қаупі пайда болды. Біз тіл жағынан – “нағыз қазақ”, шала қазақ”, “орысбай қазақ” болып бөлінсек, дін жағынан – “зікіршілер”, “уақапшылар”, “дәстүрлі дін ұстаушылар”, т.б. бөлшектенуденеміз. Саяси көзқарасымызға байланысты – “оппозиция жағындағылар”, “билікті жақтаушылар” болып жіктелеміз. Кейбіреулеріміз жүзге қарай бұра тартуға дайын тұрамыз. Алаштың басына күн туып, қазақ ұлтының сақталуы мен ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу мәселесі күн тәртібінде тұрғанда аз ғана қазақтың бөлшектенуі - өліммен тең! Ұлт мүддесі үшін барлығымыз бірлесе жұмыс жасайық.

8. Ұлттық бағыттағы мәселелерді саяси күштердің - билік пен оппозицияның – өздерінің саяси мақсаттарына пайдалануына жол бермеу қажет. Сонымен қатар біздің ұлтшылдығымызды радикалды, эктремистік тұрғыдан түсіндіруге, басқа этникалық топтарға қарсы қоюға бағытталған арандатушылық тәсілдерге тосқауыл қоя білейік. Еліміздегі барлық азаматтардың саяси-азаматтық құқықтары бірдей. Сондықтан да қазақ ұлтының құндылықтарын қорғау, жандандыру бағытындағы іс-әрекеттеріміздің басқа ұлт өкілдерінің құқығы мен еркіндігіне ешқандай нұқсан келтірмейтіндігін мәлімдейміз. ..

10. Ұлт мәселесі белгілі биліктің, азаматтық топтардың, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың жұмысы емес. Бұл әрбір қазақ азаматының қасиетті міндеті. Ұлттың өзекті мәселелерін бізге ешкім де шешіп бермейді. Оны қазақтың намысын оятып, рухын көтеру арқылы, нақты жұмыстар мен заңды, саяси тәсілдер арқылы тек қана өзіміз шешеміз.

Қазақ құрылтайы. Алматы, 2010 жылдың 25 сәуірі.

Қазақ Құрылтайының Кенесары ханға қатысты қаулысы.

1. “Кенесары ханды қайтарамыз!” деп аталатын қозғалысты қолдай отырып, Қазақтың соңғы тәуелсіз мемлекетінің туы мен бүкіл халық сайлаған Кенесары ханның денесін қазақ жеріне қайтаруды - әрбір қазақ өзінің қасиетті парызы деп санаймыз....”

(Abai.kz жұлып тастамаңыздар, бұл мазмұн Айдостың айтқандарына қатысты ғой.)



қайтарыңыз Могиканның көсемінің басын іздеген Чинга чкуктар сияқты..Ұлт қызметі үшін басқа жұмыс құрып қалғандай..Шоқай



Всадники без головы. В Казахстане создано общественное движение "Вернем хана Кене!"
http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1273008240
бұл ессіздерде ми болсайшы, әбден күлкі қылатын болды елімізді. Чинга чкуктар деп атаймын сіздерді. З Батталоваға не жоқ? Н.Әмреқұлов деген тәңіршіде ес жоқ екені о бастан белгілі. Ол ессіз енді Хан Кене туралы фильм түсіреміз деп жатқан көрінеді. Шоқай баласы



Шоқай баласы, сөз саптауың әп-әдемі жігіт екенсің. Бірақ хан Кенеге сонша өшпенділікпен қарайтындай ол саған не істеп еді?



Ұлтымыз бен мемлекетіміздің тағдырына қатысты саяси тұлғалардың және саяси кейіпкерлердің алдында бес жол тұрған секілді:
1. Билікпен өлісей-беріспейтін солшыл ұлтшылдар. олар кезектегі жүйе өзгермей қалғаны *Бейәдеп сөз жазбаңыз!* сөз деп есептейді.
2. Билікпен келіспесе де, халықтық қозғалыстан үрейленетін, халықтың көңілін де қиғысы келмейтін, өгізде өлмейтін, арба да сынбайтын жолмен арадан жол тапқысы келетін оңшыл ұлтшылдар.
3. билікпен келіспейтін, әрі билікке құмар, билікті аударып тастап, Бакиев болғысы келетін - орайшыл ұлтжандысымақтар!
4. Билікпен келісетін, бірақ биліктің қуыршағы ретінде билікке қарсы ойын ойнап, ұлтшылдарды ыдыратып, халықтың бірігуіне қарсы кедергі жасауға тырысатын, байбаламшы, ұраншы, желеуші ит терісін жамылғандар!
5. Биліктің бұралқылары, жандайшаптары, шабармандары, баскесерлері, сескөрсетушілері, құйрық жалаушылар, шашбау көтерушілер, мақтаушылар, ғашықтар, өз орынтағы мен заңсыз жинаған байлығына қауіп төнбесе екен деп билікті қару алып қорғаушылар, Билік сатып алғандығы (Ақшамен, басқамен) себепті билікті ықтай жалдаушылар.

Әрине, мәселе бұларда емес, шынымен Қазақстан билігі қазақ ұлтын басқаруға толымсыз қылмыстың ұясы ма, ондай болса жұлып салу керек. Олай емес болса, билік арқылы халыққа қызымет көрсету керек. бірақ барлығы осыны ойлайды және осы мәселедегі пікірлерінің алауыздығынан біздің саяси кеңістігіміз осындай негізгі саяси күштерге бөлініп кеткен. Кәрілерді білмеймін, студенттердің жетпіс пайызы қазіргі билікке наразы! оларға тек ұлттың жүрегіне айтылған ұран ғана жетіспейді.
--- Біреу



Уа, ағайындар! Бірер өтініш: анайы, былапыт сөздерді қолданбай сөйлеңдерш; өткен Ұлтшылдар құрылтайы бастама ретінде дұрыс болды, оны жоққа шығармай, кемшіліктерін айтып ақыл қоссаңдар, келесі жолына жәрдем болар еді;"коммунисті" жаппай жамандау сөзге айналдырмайық, ол еркектің бәрі алқаш дегендей ғой, коммунистердің арасында еліне, халқына адал қызмет етіп өткендер көп болды, ал Айдос дегеннің "кешірім сұрасын" деп коммунистерге тісін қайрай беретіні-сыңаржақтық.Менің әкем сексен бес жаста, соғысқа қатысты, колхозда шаруа күйттеді, ал мен оған: "Әке, сен коммунист болдың,бізді сорлатқан партияң үшін, давай, менен кешірім сұра!" деуім керек пе? Айдос Ресейдің шовинистерінің ізіне түсіп отыр. Олар мықты болса, Ленин мен Сталин бастаған бәрін тірілтіп алып, кешірім сұратсын. Енді Кенесары басы туралы: естуімше,қырғыздар апарып берген бастан патша темекінің күлін салғаш жасатыпты дейді, ондай болса, оны Ресей ешқашан бермейді, дүние жүзіне масқара болғысы келмейді. "Күлсалғышты" алдық дейін, ол ертеңіңде-ақ қазақтың қырғызға, орысқа өшпенділік құралы болмай ма? Оны көрген жастар қандай жағдайда болады (ересек бізден бұрын)?



Күлсалғыш туралы өте дұрыс жазыпсыз. Қосыламын. Б.Әбдіғали осы комментті оқи ма екен? Кенесарының ескерткішін таратып жүр еді, бір кезде. :-))) Шоқай баласы



енді қайта қайта құрылтай туралы сасыған пікір айта бермеңдерші!құрылтай бітті,көп "қошқардың" басы бір қазанда қайнапты!келесі жолы тағы бірге қайнаса піседі!үміт күтейік!түңіліп қайда барамыз?менше Айдос та ,Дос та Мұхтар Шаханов та ана Ғазиз Алдамжаров та мықты жігіттер!өткен комунистердың ісіне бүгінгілері жауап бермейді!маселе атында емес,затында!қазақ бір қазақ!тегінде Ақ болды,қызыл болды,оның барі сыртқы күштердің айдап салуы!"ақ мысық,қара мысық,бәрі де тышқан алса жақсы мысық!"кім қадай партияда ,қандай ұйымда болады өз еркі.ал олар ұлт үшін жұмыс істесе болды!ал жерді мемілекеттендіру әңгімесі ана қостанай обылысын алып жатқан кулагин,қарағандыны алып жатқан Мадинов сыяқты бәр қазақтың жерін бір ақ адам алып алған.солар сыяқтыларды қайта қарау керек!басқа ұсақ түсек байлар жүре берсін!

Серік Мұратхан ұлы



Айдостың айтқандарын көп жақтыра бермеуші едім, осы жолғысына 100 пайыз қосыламын. Әсіресе НӘН биліктен кетсе ертең жерұйық орнайды деушілерге жақсы тойтарыс беріпті. Дүниеге эмоциямен қарамай нақты көзбен қарайық. БАҚтарда қырғыздың жолын ұстанайық деген ұрандар қаптап жүр. Жақсы болса да жаман болса да НӘНнің азды көпті еңбегі бар, бәрін жоққа шығаруға болмайды ғой.



Дұрыс айтасыз!НӘН кетсе НАНсыз аш болып қаламыз да,Жерұйғымыз тозаққа айналады.Қазіргі қыргыз елі тозаққа айналды.Ел екіге бөлінудің алдында!Құдай Алаш елін сақтасын!Жасасын НҰРСҰЛТАН!!!!!!!



Пікір алынып тасталды!



Не болғанда да, Айдостың пікірлері орынды.....



Арабтар туралы әңгімелердің бәрі қызық деп ойласаңыз, қателесесіз. Ғұндарыңызды да қоя тұрыңыз. Шын қызық қазақтың өз тарихында да жетерлік. Сыздық төре туралы да айтылған әңгіменің еш жаңалығы жоқ. "Қызық" демекші ол арада бір қызық жәйт айтылмай қапты. Сыздық төре қырғыздардан әкесінің ер тұрманын талап етеді. Ол өзі зілдей ауыр нәрсе екен, жәй ат көтере алмағасын, бір шаруа өгізге салып жүр екен. Бері шыққаннан кейін Сыздық төре жолдастарына ерді жарғызады. Іші толған алтын екен. Алтынды серіктеріне бөліп беріп, Сыздық батыр басын ерге салып, еңкілдеп жылаған екен.
Жалпы Сыздық төренің өмірі де ерлікке толы эпопея ғой, әттең соны не жазатын, не киноға түсіретін қазақ табылмағаны...
Ал енді негізгі тақырыпқа оралсақ, алды-артымызға топырақ шашып, бет жыртысқанды қойып, елдігімізді қорғап қалудың амалын қарастырған жөн. Ат төбеліндей ғана ұлтжанды саясаткерлерімізді бір біріне айдап салмай, орынды сөзін қолдап, орынсызын мәдениетті түрде сынап, түзетіп отырып, тізе қоса қимыл жасамасақ, мына ит ырылмен ештеңеге қол жеткізе алмаспыз.
Айдос болсын, қай Дос болсын, шама шарқына қарай халқына қызмет етіп жүргендер. Сонысына рахмет делік. Саясаткерлерін сыйламаған ел өркениеттен ада ел. Улап шулап жүріп "Ел бірлігі" тұжырымдамасы бір жөнге келтірілген сияқты ғой. Құдайға шүкір. Біздің де шырылымыз ескерілген шығар. Сәбит Мұқановтың бір очеркінде Каспийдегі итбалықтар туралы айтылады. Оларды мұз бауырлап жатқан жерінде орыстың аңшылары таяп келіп, шоқпармен соғып өлтіреді екен. Сонда итбалықтар аңшыларды көре салысымен, тура адамша жан ұшыра шыңғыратын көрінеді. Бірақ басқа қарекетке бара алмайды. Біздің қазіргі кейпіміз сол итбалықтардың жағдайын еске салады-ау. Құр шыңғырудан басқа да қарекет жасай алатындар табылып жатса, құба-құп қой.
Ал Айдостың "жаңа ұлтшылдар керек" дегені көңілге қонымды пікір. Әсіресе жастар арасынан. бірақ оларды "көнекөз" саясатшыларға қарсы қоюдың қажеті жоқ. Қалайда бірлесудің амалын жасау керек.
Қабыл



Сыздық төре расында күрескер, ол туралы бір қазақ емес, өзбектер де фильм түсіруі қажет. Сыздық төре туралы фильмді қайдам, Шоқай атамыз туралы да қатырып фильм түсіре алмадық. Жасық, қатынқұмар бір Шоқай шықты ортаға. Ендігі жұрт, жастар Шоқайды осы образда елестетітін болды. Сатыбалды ака бүйтіп кино түсіргенше, жай жүрсе жарар еді. Сыздық туралы фильм түсіріңіздер деп Қазақфильмді қолқаласақ та, тағы солай болар, сол үшін айта көрмеңіз, құдай үшін. Шоқай баласы



Ол фильмге менің де үйдей өкпем бар. Мұстафа Шоқайдың образын ана орыс қатынға және өзбектің жаман шалына тәуелді етіп сипаттағанына қарағанда, "Сатыбалды ака" дегенің орынды сияқты. Бірақ менің өзегімді өртегені ол емес, Әлихан Бөкейханды қалай суреттегені. "Тұла бойынан тектілігі, қазақи өр мінезі, патшаға тән тәккаппарлығы айқын көрініп тұратын, сұлу да сымбатты адамды" (Бұл Сәбит Мұқановтың жұбайы Мәриям апайдың суреттеуі, Сәбең екеуі Мәскеуде Әлекеңді күйеу баласы Садуақасовты жерлеуге барған жерінен көргендегі әсері) - дәуқарын да сұрықсыз бұжыр бет комиссар қылып сомдауы - бұл енді барып тұрған қылмыс. Реті келгесін айтқаным ғой. Ал Сыздық төрені түсіруді өзбектерді қолқалауымыз керек пе?
Қабыл



Жоға өзбекке қолқалайық деп отырғанымыз жоқ. Сыздық төренің өзбектердің Бұхар, Хиуа мемлекеттерін сақтап қалаиын деп олар үшін де жанын шүберекке түйіп соғысқан еңбегі бар емес пе? сол үшін өзбектер де оған міннәтдар болуы керек, аслында. Жалпы ол мұсылман баласын бір бірінен айырмаған шын Ғази (соғыста жеңіп, тірі қалған ветеранды шығыста осылай атайды)кісі ғой. Ол кісінің жеңілісі жеңіліс емес, жеңіске пара-пар. Шоқайұлы



Бұл жігіт биліктің құлағына майдай жағатын пікірлерді айтып отыр. Тіпті кейбір сөз сөйлемдері - биліктегілердің күнде айтып жүрген сөздерінен айнымайды, көшіріп алғандай. Ал енді жақын уақытта Айдекеңнің президент әкімшілігінің маңынан шықпалуы әбден мүмкін. Алдында үлгілер бар ғой. Иртышбаев, Қарин, Әбдіғалиев. Оның алдында Алжас Амарович те оппозицияда болған. Ал осындай адамның Алтынбек Сәрсенбайұлының қорын басқаруы қалай?! Сосын бұл жігіт те әдеп жағы 4 аяғынан ақсап жатыр. Ғазиз Алдамжаров жасы да атқарған қызметтері де үлкен кісі, сыйлы адам. Ал сондай кісіге коммунист деп жаман сөздер айтып "түске дейін педагог, түстен кейін педофил" деп әдепсіз сөздер айту жас жігітке ұят емес пе? Ал қырғыздарға ақыл айтып олармен жұртты қоқытпайық. Ақылды болсақ өз жөнімізді жөндеп алайық. Жалпы біздің халықты үрейлендіріп қорқыту біздің биліктің үйреншікті әдісі. Ойбай Африкада соғыс болып жатыр, Ауғанстанда соғыс болып жатыр, Қарабах, Приднестровияда жанжал болып жатыр, т.б. деп халықтың үрейін ұшырып отырудың мақсаты - тыныш болыңдар, бас көтермеңдер, осындай тыныштық тек НӘН-нің дана басшылығының арқасында болып отыр деп уағыздау. Жалпы қорқақ үрей ұшқан халықты басқару жеңіл. Ондай үріккен халық: аспан ашық болсын. тышытық болсын, соғыс болмасын деп бата береді. Бейне бір айнала сырттан да іштен де жаулар аңдып отырғандай. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, діліміз, тіліміз, дініміз мықты болсын, әл-ауқатымыз өсе берсін деген батаны сирек айтады.
Әңгіме Айдостан шықты ғой. Айдеке билік жағы сенім танып қалды және түсінді. "Жақсы жігіт екен" деп қазір өз жағына тартуды ойластырып жатыр. Сен де ойлана бер.



Біткен іске сыншы көп. Құрылтайды жамандағаннан еш пайда жоқ. Болды, бітті. Ал, доктринаға мәз болмай-ақ қойған жөн. Одан халыққа еш пайда жоқ. Айдосқа, Тоғжановқа, Бақытжан деген *Бейәдеп сөз жазбаңыз!*ке пайдасы болса алда көрерміз. Бірақ, оның өзі неғайбыл. Түкке тұрмайтын бір құжат болып қала береді. Оны тарих ертең-ақ дереу ұмытады.



Пікір алынып тасталды!

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
2 + 0 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>