"Қазақ" сөзінің мағынасы
2 Сәуір 2010
Мақала авторы: 02.04.2010
Төлебек Сейдуәлі-ұлы Қалыбай
«Қазақ» қайдан пайда болған?
1. «Қазақ» сөзі не мағына береді?
Қазақ тарихын зерттеу - «қазақ» сөзінің мағынасын білуден басталады. Қазақтың қайдан пайда болғаны, қандай рухани құндылыққа бірігіп халық ретінде ұйысқаны: бәрінің жауабы осы сөздің ішінде жасырулы. Бүгінгі тарихшылар бұл сөздің не мағына беретінін дәл таба алмай сан-саққа апарып, қисынсыз жорамалдар шығарған. Мысалы, 1) «қаз-ақ», яғни «ақ-қаз» деп; 2) «қазғыш-добытчик» деп; 3) «қай-сақ», «қас-сақ», яғни түбірі «сақ» тайпасының атауы деп, үйлестірмек болады. Мұндағы «қас-сақ» деген болжалды дұрыстау деп санап, қисынсыздығына көз жұмып, «қазақстан тарихы» оқулығына ендіріп те жіберген.
2. «Сақ» деген халық болған ба?
«Сақ» деген атау қайдан шықты, не мағына береді? - деп іздеп көрелікші. «Сақтар» жайлы негізгі дерек көзі – бұл, б.з.б.522-486ж. өмір сүрген парсы патшасы І Дарийдің бұйрығымен сына тәріздес әріппен ойылып жазылған Бехистун жартасындағы бедер. Онда, парсы патшалары Кир, Дарий, Ксеркстердің жорықтары дәріптеліп, ал қарсыласы-«көшпелілерді» кемсіту үшін «сақ» сөзін пайдаланған екен. Кемсіту екеніне төмендегі деректен айқын көз жеткізуге болады.


